Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

69-ТАРАУ

Олардың әкесі Ыбырайым ба, Ібіліс пе?

Олардың әкесі Ыбырайым ба, Ібіліс пе?

ЖОХАН 8:37—59

  • ЯҺУДИЛЕР ЫБЫРАЙЫМДЫ ӘКЕМІЗ ДЕП САНАДЫ

  • ИСА ЫБЫРАЙЫМҒА ДЕЙІН БАР БОЛҒАН

Иса әлі де Иерусалимдегі Күркелер мейрамында. Ол жұртқа маңызды шындықтарды айтып, тәлім беруде. Мейрамға келген кейбір яһудилер: “Біз Ыбырайымның ұрпағымыз. Ешқашан біреудің құлы болған емеспіз”,— деді. Иса оларға: “Ыбырайымның ұрпағы екендеріңді білемін. Бірақ сендер мені өлтіргілерің келеді, себебі тәлімімді қабылдамайсыңдар. Мен Әкеммен бірге болғанда көргенімді айтамын, ал сендер өз әкелеріңнен естігендеріңді істейсіңдер”,— деді (Жохан 8:33, 37, 38).

Иса өз Әкесі олардың әкесінен бөлек екенін айтып тұр. Осы қарапайым сөзді түсінбеген яһудилер: “Біздің әкеміз — Ыбырайым”,— деді (Жохан 8:39; Ишая 41:8). Яһудилер Ыбырайымның үрім-бұтағы екені рас. Сондықтан болса керек, олар Құдайдың досы болған Ыбырайымның сеніміндей сенімге иеміз деп есептеді.

Алайда Иса: “Ыбырайымның балалары болсаңдар, Ыбырайым сияқты әрекет етер едіңдер”,— деді. Шынында да, нағыз ұл әкесіне еліктейді. “Ал сендер,— деп сөзін жалғады Иса, — мені, өздеріңе Құдайдан естіген шындықты айтқан адамды, өлтіргілерің келеді. Ыбырайым бұлай етпеген”. Сосын Иса оларға: “Сендер өз әкелеріңнің ісін істейсіңдер”,— деді (Жохан 8:39—41).

Исаның нені айтып тұрғанын яһудилер әлі де түсінер емес. Олар өздерінің заңды ұрпақ екендерін алға тартып: “Біз некесіз туылған балалар емеспіз”,— деді. Сосын: “Біздің бір ғана Әкеміз бар. Ол — Құдай”,— деп қосты. Олардың Әкесі шынымен Құдай ма? “Әкелерің Құдай болса,— деді Иса, — мені жақсы көрер едіңдер. Өйткені Құдай жібергендіктен мен осындамын. Мен өз бетімше келген жоқпын, мені жіберген — сол. Айтып тұрғанымды неге түсінбейсіңдер? Себебі сөзімді қабылдағыларың келмейді” (Жохан 8:41—43).

Иса яһудилерге өзінен бас тартудың салдарын түсіндіруге тырысты. Содан ол: “Сендердің әкелерің — Ібіліс, соның қалауларын орындағыларың келеді”,— деп ашық айтты. Олардың әкелері қандай? “Ол әуел бастан кісі өлтіруші болған және шындықтан тайып кетті, өйткені онда шындық жоқ”,— деді Иса. Сосын: “Өтірік айтқанда, оны өз болмысына сай айтады, себебі ол — өтірікші әрі өтіріктің әкесі”,— деп қосты (Жохан 8:44, 47).

Мұндай айып яһудилердің қитығына тиді. Олар: — Саған “самариялықсың, бойыңда жын бар” деп дұрыс айттық емес пе?— деді. Исаны “самариялық” деуімен олар оны жек көретіндерін көрсетті. Бірақ Иса бұған мән бермей: “Бойымда жын жоқ! Мен Әкемді құрметтеймін, ал сендер мені қорлайсыңдар”,— деп жауап қатты. Сосын Иса бір керемет шындықты айтты: “Менің сөзімді ұстанатын адам ешқашан өлімді көрмейді”. Бұл сөздер елшілердің немесе Исаның басқа да ізбасарларының тура мағынада өлмейтінін емес, қайта тірілу үміті жоқ “екінші өлімге”, яғни мәңгі жойылуға, ұшырамайтынына нұсқайды (Жохан 8:48—51; Аян 21:8).

Яһудилер болса бұл сөздерді тура мағынада түсініп, Исаға былай деді: “Бойыңда жын бар екеніне көзіміз жетті. Ыбырайым да, пайғамбарлар да өлген, ал сен “менің сөзімді ұстанған адам ешқашан өлмейді” дейсің. Әлде қайтыс болған бабамыз Ыбырайымнан да ұлысың ба?.. Өзіңді кіммін деп тұрсың?” (Жохан 8:52, 53).

Иса өзінің Мәсіх екеніне нұсқап тұрғаны анық. Бірақ ол әлгілердің сұрағына тіке жауап бермей, былай деді: “Мен өзімді даңқтасам, даңқым түкке де тұрмайды. Мені даңқтайтын — Әкем. Сендер оны Құдайымыз дейсіңдер. Бірақ оны білмейсіңдер, ал мен білемін. Егер оны білмеймін десем, сендер сияқты өтірікші болар едім” (Жохан 8:54, 55).

Иса Құдайға адал болған бабаларының үлгісіне тағы да назар аударып: “Бабаларың Ыбырайым менің күнімді көремін деп, қатты қуанды. Ол оны көріп, қуанды да”,— деді. Расында да, Ыбырайым Құдайдың уәдесіне сеніп, Мәсіхтің келуін күткен еді. Яһудилер Исаның сөзіне сенбегендіктен: “Сен әлі 50-ге де келген жоқсың, сонда да Ыбырайымды көрдің бе?”— деді. Иса болса: “Сендерге нағыз шындықты айтамын, Ыбырайым туылмай тұрып, мен бар болғанмын”,— деп, өзінің адами өміріне дейін рухани жаратылыс ретінде көкте болғанына нұсқады (Жохан 8:56—58).

Ыбырайымнан бұрын өмір сүрдім дегеніне бұлқан-талқан болып ашуланған яһудилер Исаны таспен ұрып өлтірмек болды. Бірақ ол жасырынып, ғибадатханадан шығып кетті.