Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ТӨРТІНШІ ТАРАУ

Иса Мәсіх деген кім?

Иса Мәсіх деген кім?

1, 2. а) Атақты кісінің атын білгеніміз оны жақсы танитынымызды білдіре ме? Түсіндіріңіз. ә) Адамдар Исаны кім деп ойлайды?

ТАРИХТА өшпес із қалдырған адам көп. Олардың кейбіреулерінің есімдерін білетін де шығарсыз. Алайда біреудің есімін білгеніміз оны жақсы танитынымызды, оның бүкіл өмірін, қандай адам болғанын білетінімізді білдіре бермейді.

2 Осыдан 2000 жылдай уақыт бұрын өмір сүрген Иса Мәсіх жайлы естігенсіз бе? Көбісі Иса туралы естігенмен, оның қандай адам болғанын білмейді. Кейбіреулер ол жай ғана жақсы адам болған десе, басқалар оны пайғамбар дейді. Ал тағы біреулер оны Құдай деп санайды. Ал сіз не ойлайсыз? (12-түсіндірмені қараңыз).

3. Ехоба Құдай және Иса Мәсіх туралы білім алу неге маңызды?

3 Иса туралы шындықты білу өте маңызды. Киелі кітапта: “Мәңгілік өмірге ие болу үшін сені, жалғыз шынайы Құдайды, және өзің жіберген Иса Мәсіхті танып-білу керек”,— делінген (Жохан 17:3). Расында да, Ехоба мен Иса туралы шындықты білсеңіз, жер бетіндегі жұмақта мәңгі өмір сүре аласыз (Жохан 14:6). Иса туралы білім алудың қазірдің өзінде де пайдасы көп. Өйткені ол бізге дұрыс өмір сүрудің, басқалармен жақсы қарым-қатынаста болудың ең керемет үлгісін қалдырды (Жохан 13:34, 35). Осы басылымның 1-тарауынан біз Құдай туралы көбірек білдік. Ал бұл тарауда Киелі кітапта Иса жайында не делінгенін көреміз.

“БІЗ МӘСІХТІ ТАПТЫҚ”

4. “Мәсіх” деген сөздің мағынасы қандай?

4 Иса дүниеге келмей тұрып көптеген жыл бұрын Ехоба Мәсіхті жіберетінін уәде еткен. “Мәсіх” сөзі “майланған” дегенді, яғни ерекше бір тапсырманы атқару үшін тағайындалған дегенді білдіреді. Құдай Исаны ерекше бір істі атқару үшін таңдап алды. Иса болашақта Құдайдың барлық уәделерін жүзеге асырады. Бірақ ол туылмас бұрын “Кім Мәсіх болады екен?” деген сұрақ көп адамды қызықтырған.

5. Шәкірттері Исаның Мәсіх болғанына сенген бе?

5 Исаның шәкірттері “Мәсіхті таптық” деп, оның уәде етілген Мәсіх екеніне кәміл сенген (Жохан 1:41). Солардың бірі — Шимон Петір. Ол Исаға: “Сіз Мәсіхсіз”,— деген (Матай 16:16). Ал біз Исаның Мәсіх екеніне қалай сенімді бола аламыз?

6. Ақжүрек адамдар Мәсіхті анықтай алу үшін Ехоба не істеді?

6 Исаның туылуынан ұзақ уақыт бұрын пайғамбарлар Мәсіхке қатысты көп жайтты ашқан. Бұл жайттар кімнің Мәсіх екенін анықтауға көмектеспек еді. Мысалы, сіз адамға лық толы бекетте бір кісіні күтіп алмақшысыз делік. Сіз оны бұрын-соңды көрмегенсіз. Бірақ біреу сізге оны жақсылап суреттеп берсе, оны оңай таба аласыз. Тап солай, Ехоба бізге пайғамбарлары арқылы Мәсіхтің не істейтінін, қандай жайттарды бастан өткізетінін айтқан. Сол пайғамбарлық сөздердің Исаның өмірінде орындалғанын біліп, ақжүрек адамдар оның Мәсіх екеніне көз жеткізе алады.

7. Қандай екі пайғамбарлық Исаның Мәсіх екенін дәлелдейді?

