Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

115-ТАРАУ

Соңғы Құтқарылу мейрамының қарсаңы

Соңғы Құтқарылу мейрамының қарсаңы

МАТАЙ 26:1—5, 14—19 МАРҚА 14:1, 2, 10—16 ЛҰҚА 22:1—13

  • ЯҺУДА ИСҚАРИОТ ИСАНЫ АҚШАҒА САТТЫ

  • ЕКІ ЕЛШІ МЕЙРАМНЫҢ ДАЙЫНДЫҒЫН ЖАСАДЫ

Иса Зәйтүн тауында төрт елшісіне көп жайттарды түсіндірді. Бұл оның осында болуы мен заманның ақыры жайлы сұраққа берген жауабы болды.

Иса 11 нисан күні көп іс атқарды. Енді, кешке қарай олар Бетанияға қайтып бара жатса керек. Иса елшілеріне: “Екі күннен кейін Құтқарылу мейрамы болатынын білесіңдер. Сонда Адам Ұлы бағанаға ілініп өлтірілу үшін ұстап беріледі”,— деді (Матай 26:2).

Иса келесі күнін — 12 нисан, сәрсенбіні — елшілерімен оңашада өткізген болу керек. Сейсенбі күні ол дінбасыларына сөгіс айтып, оларды жұрт алдында әшкерелеген. Сол үшін олар Исаны өлтірудің амалын іздестіріп жүр. Олай болса, 12 нисанда Исаның неге жұрт көзіне түспегені түсінікті: Ол 14 нисан күні кеш батқанда өтетін Құтқарылу мейрамын елшілерімен бірге тойлауына біреудің кедергі жасағанын қаламайды.

Құтқарылу мейрамының қарсаңы болса да, жоғарғы діни қызметкерлер мен ақсақалдар тыным табар емес. Олар бас діни қызметкер Қаяпаның үйінің ауласына жиналды. Неге? Өздерінің әшкереленгеніне ашуланып, “Исаны айламен ұстап алып, өлтірудің” амалын ойластыруда. Бірақ бұл жоспарын қалай және қашан жүзеге асырмақ? “Мұны мейрамда істемейік, әйтпесе халық көтеріліп кетер”,— десті олар бір-біріне (Матай 26:4, 5). Қорқуларына себеп бар, өйткені Исаны көп адам құрмет тұтады.

Осы аралықта дінбасыларына күтпеген бір қонақ келді. Ол — Исаға ерген елшілердің бірі Яһуда Исқариот. Шайтан оның санасына сатқындық жасауды ұялатқан болатын. Содан Яһуда олардан: “Оны қолдарыңызға түсірсем, маған не бересіздер?”— деп сұрады (Матай 26:15). Бұған қуанып кеткен олар “күміс ақша беруді уәде етті” (Лұқа 22:5). Сонда қанша бермек? Бар болғаны 30 күміс ақша. Бұл бір құлдың құнына, 30 шекелге тең сома болатын (Мұсаның 2-жазбасы 21:32). Осылай дінбасылары Исаны менсінбейтіндерін, түкке тұрғысыз санайтындарын көрсетті. Сол сәттен бастап Яһуда “жұрт жоқ кезде Исаны ұстап берудің қолайлы сәтін іздей бастады” (Лұқа 22:6).

Сәрсенбі күні кеш батқанда 13 нисан басталады. Бұл — Исаның Бетаниядағы алтыншы әрі соңғы түні. Сондай-ақ бұл күн — Құтқарылу мейрамына соңғы дайындықтар жасалатын күн. Тоқты сатып алынып, 14 нисан басталғанда сойылуға және отқа қақтап пісірілуге дайын тұру керек. Қажетті дайындықтарды кім және қай жерде жасамақ? Иса мұның егжей-тегжейін айтқан жоқ. Сондықтан Яһуда жоғарғы діни қызметкерлерге ешқандай мәлімет жеткізе алмады.

Содан Иса бейсенбі күні түске қарай Петір мен Жоханға: “Барып, бізге Құтқарылу мейрамының асын әзірлеңдер”,— деді. Олар болса: “Асты қайда дайындағанымызды қалайсыз?”— деп сұрағанда, Иса былай деді: “Қалаға кіргенде, құмырамен су алып бара жатқан адамды кездестіресіңдер. Соған еріп, ол кірген үйге кіріңдер де, үй иесіне: — Ұстазымыз шәкірттерімен бірге Құтқарылу мейрамының асын ішуге болатын қонақ бөлменің қайда екенін сұрап жатыр,— деңдер. Ол сендерге жоғары қабаттағы әзірленіп қойылған үлкен бөлмені көрсетеді. Асты сол жерге дайындаңдар” (Лұқа 22:8—12).

Үй иесі Исаның шәкірті болса керек. Ол Исадан осындай өтініш келетінін күткенге ұқсайды. Өйткені шәкірттер Иерусалимге келгенде, бәрі Иса айтқандай болды. Содан олар Иса мен оның 12 елшісіне, бар-жоғы 13 адамға, Құтқарылу мейрамының асына қажетті тоқты мен басқа да нәрселерді дайындады.