Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

128-ТАРАУ

Пилат пен Ирод Исадан еш кінә таппады

Пилат пен Ирод Исадан еш кінә таппады

Пилаттың алдында Иса өзінің патша екенін жасыруға тырыспады. Алайда оның Патшалығы Римге еш қауіп төндірмейтін. “Менің Патшалығым осы дүниелік емес,— деді Иса. — Егер осы дүниелік болса, қызметшілерім яһудилердің қолына түспеуім үшін күресер еді. Бірақ менің Патшалығым осы дүниелік емес” (Жохан 18:36). Иә, Исаның Патшалығы бар, бірақ ол осы дүниелік емес.

Бұл жауапты қанағат тұтпай: “Сонымен, патшасың ғой?”— деп сұрады Пилат. Оның дұрыс тұжырымға келгенін білдіру үшін, Иса былай деді: “Патша екенімді өзіңіз айтып тұрсыз. Мен шындық туралы куәлік ету үшін туылдым, сол үшін осы дүниеге келдім. Шындықты жақтайтын әркім менің даусыма құлақ салады” (Жохан 18:37).

Кезінде Иса Томаға: “Жол, шындық және өмір — менмін”,— деген болатын. Ал енді, жерге “шындықты”, әсіресе Патшалық туралы шындықты, паш етуге келгенін Пилатқа айтып тұр. Иса осы шындыққа, тіпті өлуге тура келсе де, адал болып қалуға бекінген еді. Пилат одан: “Шындық деген не?”— деп сұрады, бірақ жауабын күтпеді. Өйткені шешім шығаруға мәлімет жеткілікті деп ойлады (Жохан 14:6; 18:38).

Пилат сарайдың сыртында күтіп тұрған жұрттың алдына шықты. Бұл кезде Иса оның жанында тұрса керек. Жоғарғы діни қызметкерлер мен қасындағыларға: “Мен бұл адамнан еш кінә таппай тұрмын”,— деді. Мұндай шешімді ұнатпаған тобыр ашуланып: “Ол бүкіл Яһудея бойынша, Ғалилеядан бастап тіпті осы жерге дейін тәлім беріп, халықты дүрліктіріп жүр”,— деп тұрып алды (Лұқа 23:4, 5).

Пилат яһудилердің осыншама надандығына аң-таң болған шығар. Жоғарғы діни қызметкерлер мен ақсақалдар шулап қоймаған соң, ол Исадан: “Саған қарсы қаншама куәлік келтіріп жатқандарын естіп тұрсың ба?”— деп сұрады (Матай 27:13). Иса бұған жауап беруді жөн көрмеді. Ауыр айып тағылғанына қарамастан, Исаның сабыр сақтағанына Пилат таңғалды.

Яһудилердің сөзіне қарағанда, Иса тәлім беруін “Ғалилеядан бастаған”. Демек, ол — ғалилеялық. Мұны Пилат білгенде, Исаны соттау жауапкершілігінен құтылудың амалын тапты. Ғалилеяның әміршісі — Ирод Антипас (Ұлы Иродтың баласы) Құтқарылу мейрамын тойлау үшін Иерусалимге келген болатын. Сондықтан Пилат Исаны соған жіберді. Кезінде Ирод Антипас Жақияның басын алдырған. Кейіннен Исаның кереметтер жасап жүргенін естігенде, ол қайта тірілген Жақия болуы мүмкін деп ойлап жүрген (Лұқа 9:7—9).

Исаны көру мүмкіндігі туғанына Ирод қуанып қалды. Исаға көмектескісі келгендіктен немесе оған тағылған айыптың рас-өтірігін шындап анықтағысы келгендіктен емес, жай қызық үшін көргісі келді. Оның үстіне, Иса “өзіне керемет көрсетер деп үміттенді” (Лұқа 23:8). Алайда ол Иродтың қалауын орындамады. Ирод оған бірнеше сұрақ қойғанда, Иса үндемеді. Ирод пен сарбаздарының ойы іске аспай қалған соң, Исаны “қорлауға” көшті (Лұқа 23:11). Оған әдемі киім кигізіп, мазақ етті. Сосын Исаны қайтып Пилатқа жіберді. Бір-бірімен жауласып жүрген Ирод пен Пилат осылай жақсы дос бола қалды.

Исаны Пилатқа қайтадан алып келгенде, ол жоғарғы діни қызметкерлерді, яһуди билеушілері мен халықты жинап, оларға: “Мен оны алдарыңда тергеп, сендер таққан айыптарға еш негіз таппадым. Ирод та таппай, оны қайтадан бізге жіберді. Ол өлім жазасына кесетіндей ешқандай қылмыс жасаған жоқ. Сондықтан оны жазалап, босатып жіберемін”,— деді (Лұқа 23:14—16).

Пилат оны босатқысы келді, өйткені оны діни қызметкерлер көреалмаушылықтан ұстап беріп тұрғанын түсінді. Оны босатуға тағы бір себеп пайда болды. Төрелік орнында отырғанда, оған әйелі хабар жіберіп: “Сол әділ адамға ештеңе істей көрме, өйткені бүгін түсімде [Құдайдан болса керек] сол үшін азап шегіп, қатты қиналдым”,— деді (Матай 27:19).

Пилат Исаның кінәсіз адам екенін қалай түсінді?