Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

124-ТАРАУ

Мәсіхке опасыздық жасалды және ол тұтқындалды

Мәсіхке опасыздық жасалды және ол тұтқындалды

МАТАЙ 26:47—56 МАРҚА 14:43—52 ЛҰҚА 22:47—53 ЖОХАН 18:2—12

  • ЯҺУДА ИСАҒА ОПАСЫЗДЫҚ ЖАСАДЫ

  • ПЕТІР БІР КІСІНІҢ ҚҰЛАҒЫН ШАУЫП ТҮСІРДІ

  • ИСА ТҰТҚЫНҒА АЛЫНДЫ

Түн ортасынан ауған кез. Діни қызметкерлер Яһудаға Иса үшін 30 күміс ақша беруге келіскен. Содан Яһуда жоғарғы діни қызметкерлер мен парызшылдардың тобырын ертіп, Исаны іздеуге шықты. Олардың қасында мыңбасыға ерген қарулы Рим сарбаздары да бар.

Иса жіберген соң, Яһуда Құтқарылу мейрамының асынан шығып, тіке жоғарғы діни қызметкерлерге барғанға ұқсайды (Жохан 13:27). Олар өз сақшыларымен қоса бір топ сарбазды жинап, Яһудаға ерген болатын. Яһуда оларды алдымен Құтқарылу мейрамын тойлаған жоғарғы бөлмеге апарса керек. Исаны үйден таппаған соң, баққа қарай бет алған. Қазір олар Қидрон аңғарынан өтіп келе жатыр. Исаны іздеген тобырдың қолында қару-жарақпен қоса, шам мен алау бар.

Яһуда тобырды Зәйтүн тауына бастап келе жатқанына қарағанда, Исаның бақта екеніне сенімді. Себебі соңғы аптада Иса елшілерімен Бетаниядан Иерусалимге барып-келіп жүргенде, Гетсимани бағына жиі тоқтайтын. Қазір түнгі уақыт, Иса зәйтүн ағаштарының тасасында отырған болуы мүмкін. Онда Исаны ешқашан көрмеген сарбаздар оны қалай таниды? Яһуда оларға белгі беретін болып: “Мен кімнің бетінен сүйсем, ол — сол кісі. Соны тұтқындап, қашып кетпеуін қадағалаңдар”,— деді (Марқа 14:44).

Яһуда үлкен тобырмен бақтың ішіне кіргенде, Исаның елшілерімен тұрғанын көріп, қастарына барды. “Амансыз ба, Ұстаз!”— деді де, ақырын ғана бетінен сүйді. “Достым, мұнда не үшін келдің?”— деді Иса (Матай 26:49, 50). Сосын Иса өз сұрағына өзі жауап беріп: “Яһуда, Адам Ұлына бетінен сүйіп опасыздық жасап тұрсың ба?”— деді (Лұқа 22:48). Бұдан кейін ол опасыз сатқынға қайтып көңіл бөлген жоқ.

Енді, Иса шам мен алау ұстағандарға жақын келіп: “Кімді іздеп жүрсіңдер?”— деп сұрады. Араларынан біреу: “Назареттік Исаны”,— деп жауап бергенде, Иса еш сескенбестен: “Ол — менмін”,— деді (Жохан 18:4, 5). Әрі қарай не боларын білмей сасқан олар артқа шегініп барып, құлап түсті.

Сол сәтте Иса қараңғылықты пайдаланып қашып кетуіне болар еді. Бірақ ол қайта: “Кімді іздеп жүрсіңдер?”— деп сұрады. Олар: “Назареттік Исаны”,— дегенде, Иса: “Мен солмын деп айттым ғой. Іздеп жүргендерің мен болсам, мыналарға тимеңдер, кете берсін”,— деді. Осындай қиын сәтте Иса “маған берілгендердің ешқайсысын да жоғалтпаймын” деген уәдесін ұмытпады (Жохан 6:39; 17:12). Сондықтан ол адал ізбасарларына тиіспеуді сұрап тұр. Осылайша Иса адал елшілерін сақтап қалды. Тек “жойылуы тиіс адам” — Яһуда ғана жоғалды (Жохан 18:7—9).

Сарбаздар орындарынан тұрып, Исаға жақындай бастағанда, елшілер істің насырға шапқанын түсінді (Лұқа 22:49). Иса тіл қатқанша болған жоқ, Петір елшілер әкелген екі семсердің бірін алды да, алдындағы адамға тап беріп, құлағын шауып түсірді. Ол бас діни қызметкердің құлы Мәлік деген кісі еді.

Иса Мәліктің құлағына қолын тигізіп, сауықтырып жіберді. Артынша Петірге: “Семсеріңді қынабына сал! Қолына семсер алғандардың бәрі семсерден өледі”,— деп маңызды шындықты айтты. Тұтқындалудан қашпайтынын түсіндіру үшін, Иса: “Онда осылай болу керектігі айтылған Жазбалар қалай орындалмақ?”— деді (Матай 26:52, 54). Сосын: “Әкем берген тостағаннан ішуім керек емес пе?”— деп қосты (Жохан 18:11). Иса өлуге тура келсе де, өзіне қатысты Әкесінің еркін орындауға дайын.

Өзін іздеп келген тобырға қарап Иса: “Қарақшыны ұстауға келгендей, семсер, сойылмен келгендерің қалай? Күн сайын ғибадатханада тәлім беріп, қастарыңда болғанымда тұтқындамап едіңдер. Бірақ мұның барлығы пайғамбарлар жазбалары жүзеге асу үшін болды”,— деді (Матай 26:55, 56).

Сол кезде сарбаздар, мыңбасы және яһуди басшылары жіберген сақшылар Исаны ұстап алып, қолын байлады. Мұны көрген елшілер қаша жөнелді. Алайда бір жас жігіт (Марқа болса керек) Исаны тұтқындаған тобырдың арасында қалды (Марқа 14:51). Олар жігітті танып қойып, ұстап алмақ болғанда, ол жамылғысын тастай сала қаша жөнелді.