Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ЕКІНШІ ТАРАУ

Киелі кітап — Құдайдың берген сыйы

Киелі кітап — Құдайдың берген сыйы

1, 2. Киелі кітапты неге баға жетпес сый дейміз?

ДОСЫҢЫЗ сізге күтпеген жерден бір сыйлық берді делік. Сіз сыйлықты ашып көргенше асығасыз. Досыңыздың осылай көңіл бөлгеніне мәз болып, оған алғыс айтасыз.

2 Құдай да бізге сыйлық жасады. Бұл — Киелі кітап. Онда басқа ешқандай кітапта кездеспейтін мәлімет бар. Мысалы, Киелі кітапта Құдайдың аспан мен жерді, алғашқы еркек пен әйелді жаратқаны туралы жазылған. Онда өмірдегі қиындықтарды шешуге көмектесетін кеңестер де бар. Сондай-ақ бұл кітаптан Құдайдың болашақта дүниені жақсартатынын білеміз. Шынында да, Киелі кітап — баға жетпес сый!

3. Киелі кітапты оқу барысында нені түсінеміз?

3 Киелі кітапты оқу барысында Құдайдың сізбен дос болғысы келетінін түсінесіз. Құдай жайлы біле берсеңіз, онымен достығыңыз да нығая түседі.

4. Неге Киелі кітапқа тең келер кітап жоқ?

4 Киелі кітап 3200-ден астам тілге аударылып, миллиардтаған данамен басып шығарылған. Жер шары бойынша адамдардың 90 пайыздан астамы оны ана тілінде оқи алады. Апта сайын миллионнан аса адам Киелі кітапқа ие болады. Иә, дүниеде Киелі кітапқа тең келер кітап жоқ!

5. Киелі кітап неге Құдайдың сөзі болып табылады?

5 Киелі кітап “Құдай рухының жетелеуімен” жазылған (Тімөтеге 2-хат 3:16 оқыңыз; Петірдің 2-хаты 1:21). Мұны қалай түсінуге болады? Мысал үшін, мекеме бастығы хатшысына хат жаздырды делік. Сонда бұл хаттың авторы кім болғаны? Хатшы ма, әлде бастық па? Әрине, бастық. Тап солай, Құдай Киелі кітапты адамдарға жаздырса да, оның Авторы өзі болып табылады. Себебі әлгі адамдар қағаз бетіне Құдайдың ойын түсірген. Расында да, Киелі кітап — Құдайдың сөзі (Салоникалықтарға 1-хат 2:13; 2-түсіндірмені қараңыз).

Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасы” көп тілде қолжетімді

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ ТУРАЛЫҒЫ

6, 7. Киелі кітаптың бөліктері неге өзара үйлесімді?

6 Киелі кітап 1600 жылдан аса уақыт бойы жазылған. Оны жазған адамдар түрлі уақытта өмір сүрген. Олардың кейбірі білімді болса, басқалары қарапайым болған. Мысалы, бірі дәрігер, би, патша, пайғамбар болса, бірі егінші, балықшы не қойшы болған. Киелі кітапты әртүрлі адамдар жазса да, ондағы ойлар өзара үйлесімді. Бір кітабында бір ой, ал екіншісінде басқа ой айтылмайды, керісінше, басынан аяғына дейін бір тақырып өрбиді *.

7 Киелі кітаптың алғашқы тарауларында дүниедегі қиындықтарға не себеп болғаны түсіндіріледі. Ал соңғы тарауларында Құдайдың осы қиындықтарды шешіп, жер бетін жұмаққа айналдыратыны айтылады. Оны оқу барысында мыңдаған жылды қамтитын адамзат тарихымен танысасыз және Құдай өз ниетін қашанда жүзеге асыратынына көз жеткізесіз.

8. Киелі кітаптың ғылыми тұрғыдан тура екендігіне мысал келтіріңіз.

8 Киелі кітап — ғылыми еңбек емес, десе де онда ғылыми тұрғыдан тура мәліметтер бар. Мысалы, Мұсаның 3-жазбасында жұқпалы аурудың тарап кетуінен сақтайтын нұсқаулар туралы оқимыз. Бұл нұсқаулар бұрынғы заманда, аурудың бактерия мен вирус арқылы тарайтыны адамдарға әлі беймәлім кезде берілген. Сондай-ақ Киелі кітапта Жердің ештеңесіз ілініп тұрғаны жазылып кеткен (Әйүп 26:7). Бұған қоса, адамдардың көбісі Жерді жазық деп жүргенде, онда оның шар тәрізді екені айтылған (Ишая 40:22). Құдайдан келген кітаптың осындай болғаны еш таңғалдырмайды!