7 Мәсіх жайлы айтылған пайғамбарлықтардың екеуіне тоқталып өтейік. Исаның туылуынан 700 жыл бұрын Миха пайғамбар Мәсіхтің Бетлехем деген кішкентай қалада туылатынын айтқан (Миха 5:2). Иса дәл осы қалада туылды (Матай 2:1, 3—9). Ал Даниял пайғамбар Мәсіхтің б. з. 29 жылы келетінін айтты (Даниял 9:25). Бұл пайғамбарлықтар Исаның уәде етілген Мәсіх екенін дәлелдейтін көп пайғамбарлықтың екеуі ғана (13-түсіндірмені қараңыз).

Иса шомылдыру рәсімінен өткенде Мәсіх болды

8, 9. Иса шомылдыру рәсімінен өткенде, оның Мәсіх екені қалай айқын болды?

8 Ехоба уақыт өте Исаның Мәсіх екенін айқын көрсетті. Ол Жақия пайғамбарға Мәсіхті тануға көмектесетін белгі көрсетуді уәде етті. Жақия б. з. 29 жылы Исаны Иордан өзенінде шомылдыру рәсімінен өткізгенде, сол белгіні көрді. Киелі кітапта былай делінген: “Иса шомылдыру рәсімінен өтіп, бірден судан шықты. Сонда көк ашылып, Жақия Исаның үстіне Құдай рухының көгершін іспетті түсіп келе жатқанын көрді. Сондай-ақ көктен: — Бұл — менің сүйікті Ұлым. Мен оған ризамын!— деген дауыс естілді” (Матай 3:16, 17). Сонда Жақия Исаның Мәсіх екенін түсінді (Жохан 1:32—34). Ехоба Исаға киелі рухын төккен сол күні ол Мәсіх болды. Құдай оны Көсем әрі Патша болуға таңдады (Ишая 55:4).

9 Киелі кітаптағы пайғамбарлықтар, Ехобаның айтқан сөздері және Иса шомылдыру рәсімінен өткенде көрсетілген белгі Исаның Мәсіх екенін дәлелдейді. Бірақ Мәсіх болмас бұрын Иса не істеген және ол қандай адам болған? Киелі кітапта бұл жайлы не делінгенін білейік.

МӘСІХ БОЛМАС БҰРЫН ИСА НЕ ІСТЕГЕН?

10. Исаның жерге келгенге дейінгі өмірі туралы Киелі кітапта не делінген?

10 Киелі кітапта Исаның жерге келерінен ұзақ уақыт бұрын көкте өмір сүргені жазылған. Миха пайғамбар Мәсіхтің “бастауы көне заманнан” екенін айтқан (Миха 5:2). Исаның өзі де жерде адам болып туылмас бұрын көкте өмір сүргенін көп рет айтқан (Жохан 3:13; 6:38, 62; 17:4, 5 оқыңыз). Жерге келмей тұрып-ақ оның Ехобамен қарым-қатынасы тығыз болған.

11. Ехоба Исаны неге қатты жақсы көреді?

11 Ехоба Исаны қатты жақсы көреді. Себебі оны жаратылыстардың бәрінен бұрын жаратқан. Сондықтан ол “жаратылыс атаулының тұңғышы” * деп аталады (Қолостықтарға 1:15). Ехоба Исаны тікелей өзі жаратқандықтан, оны ерекше жақсы көреді. Киелі кітапта Иса Құдайдың “жалғыз Ұлы” делінген (Жохан 3:16). Ехоба қалған жаратылыстарды тек Исамен бірге жаратқан (Қолостықтарға 1:16). Сондай-ақ Иса ғана “Сөз” деп аталған, өйткені ол періштелер мен адамдарға Ехобаның хабары мен нұсқауларын жеткізіп отырған (Жохан 1:14).

12. Құдай мен Иса бір тұлға еместігін қайдан білеміз?

