Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

136-ТАРАУ

Ғалилея теңізінің жағасында

Ғалилея теңізінің жағасында

ЖОХАН 21:1—25

  • ИСА ҒАЛИЛЕЯ ТЕҢІЗІНІҢ ЖАҒАСЫНДА КӨРІНДІ

  • ПЕТІР МЕН БАСҚА ЕЛШІЛЕР “ҚОЗЫЛАРДЫ БАҒУ” КЕРЕК

Иса елшілерімен болған соңғы түні: “Мен қайта тірілгеннен кейін, сендерден бұрын Ғалилеяға барамын”,— деген болатын (Матай 26:32; 28:7, 10). Содан ізбасарларының көбі жолға шығып, Ғалилеяға барды. Бірақ олар мұнда не істемек?

Петір алты елшімен бірге отырғанда: “Мен балық аулауға бара жатырмын”,— деді. Сонда олар: “Біз сенімен барамыз”,— деді (Жохан 21:3). Сөйтіп, елшілер теңізге шығып, түні бойы түк ұстай алмады. Таң ата жаға жақтан Иса көрінді, бірақ елшілер оны танымады. Иса бұларға дауыстап: “Балалар, жейтін бірдеңелерің бар ма?”— деп сұрады. Бұлар: “Жоқ!”— деп жауап бергенде, Иса: “Ауды қайықтың оң жағына салыңдар, сонда ұстайсыңдар”,— деді (Жохан 21:5, 6). Айтқанындай істеп еді, ауға көп балық түсіп, оны тартып шығара алмай қалды.

“Бұл — Иеміз ғой!” — деді Жохан Петірге (Жохан 21:7). Айтқаны сол-ақ екен, Петір сырт киімін беліне байлай сала, суға секіріп, 90 метрдей қашықтықтағы жағаға жүзіп кетті. Қайықта қалғандар балыққа толы ауды сүйретіп, жағаға жылжыды.

Жағаға шыққанда, олар шоқтың үстіндегі балықты және жанында жатқан нанды көрді. Иса оларға: “Қазір ұстаған балықтарыңнан әкеліңдер”,— деді. Петір ауды жағаға шығарып еді, онда үлкен-үлкен 153 балық бар екен. Сосын Иса: “Келіңдер, таңғы астарыңды жеп алыңдар”,— деді. Ешқайсысы одан: “Кімсің?”— деп сұрауға бата алмады, өйткені оның Иса екенін түсінді (Жохан 21:10—12). Бұл Исаның шәкірттеріне үшінші рет көрінуі еді.

Иса әрқайсысына нан мен балық ұсынды. Сосын Иса, жерде жатқан балықтарға қараса керек, Петірден: “Жохан ұлы Шимон, мені мыналарға қарағанда көбірек жақсы көресің бе?”— деп сұрады. Петір балық аулау кәсібін Иса тапсырған істен көбірек жақсы көрер ме екен? Петір: “Иә, Ием, сізді жақсы көретінімді білесіз ғой”,— деп жауап берді. Иса оған: “Онда тоқты-қозыларыма азығын бер”,— деді (Жохан 21:15).

Иса тағы да: “Жохан ұлы Шимон, мені жақсы көресің бе?”— деп сұрады. Петір түсінбей қалса керек, Исаға: “Иә, Ием, сізді жақсы көретінімді білесіз ғой”,— деп сенімді түрде жауап берді. Иса: “Қозыларымды бақ”,— деп тапсырды (Жохан 21:16).

Иса үшінші рет: “Жохан ұлы Шимон, мені жақсы көресің бе?”— деп сұрады. Иса адалдығына күмәнданып тұр деп ойласа керек. Сондықтан Петір салмақты үнмен оған: “Ием, сіз бәрін білесіз, сізді жақсы көретінімді де білесіз”,— деді. Иса бұл жолы да Петірдің міндетіне баса назар аударып: “Қозыларыма азығын бер”,— деді (Жохан 21:17). Демек, басшылықты қолға алғандар Құдайдың отарына қызмет етулері керек.

Исаны Құдайдың тапсырмасын орындағаны үшін байлап әкетіп, өлімге кескен болатын. Енді, Петірді де осындай өлім күтіп тұрғанын білген Иса былай деді: “Жас кезіңде өзің киініп, қалаған жағыңа бардың. Ал қартайғанда қолыңды созып тұрасың, сені басқа біреу киіндіріп, барғың келмеген жаққа алып кетеді”. Сосын: “Бұдан былай да соңымнан еріп жүр”,— деп, оны берілмеуге шақырды (Жохан 21:18, 19).

Петір ілесіп келе жатқан елші Жоханды көргенде, Исаға: “Ием, ал мынау ше?”— деді. Шынында да, Исаның ерекше жақсы көретін елшісінің болашағы қандай болмақ? Исаның жауабы мынадай болды: “Мен келгенше, оның осында болғанын қаласам, солай болады, оны қайтесің? (Жохан 21:21—23). Басқалар не істемесін, Петір Исаның соңынан еріп жүре беруі керек. Дегенмен, Иса жоғарыдағы сөзімен Жоханның өзге елшілерден ұзағырақ өмір сүріп, Исаның Патшалық билігіне келуі жайлы аян алатынын білдірді.

Әрине, Иса бұдан басқа да көп істер жасады. Оның бәрі жазыла берсе, жазылған шиыршықтарға сан жетпес еді.