Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

70-ТАРАУ

Туылғаннан зағип кісіні сауықтырды

Туылғаннан зағип кісіні сауықтырды

ЖОХАН 9:1—18

  • ИСА ЗАҒИП БОЛЫП ТУЫЛҒАН ҚАЙЫРШЫНЫ САУЫҚТЫРДЫ

Иса әлі де Иерусалимде. Демалыс күні ол шәкірттерімен қалада келе жатып, туылғаннан зағип бір кісіні көрді. Шәкірттер Исадан: “Ұстаз, мынаның зағип болып туылғанына өз күнәсі себеп болды ма, әлде әке-шешесінікі ме?”— деп сұрады (Жохан 9:2).

Шәкірттер ана құрсағындағы шарананың күнә жасауы мүмкін бе, жоқ па — соны білгісі келсе керек. “Оның өзі де, әке-шешесі де күнә жасаған жоқ. Алайда осы жайт арқылы Құдайдың ісі паш етілмек”,— деп жауап берді Иса (Жохан 9:3). Демек, әлгі кісінің зағип болып туылуына өзінің не ата-анасының қандай да бір қылмысы не күнәсі себеп болған жоқ. Адамдар Адам ата жасаған күнәнің салдарынан кемелсіз болып, әлгі зағип сияқты кемтар болып туылуы мүмкін. Дегенмен осы жағдай Исаға Құдайдың құдіретті ісін көрсетуге мүмкіндік берді. Бұған дейін де Иса осы мақсатпен талай адамды сауықтырған еді.

Иса осы істерінің шұғыл атқарылу керектігіне назар аударып, былай деді: “Әлі күндіз болып тұрғанда, мені жібергеннің ісін атқаруымыз керек. Қараңғы түсіп келеді, ол уақытта ешкім ештеңе істей алмайды. Осы дүниеде тұрған шағымда мен дүние үшін жарықпын” (Жохан 9:4, 5). Иә, жақында Иса өліп, қабірге қойылады. Қабірде ол ештеңе істей алмайды. Сол кезге дейін ол дүние үшін жарықтың көзі болмақ.

Сонымен Иса зағип кісіні сауықтырар ма екен? Ол жерге түкірді де, балшық жасап, әлгінің көзіне жақты. Сосын оған: “Силоғам хауызына бар да, жуып таста”,— деді (Жохан 9:7). Зағип Исаның айтқанын істегенде, көзі ашылды. Ол өмірінде алғаш рет жарық дүниені көрді. Неткен ғажап!

Оның зағип екенін білетін көршілері мен басқалар таңғалып: “Мынау осы жерде қайыр сұрап отыратын адам емес пе?”— десті. Кейбіреулері: “Иә, сол”,— десе, өзгелері: “Жоқ, бұл соған ұқсайтын біреу”,— деді. Сонда әлгі адамның өзі: “Мен солмын”,— деп жауап берді (Жохан 9:8, 9).

Жұрт: “Қалайша көзің көретін болды?”— деп сұрай бастады. “Иса деген кісі балшық жасап, көзіме жақты да: — Силоғамға барып, жуып таста,— деді. Мен барып, жуып едім, көзім көретін болды”,— деп жауап қайырды. Сонда олар: “Ол адам қайда?”— дегенде, қайыршы: “Білмеймін”,— деді (Жохан 9:10—12).

Адамдар әлгіні парызшылдарға апарғанда, олар бұдан көзінің қалай көріп кеткенін сұрады. “Сол кісі көзіме балшық жақты. Мен оны жудым да, көретін болдым”— деп түсіндірді. Көзі ашылған қайыршының қуанышына парызшылдар ортақтасса жарасар еді. Алайда олардың кейбірі: “Ол Құдайдан келмеген, өйткені Демалыс күнінің ережесін орындамайды”,— деп Исаны айыптауға көшті. Басқалары болса: “Күнәкар адам қалайша мұндай кереметтер жасай алады?”— десті (Жохан 9:15, 16). Осылай олар өзара жікке бөлінді.

Өзара келісе алмаған соң, парызшылдар зағип болған кісіге бұрылып: “Көзіңді ашқан адам туралы не ойлайсың?”— деп сұрады. Исаға сенгендіктен: “Ол — пайғамбар”,— деп жауап берді (Жохан 9:17).

Парызшылдар сенгісі келмеді. Олар бұл оқиғаны Иса мен әлгі кісінің алдын ала жоспарлаған айласы деп ойласа керек. Сондықтан істің бетін ашу үшін, қайыршының ата-анасынан мән-жайды сұрастырмақ болды.