12 Кейбір адамдар Ехоба мен Исаны бір тұлға деп санайды. Бірақ Киелі кітап бұған үйретпейді. Онда Исаны Құдай жаратқаны айтылған. Демек, оның бастамасы бар. Ал бәрін жаратқан Ехобаның бастамасы жоқ (Зәбүр 90:2). Иса ешқашан Құдайға тең болуды ойламаған. Киелі кітапта Әкесі Ұлынан жоғары екені анық жазылған (Жохан 14:28 оқыңыз; Қорынттықтарға 1-хат 11:3). Ехоба ғана — “Құдіреті шексіз Құдай” (Мұсаның 1-жазбасы 17:1). Әлемде одан ұлы, одан құдіретті ешкім жоқ (14-түсіндірмені қараңыз).

13. Неге Иса “көзге көрінбейтін Құдайдың кейпі”?

13 Аспан мен жер әлі жаратылмай тұрғанда, Ехоба миллиардтаған жыл бойы Ұлымен бірге еңбек еткен. Олар бір-біріне бауыр басып, бір-бірін қатты жақсы көрген (Жохан 3:35; 14:31). Иса Әкесінің қасиеттеріне барынша еліктеген, сондықтан Киелі кітапта “ол — көзге көрінбейтін Құдайдың кейпі” делінген (Қолостықтарға 1:15).

14. Ехобаның сүйікті Ұлы қалайша адам болып туылды?

14 Ехобаның сүйікті Ұлы көктегі жоғары дәрежесін тастап, жерде адам болып туылуға дайын болды. Ехоба ғажайып түрде көктегі Ұлының өмірін Мәриям есімді пәк қыздың құрсағына салды. Мәриям дүниеге кемелді бала әкеліп, атын Иса деп қойды. Осылайша адамдардың ішінен ешкім Исаның әкесі болған жоқ (Лұқа 1:30—35).

ИСА ҚАНДАЙ АДАМ БОЛҒАН?

15. Ехобаны жақсырақ танудың жолы қандай?

15 Исаның өмірі, қасиеттері жайлы Киелі кітаптың Матай, Марқа, Лұқа, Жохан деген кітаптарынан біле аласыз. Бұл төрт кітап Інжіл деп аталады. Иса көктегі Әкесіне қатты ұқсайтындықтан, оны таныған сайын, Ехобаны да тани түсесіз. Иса: “Мені көрген адамның Әкені де көргені”,— деп бекер айтпаған (Жохан 14:9).

16. Иса не туралы тәлім берді? Ол халыққа кімнің тәлімдерін үйретті?

16 Адамдардың көбісі Исаны “Ұстаз” деп атаған (Жохан 1:38; 13:13). Оның берген тәлімдерінің ішінде ең маңыздысы Патшалық туралы ізгі хабар болған. Бұл қандай Патшалық? Бұл — көктен жер бетіне билік ететін Құдайдың үкіметі. Осы үкіметтің тұсында Құдайға мойынсұнатын адамдар мол батаға кенеледі (Матай 4:23). Иса халыққа Ехобадан білгендерін үйреткен. Ол: “Ілімім — менікі емес, мені жібергендікі”,— деген (Жохан 7:16). Құдайдың Патшалығы жер бетіне билік жүргізетінін барлық адам есту үшін, Иса көп тәлім берген. Өйткені Ехобаның да қалауы осы еді.

17. Иса қандай жерлерде тәлім берді? Ол басқаларды үйрету үшін неге көп күш салды?

17 Иса қандай жерлерде тәлім берген? Адам бар жердің бәрінде. Мысалы, қала мен ауылдарда, базар алаңдарында, ғибадатхана мен үйлерде. Ол адамдардың келгенін күтіп отырмай, оларға өзі барған (Марқа 6:56; Лұқа 19:5, 6). Адамдарды үйрету үшін ол аянбай еңбек етіп, көп уақыт пен күш жұмсады. Себебі бұлай еткені Құдайға ұнамды екенін жақсы білген және ол әрқашан Әкесінің тілін алған (Жохан 8:28, 29). Иса адамдарға жаны ашығандықтан да оларға уағыз айтқан (Матай 9:35, 36 оқыңыз). Себебі дін қызметкерлері Құдай туралы, оның Патшалығы туралы шындықты үйретпейтін. Сондықтан Иса ізгі хабарды барынша көп адам естігенін қалаған.

18. Сізге Исаның әсіресе қай қасиеті ұнады?