9. Киелі кітапты жазған кісілердің шыншылдығы нені көрсетеді?

9 Киелі кітапта тарихи тұрғыдан да тура мәліметтер келтіріледі. Мұндай туралықты тарихи еңбектердің көбісінен кездестіре бермейсің, өйткені авторлары шыншыл болмаған. Мысалы, олар өз елдерінің шайқаста жеңіліп қалғанын жасырып жазбай кеткен. Ал Киелі кітапты жазған кісілер Исраил халқының жеңілген кездерін ашық айтқан. Бұл кісілер өз кемшіліктерін де жасырмаған. Мысалы, Мұсаның 4-жазбасында Мұса пайғамбар өзінің үлкен қателік жасап, осы үшін Құдайдың жазасына ұшырағаны туралы жазған (Мұсаның 4-жазбасы 20:2—12). Киелі кітап жазушыларының шыншылдығы бұл кітаптың Құдайдан келгенін көрсетеді. Киелі кітап — расында да сенім артуға тұратын кітап.

АҚЫЛ-КЕҢЕСКЕ БАЙ КІТАП

10. Киелі кітаптағы кеңестер не үшін бізге пайдалы?

10 Киелі кітап “Құдай рухының жетелеуімен жазылған, әрі тәлім беруге, әшкерелеуге, түзетуге тиімді” (Тімөтеге 2-хат 3:16). Киелі кітаптағы кеңестердің біз үшін пайдасы көп. Ехоба Жаратушымыз болғандықтан, біздің ойларымыз бен сезімдерімізді жақсы түсінеді. Тіпті бізді өзімізден де жақсы біледі. Ол біз үшін ненің жақсы, ненің жаман екенін де біледі. Бұған қоса, Ехоба біздің бақытты болғанымызды қалайды.

11, 12. Киелі кітапта қандай кеңестер бар?

11 Матай кітабының 5-тен 7-ге дейінгі тарауларында Исаның тамаша кеңестері жазылған. Олар бақытты болу, адамдармен тіл табыса білу, Құдайға дұға ету және ақшаға деген дұрыс көзқарас сақтау туралы. Бұл кеңестер 2000 жыл бұрын жазылса да, әлі күнге дейін тиімді әрі әсері күшті.

12 Киелі кітапта отбасымызды бақытты етуге, жақсы жұмысшы болуға және өзгелермен жақсы қарым-қатынаста болуға көмектесетін принциптер де (қағидалар) бар. Кез келген адам, қандай болмасын, қай жерде тұрмасын, қандай қиындыққа кезікпесін, бұл принциптердің пайдасын көре алады (Ишая 48:17 оқыңыз; 3-түсіндірмені қараңыз).

КИЕЛІ КІТАПТАҒЫ ПАЙҒАМБАРЛЫҚ СӨЗДЕР

Ишая пайғамбар Бабылдың күйрейтінін алдын ала айтқан

13. Ишая Бабыл қаласы туралы қандай пайғамбарлық айтты?

13 Киелі кітапта жазылған пайғамбарлық сөздердің көбісі жүзеге асып қойды. Мысалы, Ишая пайғамбар Бабыл (Вавилон) қаласының жойылатынын алдын ала айтқан (Ишая 13:19). Ол қаланың қалай жаулап алынатынын бүге-шігесіне дейін сипаттады. Бабыл еңселі қақпалары бар, айналасын өзен қоршап тұрған қала еді. Бірақ Ишая өзеннің кеуіп қалып, қала қақпалары ашық қалатынын пайғамбарлық етті. Осылайша шапқыншылар қаланы шайқассыз-ақ алмақ еді. Ишая Бабыл қаласын басып алатын адамның атына дейін айтты. Ол Кир патша болмақ еді (Ишая 44:27—45:2 оқыңыз; 4-түсіндірмені қараңыз).

14, 15. Ишая пайғамбардың сөздері қалай орындалды?

14 Осы пайғамбарлық жазылған уақыттан 200 жыл өткен соң, Бабыл қаласын қалың әскер қоршауға алды. Бұл әскерді кім бастап келді дейсіз ғой? Персия патшасы Кир! Бірақ Кир патша, Ишая пайғамбар айтқандай, қаланы басып ала алды ма?

