Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

139-ТАРАУ

Иса Жұмақ орнатады және тапсырылған істі түгел аяқтайды

Иса Жұмақ орнатады және тапсырылған істі түгел аяқтайды

ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 1-ХАТ 15:24—28

  • ҚОЙЛАР МЕН СЕРКЕЛЕРГЕ ШЫҒАРЫЛҒАН ҮКІМ

  • КӨП АДАМ ЖЕР БЕТІНДЕГІ ЖҰМАҚТА ӨМІР СҮРЕДІ

  • ИСА ЖОЛ, ШЫНДЫҚ, ӨМІР ЕКЕНІН ДӘЛЕЛДЕЙДІ

Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін көп ұзамай-ақ Иса жауының қарсылығына кезіккен болатын. Шайтан оның қызметін басталмай жатып тоқтатпақ болып, бірнеше рет сынаған. Кейінірек Иса жауына қатысты: “Дүниенің билеушісі келе жатыр. Алайда маған оның билігі жүрмейді”,— деген сөздер айтқан (Жохан 14:30).

Елші Жохан аянда “алып айдаһарға, Ібіліс әрі Шайтан деп аталған ежелгі жыланмен” не болатынын көрді. Адамзаттың қас жауы көктен қуылып, “өз уақытының аз қалғанын білгендіктен қатты ашулы” болады (Аян 12:9, 12). Бүгінде мәсіхшілер сол “аз уақыт қалған” кезде өмір сүріп жатқандарына кәміл сенеді. Сондай-ақ “алып айдаһар әрі ежелгі жыланның” жақында тұңғиыққа тасталып, Құдай Патшалығының 1000 жылдық билігі кезінде оның әрекетсіз күйде болатынына сенімді (Аян 20:1, 2).

Мың жылдың ішінде жер бетінде қандай жайттар орын алады? Сол кезде кімдер өмір сүреді? Бұған Исаның өзі қойлар мен серкелер туралы астарлы әңгімесінде жауап беріп: “Олар [серкелер] мәңгілікке жойылады, ал әділдер мәңгілік өмірді иемденеді”,— деді. Демек, қойларға теңелген әділ адамдар Исаның бауырларына көмектесіп, олармен қызметтескені үшін өмірге ие болады, ал қарсылық көрсеткені үшін серкелерге теңелгендер жойылады (Матай 25:46).

Бұл бізге Исаның бағанаға ілінген қылмыскерге айтқан сөзін түсінуге көмектеседі. Айта кететін бір жайт, Иса оған адал елшілерінің алатын сыйын, яғни көктегі Патшалыққа кіруді уәде еткен жоқ. Қылмысына өкінген кісіге: “Бүгін саған шындығын айтамын, менімен бірге жұмақта боласың”,— деп уәде етті (Лұқа 23:43). Демек, ол адам Жұмақта, яғни керемет баққа айналған жер бетінде өмір сүреді. Олай болса, қойға теңелген адамдар мен “мәңгі өмірге” ие болатындар да жер бетіндегі Жұмақта өмір сүреді деу қисынды.

Мұндай түсінік елші Жохан көрген көрініспен де үйлеседі. Ол жер бетінде орын алатын жағдайды суреттеп, былай деп жазған: “Міне, Құдайдың тұрағы адамдар арасында! Ол солармен бірге тұрып, олар оның халқы болмақ. Осылай Құдайдың өзі солармен бірге болады. Сонда Құдай олардың көзіндегі әрбір жасты сүртіп тастайды, енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Бұрынғы жайттар құрып жоқ болды” (Аян 21:3, 4).

Исаның қасындағы бағанаға ілінген қарақшы жер бетіндегі Жұмақта өмір сүру үшін қайта тіріледі. Өмірге оралатын жалғыз ол емес. Өйткені Иса былай деп ашық айтқан: “Қабірдегілердің бәрі оның даусын еститін уақыт келе жатыр, сонда олар қабірден шығады. Жақсылық жасағандар өмір сүру үшін, ал зұлымдық жасағандар сотталу үшін тіріледі” (Жохан 5:28, 29).

Адал елшілер мен көкте Исаның қасында болатын шағын топ жайлы не деуге болады? Олар жайлы Киелі кітапта: “Құдай мен Мәсіхтің діни қызметкерлері болып, Мәсіхпен бірге 1000 жыл бойы патшалық етеді”,— делінген (Аян 20:6). Мәсіхтің қасындағы патшалар жерде өмір сүрген ер және әйел адамдардан құралады. Сондықтан олар жер бетінде өмір сүретін адамдарға жанашырлықпен және түсінушілікпен билік етеді (Аян 5:10).

Иса құрбан еткен өмірінің құнын қолданып, адамзатты күнәнің қарғысынан құтқарады. Иса мен оның қасындағы билеушілер адал адамдарды кемелді де мінсіз күйге жеткізеді. Сонда адамзат Құдайдың о баста, яғни Адам ата мен Хауа ананы жаратқанда, ниет еткен өмірдің рақатын көреді. Адам атаның күнәсінің салдарынан болған өлім де біржолата жойылады!

Осылайша Иса Ехоба Құдайдың өзіне тапсырған барлық ісін жүзеге асырады. Мыңжылдық билігінің соңында ол Патшалықты да, кемелділікке жеткізілген адамзатты да Әкесінің қолына тапсырады. Исаның кішіпейілділікпен атқарған керемет ісі жайлы елші Пауыл былай деп жазды: “Құдай өз Ұлына бәрін бағындырған соң, Ұлы да өзіне бәрін бағындырған Құдайға бағынатын болады. Осылайша Құдай бірден-бір Билеуші болмақ” (Қорынттықтарға 1-хат 15:28).

Құдайдың ұлы ниетін жүзеге асыруда Исаның маңызды қызмет атқаратыны анық. Уәде еткендерінің бәрі орындалып, мәңгілікке жалғасып жатқанда, Исаның “жол, шындық және өмір — менмін” деген сөздерінің растығы дәлелденеді (Жохан 14:6).