18 Иса адамдарды жақсы көріп, қамдарын ойлаған. Ол мейірімді болған, әрі онымен әңгімелесу оңай болған. Тіпті балалар да оның қасында өздерін еркін сезінген (Марқа 10:13—16). Әрқашан әділ әрекет ететін ол арамдық пен әділетсіздікті жек көрген (Матай 21:12, 13). Иса өмір сүрген заманда әйелдердің құқықтары ескерілмейтін, оларға құрмет те көрсетілмейтін. Бірақ Иса оларға сый-құрмет танытқан (Жохан 4:9, 27). Иса сондай-ақ кішіпейіл болған. Бірде ол елшілерінің аяқтарын жуып беріп, үй қызметшісі атқаратын міндетті орындады (Жохан 13:2—5, 12—17).

Иса адам бар жердің бәрінде уағыздаған

19. Иса адамдардың қажеттіліктерін түсініп, оларға көмектескісі келгені қандай оқиғадан көрінеді?

19 Иса адамдардың қажеттіліктерін түсінгендіктен, олардан көмегін еш аямаған. Құдай дарытқан құдіреттің арқасында ол науқас адамдарды керемет түрде айықтырған (Матай 14:14). Бірде оған алапеспен ауыратын кісі келіп: “Қаласаңыз болғаны, мені айықтырып тазарта аласыз”,— дейді. Оны көргенде, Исаның оған қатты жаны ашиды. Содан Иса алапес кісіге қолын тигізеді де: “Қалаймын, тазар!”— дейді. Сонда ол құлантаза айығып кетеді (Марқа 1:40—42). Бұл кісінің қуанышында шек болмады!

ИСА ӘКЕСІНЕ ӘРҚАШАН АДАЛ БОЛҒАН

20, 21. Неліктен Исаны Құдайға мойынсұнудың үздік үлгісі дей аламыз?

20 Иса Құдайға мойынсұнудың ең үздік үлгісін қалдырды. Қандай жағдай болмасын, жаулары не істемесін, ол Әкесіне адалдық сақтады. Мысалы, Шайтан азғырғанда, Иса ешқандай күнә жасамады (Матай 4:1—11). Туыстары оның Мәсіх екеніне сенбей, “ақылынан адасыпты” дегенде де, ол Құдайдың ісін атқара берді (Марқа 3:21). Дұшпандары қорлағанда да, Иса оларға жауап қайтармай, Құдайға адал болып қалды (Петірдің 1-хаты 2:21—23).

21 Иса тіпті азапталып өлтірілген кезде де Ехобаға деген адалдығынан таймады (Філіпіліктерге 2:8 оқыңыз). Өлтірілген күні оның қандай ауыр азаптан өткенін елестетудің өзі қиын: оны тұтқындады, жалған куәгерлер Құдайды қорлады деп кінәлады, сатқын билер жалған айып тақты, сарбаздар болса ұрып-соғып, бөренеге шегеледі. Соңғы демін шығарарда ол: “Түгел орындалды!”— деген. Иә, Исаның бар ойы Құдай еркінің орындалуында болды (Жохан 19:30). Исаның өлгеніне үш күн болғанда, Ехоба оған рухани дене беріп, оны тірілтіп алды (Петірдің 1-хаты 3:18). Бірнеше аптадан кейін Иса көкке оралды. Ол “Құдайдың оң жағына отырып”, Патша болатын уақытын күтті (Еврейлерге 10:12, 13).

22. Иса Құдайға адалдық сақтағанының арқасында біз үшін қандай мүмкіндік ашылды?

22 Исаның Құдайға адал болып қалғанының арқасында біз үшін жерде орнайтын жұмақта мәңгі өмір сүру мүмкіндігі ашылды. Бұл Ехобаның о бастағы қалауына сай болып табылады. Келесі тарауда Исаның өлімі қалайша мәңгілік өмірге жол ашқаны жайында көбірек білеміз.

^ 11-абзац Ехоба Жаратушы болғандықтан, Әке деп аталған (Ишая 64:8). Исаның Құдайдың Ұлы деп аталу себебі — оны Ехоба жаратқан. Сондай-ақ Киелі кітапта періштелер мен Адам ата да Құдайдың ұлдары деп аталады (Әйүп 1:6; Лұқа 3:38).