15 Қала қоршауға алынған түні бабылдықтар үлкен мейрам өткізіп жатқан болатын. Олар Бабылдың биік қабырғаларына, өзенмен қоршалғанына сеніп, алаңсыз той тойлап жатты. Ал қала сыртында Кирдің әскері өзен арнасын бұрып жіберу үшін арық қазып жатты. Су деңгейі төмендеген соң, олар өзенді кесіп өте алды. Бірақ сарбаздар Бабылдың еңселі қабырғаларынан қалай өтпек? Пайғамбар алдын ала айтқандай, қала қақпасы ашық қалыпты! Осылайша сарбаздар қаланы шайқассыз-ақ басып алды.

16. а) Ишая Бабылдың болашағы туралы не айтты? ә) Ишая айтқан пайғамбарлықтың орындалғанын қайдан білеміз?

16 Ишая Бабылдың мәңгіге қаңырап, онда ешкім өмір сүрмейтінін де айтты. Ол: “Бұдан былай онда ешкім қоныс теппейді, ұрпақтан ұрпаққа елсіз бос жатады”,— деп жазды (Ишая 13:20). Бұл сөздер жүзеге асты ма? Бабыл қаласы бүгіндегі Ирактың астанасы Бағдадтан 80 шақырымдай жерде орналасқан. Қазір мұнда үйінділер ғана жатыр. Әлі күнге дейін онда ешкім тұрмайды. Ехоба, шынымен де, Бабылды “жойқын сыпыртқымен сыпырып тастады” (Ишая 14:22, 23) *.

Бабылдан қалған үйінділер

17. Құдайдың барлық уәдесі орындалатынына неге сенімдіміз?

17 Киелі кітаптағы көп пайғамбарлықтың орындалғаны болашаққа қатысты пайғамбарлықтардың да орындалатынын дәлелдейді. Ехоба жерді жұмаққа айналдырамын деген уәдесінде сөзсіз тұрады (Мұсаның 4-жазбасы 23:19 оқыңыз). Бұл уәдені “өтірік айта алмайтын Құдай ұзақ уақыт бұрын” берген (Титке 1:2) *.

КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІҢІЗДІ ӨЗГЕРТЕ АЛАДЫ

18. Елші Пауыл Құдайдың сөзін қалай сипаттаған?

18 Біз Киелі кітаптың теңдесі жоқ ерекше кітап екенін көрдік. Оның бөліктері өзара үйлесімді, ғылыми әрі тарихи тұрғыдан тура. Пайдалы кеңестерге де бай. Сондай-ақ онда жазылған көптеген пайғамбарлықтар жүзеге асқан. Бірақ Киелі кітаптың құндылығы мұнымен шектелмейді. Елші Пауыл: “Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті”,— деген (Еврейлерге 4:12 оқыңыз). Бұл сөздер нені білдіреді?

19, 20. а) Киелі кітап жан дүниемізді анықтауға қалай көмектеседі? ә) Құдайдың сыйы Киелі кітапты бағалайтыныңызды қалай көрсете аласыз?

19 Киелі кітап өмірімізді өзгерте алады. Ол өзіміздің қандай адам екенімізді анықтауға көмектеседі. Жасырын ойларымыз бен ішкі сезімдерімізді аян етеді. Мысалы, біз Құдайды сүйеміз дейтін шығармыз. Бірақ Киелі кітапты оқығанда, сүйіспеншілік іс-әрекеттен де көріну керектігін білеміз. Құдайды жақсы көретінімізді көрсету үшін, Киелі кітапта айтылғанға құлақ асуымыз қажет.

20 Киелі кітап — шынында да Құдайдан келген кітап. Құдай сіздің Киелі кітапты оқығаныңызды, зерттегеніңізді және оның Сөзін жақсы көргеніңізді қалайды. Осы теңдессіз сыйды бағалап, зерттеуді жалғастыра беріңіз. Сонда Құдайдың адамзатқа байланысты о бастағы қалауы жайлы білесіз. Келесі тарауда оның осы қалауы жайлы көбірек айтылады.

^ 6-абзац Кейбір адамдардың айтуынша, Киелі кітаптың бөліктері өзара үйлеспейді. Бірақ бұл олай емес. Ехоба куәгерлері басып шығарған “Баршаға арналған кітап” деген кітапшаның 16, 17-беттерін қараңыз.

^ 16-абзац Киелі кітаптағы осы пайғамбарлық туралы көбірек білу үшін, Ехоба куәгерлері басып шығарған “Баршаға арналған кітап” деген кітапшаның 27—29 беттерін қараңыз.

^ 17-абзац Бабылдың күйреуі — жүзеге асқан Киелі кітап пайғамбарлықтарының біреуі ғана. Иса Мәсіхке қатысты пайғамбарлықтар туралы 5-түсіндірмеден оқи аласыз.