Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

119-ТАРАУ

Иса — жол, шындық, өмір

Иса — жол, шындық, өмір

ЖОХАН 14:1—31

  • ИСА ОРЫН ДАЙЫНДАУҒА КЕТПЕК

  • ИСА КӨМЕКШІ БЕРУДІ УӘДЕ ЕТТІ

  • ӘКЕСІНІҢ ДӘРЕЖЕСІ ЖОҒАРЫ

Иса әлі де елшілерімен жоғарғы бөлмеде отыр. Мейрамның асын жеп болған соң, елшілерін жігерлендіріп: “Абыржымаңдар. Құдайға сеніңдер, маған да сеніңдер”,— деді (Жохан 13:36; 14:1).

Иса өзінің кететініне адал елшілері неге абыржымау керектігін түсіндіріп, былай деді: “Әкемнің үйінде орын көп... Мен сендерге орын дайындауға бара жатырмын. Барып, орын дайындаған соң, қайтып келіп, өзім болатын жерде болуларың үшін, сендерді үйге алып кетемін”. Алайда Иса көкке кету жайлы айтып тұрғанын елшілер бәрібір ұқпады. Сондықтан Тома: “Ием, қайда бара жатқаныңды білмесек, жолды қалай білеміз?”— деп сұрады (Жохан 14:2—5).

Сонда Иса: “Жол, шындық және өмір — менмін”,— деп жауап берді. Көктегі Әкесінің үйіне Исаны және оның тәлімін қабыл алып, үлгі-өнегесіне еліктеген адам ғана кіре алады. Сондықтан ол: “Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге келе алмайды”,— деді (Жохан 14:6).

Исаны мұқият тыңдап отырған Філіп: “Ием, Әкені көрсетші, бізге сол да жеткілікті”,— деп өтінді. Ол ертедегі Мұса, Ілияс пен Ишая сияқты пайғамбарлардың аянда көрген Құдайдың салтанатын көргісі келсе керек. Бірақ елшілерге мұндай көріністен де зор мәртебе берілген еді. Осыған көңіл аударып, Иса: “Філіп, мен осынша уақыт сендермен біргемін, сонда да мені білмедің бе? Мені көрген адамның Әкені де көргені”,— деді. Иса Әкесінің қасиеттерін айна қатесіз танытты. Сондықтан оның қасында жүріп, іс-әрекетін бақылаған адам көктегі Әкесін де көрді деуге болады. Әрине, Әкесінің дәрежесі Ұлынікінен әлдеқайда жоғары. Осыған нұсқап Иса: “Сендерге өз ойымды айтып жүрген жоқпын”,— деді (Жохан 14:8—10). Тәлімдері үшін бар мадақты Иса Әкесіне жолдайтынына елшілер куә болған.

Иса елшілерінің көз алдында талай керемет жасады және Құдай Патшалығы жайлы ізгі хабарды жариялады. Ал енді оларға: “Маған сенген адам мен жасаған істерді де жасайды, тіпті одан да зор істер жасайды”,— деді (Жохан 14:12). Мұнымен Иса елшілері өзінікінен де зор кереметтер жасайды деп тұрған жоқ. Олардың қызметі әлдеқайда ұзақ, аралайтын аймақтары әлдеқайда кең және уағыздайтын адамдары әлдеқайда көп болатынын айтып тұр.

Иса көкке кетсе де, шәкірттерімен байланысын үзбейді. Өйткені ол: “Менің атымнан не сұрасаңдар да, орындаймын”,— деп уәде етті. Бұған қоса ол шәкірттеріне: “Мен Әкемнен өтінемін, сонда ол сендерге өздеріңмен мәңгі бірге болатын басқа көмекшіні береді. Ол — шындықты ашатын киелі рух”,— деді (Жохан 14:14, 16, 17). Бұл уәде Елуінші күн мейрамында орындалып, олар көмекші болатын киелі рухты алды.

“Енді аз уақыттан кейін осы дүние мені көрмейді, бірақ сендер көресіңдер, өйткені мен өмір сүре беретіндіктен, сендер де өмір сүресіңдер”,— деді Иса (Жохан 14:19). Иса қайта тірілген соң, шәкірттеріне тәндік денеде көрінеді. Ал уақыт өте келе қасында болулары үшін оларды рухани жаратылыстар ретінде көкке қайта тірілтеді.

Сосын Иса: “Кім менің өсиеттерімді қабылдап, орындаса, соның мені сүйгені. Ал мені сүйгенді Әкем сүйеді. Оны мен де сүйіп, өзімді оған танытамын”,— деп қарапайым шындықты айтты. Сонда Тадей деп те аталатын Яһуда: “Ием, неге өзіңізді осы дүниеге емес, бізге танытпақсыз?”— деп сұрады. Иса оған: “Кім мені сүйсе, менің сөзімді орындайды және Әкем оны сүйеді... Ал мені сүймейтін адам сөздерімді орындамайды”,— деп жауап берді (Жохан 14:21—24). Бұл дүниенің адамдары Исаның ізбасарлары сияқты емес: олар Исаны жол, шындық және өмір ретінде мойындағысы келмейді.

Иса жақында кетеді, сонда шәкірттер оның айтқандарын қалай еске түсірмек? “Әкем менің атымнан жіберетін көмекші, киелі рух, сендерге бәрін үйретеді және айтқандарымның бәрін естеріңе түсіреді”,— деп түсіндірді Иса. Елшілер киелі рухтың құдіретін талай рет көрген, сондықтан бұл сөздер олардың көңілдерін тыныштандырды. Сосын Иса: “Мен өздеріңе берген тыныштықты араларыңда қалдырамын... Сондықтан абыржып, бойларыңды үрей билемесін”,— деді (Жохан 14:26, 27). Шәкірттердің абыржуына еш себеп жоқ, өйткені Исаның Әкесі оларға басшылық пен қорғаныш береді.

Құдайдың қорғаныш беретіні көп ұзамай дәлелденбек. “Осы дүниенің билеушісі келе жатыр. Алайда маған оның билігі жүрмейді”,— деді Иса (Жохан 14:30). Ібіліс Яһуданың бойын билеп, оны өз ырқына көндірді. Бірақ ол Исаны Құдайға қарсы қоя алмайды. Себебі Исаның бойында Шайтан қолданып қалатындай ешбір мін не әлсіздік жоқ. Тіпті Шайтан Исаны біржолата өлтіре де алмайды. Неге? Иса “Әкесі нені өсиет етсе, соны орындаған”. Сол үшін Әкесі оны міндетті түрде қайта тірілтеді (Жохан 14:31).