Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

123-ТАРАУ

Жаны өлердей қайғырғанда Иса дұға етті

Жаны өлердей қайғырғанда Иса дұға етті

МАТАЙ 26:30, 36—46 МАРҚА 14:26, 32—42 ЛҰҚА 22:39—46 ЖОХАН 18:1

  • ИСА ГЕТСИМАНИ БАҒЫНДА

  • ОНЫҢ ТЕРІ ҚАН ТАМШЫЛАРЫНДАЙ ЖЕРГЕ ТАМДЫ

Иса дұғасын аяқтаған соң, адал елшілерімен “Құдайды мадақтап әндер айтты да”, Зәйтүн тауына қарай жүріп кетті (Марқа 14:26). Бәрі Иерусалимнің шығысындағы Исаның жиі баратын Гетсимани бағына беттеді.

Зәйтүн ағаштары жайқалып өскен баққа келгенде, Иса сегіз елшісіне: “Мен ана жерге барып дұға айтып келгенше, осында отыра тұрыңдар”,— деді. Соған қарағанда, оларды бақтың кіреберісінде қалдырды. Тек Петірді, Жақып пен Жоханды ертіп, бақтың ішіне кіріп кетті. Бір уақытта қатты мазасы кеткен Иса әлгі үшеуіне: “Жаным өлердей қайғырып тұр. Сендер осында қалып, менімен бірге сергек болыңдар”,— деді (Матай 26:36—38).

Иса олардан әрірек барды да, дұға ету үшін “етпетінен жығыла кетті”. Осындай қиын кезде ол Құдайға не айтты? “Әке, сенің қолыңнан бәрі келеді, бұл тостағаннан маған ішкізе көрме. Бірақ менің емес, сенің қалауың болсын”,— деді (Марқа 14:35, 36). Мұнымен Иса не дегісі келді? Құтқарушы болудан бас тартқысы келді ме? Әлбетте, жоқ!

Иса көкте болған кезінде, Рим билеушілерінің адамдарға қаншама қиянат жасағанын, оларды аяусыз өлтіргенін көрген. Қазір Исаның өзі ет пен сүйектен жаратылған адам, әрі азап шегу сияқты сезімдер оған жат емес. Сондықтан ол өлгісі келіп тұрған жоқ. Бірақ бәрінен бұрын Исаның жанын қатты қинап тұрған — жексұрын қылмыскер ретінде өлімге кесіліп, Әкесінің атына кір келтіруі мүмкін деген ой. Бірнеше сағаттан соң оны Құдайға тіл тигізген адам ретінде бағанаға шегелеп өлтіреді.

Иса дұға айтып болған соң, үш елшісіне келсе, олар ұйықтап қалған екен. Сонда ол Петірге: “Ең болмағанда бір сағат менімен бірге ұйықтамай отыра алмағаның ба? Азғырылмау үшін сергек болып, сиынып мінажат етіңдер!”— деді. Иса елшілерінің қатты шаршағанын және уақыттың кеш екенін түсініп тұр. Сондықтан: “Рух дайын болғанмен, тән осал”,— деді (Матай 26:40, 41).

Сосын Иса дұға етуге тағы да кетіп қалды. Осы жолы Әкесінен “бұл тостағанды” ішкізе көрмеуін сұрады. Қайтып келсе, үш елшісі азғырылмау үшін дұға етудің орнына, тағы да ұйықтап қалған екен. Иса тіл қатқанда, “олар оған не дерін білмеді” (Марқа 14:40). Иса үшінші рет әрірек барып, тізе бүгіп отырды да, Құдайға дұға етті.

Қылмыскер болып өлгені Әкесінің есімін кірлейтінін ойлап Иса қатты уайымдады. Ұлының дұғасын Ехоба естіп, оны нығайту үшін көктен періштесін жіберді. Иса сонда да дұға айтуын тоқтатпады, тіпті “одан бетер қатты жалбарынды”. Өзінің мәңгілік өмірі мен бүкіл адамзаттың мәңгілік өмірі шешілетін сын сағат келіп жеткен. Мойнына жүктелген жауапкершілік орасан зор. Сондықтан ішкі күйзелісінің қатты болғаны сонша — “тері қан тамшылары сияқты жерге тамып жатты” (Лұқа 22:44).

Иса үшінші рет елшілеріне оралғанда, олардың тағы да ұйықтап қалғандарын көрді. “Осындай уақытта ұйықтап, демалып жатырсыңдар ма?! Міне, Адам Ұлы күнәкарлардың қолына ұстап берілетін уақыт жақындап қалды. Тұрыңдар, кеттік! Міне, маған опасыздық жасайтын адам таяп қалды”,— деді ол (Матай 26:45, 46).