Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

114-ТАРАУ

Мәсіх қойлар мен серкелерді соттайды

Мәсіх қойлар мен серкелерді соттайды

МАТАЙ 25:31—46

  • ИСА ҚОЙЛАР МЕН СЕРКЕЛЕР ТУРАЛЫ АСТАРЛЫ ӘҢГІМЕ АЙТТЫ

Зәйтүн тауында отырған Иса қыздар мен күміс тиындар туралы астарлы мәні бар екі әңгіме айтып берген болатын. Енді, өзінің “осында болуы” мен ақыр заманның белгісіне қатысты елшілердің сұрағына берген жауабының соңы қандай болар екен? Ол қойлар мен серкелер туралы астарлы әңгіме айтып берді.

“Ұлылыққа бөленген Адам Ұлы періштелерімен бірге келгенде, салтанатты тағына отырады”,— деп, Иса жағдайды суреттеуден бастады (Матай 25:31). Иса бұл әңгіменің басты кейіпкері өзі екенін анық көрсетті. Себебі ол өзін “Адам Ұлы” деп жиі атайтын (Матай 8:20; 9:6; 20:18, 28).

Астарлы әңгімедегі жайттар қашан орындалады? “Ұлылыққа бөленген” Иса періштелерімен келіп, “салтанатты тағына” отырғанда. Ол бұған дейін де періштелерімен бірге “салтанатты ұлылықпен бұлттарда келетінін” айтқан болатын. Бұл жайт қашан орын алады? “Алапаттан кейін іле-шала” (Матай 24:29—31; Марқа 13:26, 27; Лұқа 21:27). Сонымен аталмыш астарлы әңгімедегі жайттар болашақта Иса ұлылықпен келгенде орындалады. Сосын не болады?

“Адам Ұлы періштелерімен бірге келгенде,.. оның алдына барлық халықтар жиналып әкелінеді. Ол шопанның қойларды серкелерден бөлгеніндей, адамдарды екі топқа бөліп, қойларды оң жағына, серкелерді сол жағына қояды”,— деп түсіндірді Иса (Матай 25:31—33).

Оң жағына қойып, ықыласын білдірген қойларға қатысты Иса: “Сонда Патша оң жағындағыларға былай дейді: — Әкем жарылқағандар, келіңдер! Дүниенің негізі қаланғаннан бері сендер үшін Әкем даярлаған Патшалықты мұра етіңдер”,— деді (Матай 25:34). Патшаның ықыласы неге қойларға түсті?

Мұны Патша былай деп түсіндірді: “Мен аш болғанда тамақ, шөлдегенде су бердіңдер. Бейтаныс болсам да, маған қонақжайлылық таныттыңдар. Киімсіз қалғанымда, киіндірдіңдер. Ауырғанымда, қамқорлық жасадыңдар. Түрмеде отырғанымда, маған келдіңдер”. Әділдерді бейнелеген қойлар бұл жақсылықтарды қалай жасағанын сұрағанда, Патша: “Бұларды ең кіші деген бауырларымның біріне жасағандарың — маған жасағандарың”,— деп жауап берді (Матай 25:35, 36, 40, 46). Көкте ауру мен аштық жоқ болғандықтан, әділдер Патшаға бұл жақсылықтарды көкте жасамайды. Сондықтан әңгіме Исаның жердегі бауырларына жасалатын жақсылық жөнінде болу керек.

Ал сол жағына қойылған серкелерге Патша не деді? “Патша сол жағындағыларға былай дейді: — Менен аулақ кетіңдер, қарғыс атқандар! Сендер Ібіліс пен оның періштелеріне дайындалған мәңгілік отқа түсесіңдер! Өйткені сендер мен аш болғанда тамақ, шөлдегенде су бермедіңдер. Бейтаныс болғанымда, қонақжайлылық танытпадыңдар, киімсіз қалғанымда, киіндірмедіңдер, ауырғанымда және түрмеде отырғанымда, маған қамқорлық жасамадыңдар”,— деді Иса (Матай 25:41—43). Серкелер Мәсіхтің жердегі бауырларына жасау керек жақсылықты жасамағандары үшін осындай үкімге лайық болды.

Сосын елшілер болашақтағы сот үкімінің салдары мәңгілікке жалғасатынын білді. Иса оларға: “Сол кезде ол [Патша]: — Сендерге шындығын айтамын, бұларды ең кіші деген бауырларымның біріне жасамағандарың — маған жасамағандарың,— деп жауап береді. Сөйтіп, олар мәңгілікке жойылады, ал әділдер мәңгілік өмірді иемденеді”,— деді (Матай 25:45, 46).

Иса елшілерінің сұрағына берген жауабында ой жүгіртулері керек көп жайттарды айтты. Бұл оларға көзқарастары мен іс-әрекеттерін тексеруге көмектеспек еді.