Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

71-ТАРАУ

Парызшылдар зағип болған кісімен текетіресті

Парызшылдар зағип болған кісімен текетіресті

ЖОХАН 9:19—41

  • КӨЗІ АШЫЛЫП САУЫҚҚАН КІСІМЕН ПАРЫЗШЫЛДАР ТЕКЕТІРЕСТІ

  • “СОҚЫР” ДІНБАСЫЛАР

Парызшылдар Исаның зағип адамды сауықтырғанын мойындағылары келмей, оның ата-анасын шақыртты. Олар парызшылдарға жақпай қалса, өздерінің “мәжілісханадан шығарылуы” мүмкін екенін білетін (Жохан 9:22). Ал яһудилердің арасынан аластатылған отбасы әлеуметтік жағынан да, қаржылай да қатты қиындық көрер еді.

Парызшылдар зағип болған кісінің ата-анасынан: “Зағип болып туылды деген ұлдарың осы ма? Ол қалайша көретін болды?”— деп сұрады. Сонда олар: “Мұның ұлымыз екенін және зағип болып туылғанын білеміз. Бірақ қалай көретін болғанын да, көзін кім ашқанын да білмейміз”,— деп жауап берді. Ұлдары болған жайды айтып берген күннің өзінде, олар сақтықпен: “Өзінен сұраңыздар. Бала емес қой, өзі айтып берсін”,— деді (Жохан 9:19—21).

Парызшылдар сауыққан адамды қайтып шақыртып: “Құдай алдында шыныңды айт! Біз сол адамның күнәкар екенін білеміз”,— деді. Осылай Исаға қарсы дәлел бар дегенге меңзеп, оны қорқытпақшы. Бірақ әлгі кісі: “Ол күнәкар ма, жоқ па, білмеймін. Бар білетінім — зағип едім, ал қазір көретін болдым”,— деп, олардың айыптауы орынсыз екенін көрсетті (Жохан 9:24, 25).

Мәселенің осымен біткенін қаламаған парызшылдар тағы да: “Ол саған не істеді? Көзіңді қалай ашты?”— деп сұрады. Сонда зағип болған кісі тайсалмастан: “Сіздерге айттым ғой, бірақ тыңдамадыңыздар. Неге бұны тағы естігілеріңіз келеді? Әлде сіздер де оның шәкірті болғыларыңыз келе ме?”— деп жауап қайырды. Бұған зығырданы қайнаған парызшылдар: “Өзің соның шәкіртісің, ал біз Мұсаның шәкіртіміз! Біз Құдайдың Мұсамен сөйлескенін білеміз, ал әлгі адамның қайдан екенін білмейміз”,— деді (Жохан 9:26—29).

Мұндай жауапқа ол өзінің таңғалғанын жасырмай: “Оның қайдан екенін білмейтіндеріңіз қызық екен. Ол менің көзімді ашты ғой”,— деді. Сосын Құдайдың қандай адамды тыңдайтынына және қолдайтынына қисынды уәж келтіріп, былай деді: “Құдайдың күнәкарлардың дұғасына құлақ салмайтынын білеміз. Бірақ одан қорқатын әрі оның еркін орындайтын адамға құлақ асады. Біреу зағип болып туылған адамның көзін ашыпты дегенді бұған дейін ешкім естіген емес”. Сондықтан ол: “Егер бұл адам Құдайдан болмаса, ештеңе істей алмас еді”,— деп тоқетерін айтты (Жохан 9:30—33).

Мұндай қисынға айтар сөз таппаған соң, парызшылдар: “Сен тұла бойың күнәкар болып туылдың, енді бізді үйретпексің бе?”— деп, қайыршының өзін қорлап, оны қуып шықты (Жохан 9:34).

Иса көзі ашылған кісімен болған жайтты естіді. Оны кездестіргенде: “Адам Ұлына сенесің бе?”— деп сұрады. Ол: “Мырза, оның кім екенін айтыңызшы, мен оған сенейін”,— деді. Иса: “Сен оны көрдің. Сенімен сөйлесіп тұрған — сол”,— деп ашық айтты (Жохан 9:35—37).

Бұған ол: “Ием, сенемін”,— деп жауап берді де, сенетінін және құрметтейтінін көрсетіп, оған тағзым етті. Сонда Иса оған: “Мен бұл дүниеге соқырлардың көзі ашылсын, ал көретіндер соқыр болсын деп, осы дүниенің сотталуына негіз беру үшін келдім”,— деп маңызды жайтқа көңіл бөлді (Жохан 9:38, 39).

Сол жерде тұрған парызшылдар өздерінің соқыр емес екендерін білетін. Бірақ олардың рухани жетекші болғансымақ кейіптері ше? Өздерін қорғау үшін олар: “Сонда біз де соқырмыз ба?”— деп сұрады. Бұған Иса: “Егер соқыр болсаңдар, күнәларың болмас еді. Алайда “көзіміз көреді” дегендерің үшін күнәларың мойындарыңда қалады”,— деп жауап қатты (Жохан 9:40, 41). Олар Исраилдің тәлімгерлері болмағанда, Исаның Мәсіх екенін мойындамайтындарын түсінуге болар еді. Алайда Заңды жетік біле тұра осылай істегендері ауыр күнә болып табылады.