Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

БЕСІНШІ ТАРАУ

Төлем — Құдай берген ең керемет сый

Төлем — Құдай берген ең керемет сый

1, 2. а) Қандай сый сіз үшін әсіресе бағалы? ә) Неге төлем Құдай берген ең керемет сый?

ҚАНДАЙ сыйлық сіз үшін бағалы? Ол қымбат тұрмаса да, сізге қажет нәрсе болса, мұндай сыйлық сіз үшін бағалы болады.

2 Құдай адамзатқа көп сый берген. Сол сыйлардың арасында бізге аса қажет біреуі бар. Дүниеде одан асқан сый жоқ. Бұл — Ехобаның өз Ұлы Иса Мәсіхті біз үшін құрбан еткені. Соның арқасында біз мәңгі өмір сүре аламыз (Матай 20:28 оқыңыз). Исаны төлем ретінде беру арқылы Ехоба бізді қатты жақсы көретінін көрсетті.

ТӨЛЕМ ДЕГЕН НЕ?

3. Адамдар неге өледі?

3 Төлем — Ехобаның адамзатты күнә мен өлімнен азат ету үшін жасаған шарасы (Ефестіктерге 1:7). Төлемнің не себепті қажет болғанын түсіну үшін, мыңдаған жыл бұрын Едем бағында болған жағдайды білуіміз қажет. Түп ата-анамыз Адам мен Хауа күнә жасады, сондықтан өлді. Олардың күнәсі бізге өткендіктен, біз де өлеміз (9-түсіндірмені қараңыз).

4. Адам атаға қандай бағалы сыйлар берілді?

4 Ехоба Адам атаны жаратқанда, оған өте бағалы сый — кемелді өмір берген еді. Оның ой-санасы да, денесі де кемелді болған, яғни ол ешқашан ауырмай, қартаймай әрі өлмей өмір сүре алар еді. Ехоба Адамды жаратқандықтан, оған Әке сияқты болған (Лұқа 3:38). Құдай онымен әрдайым сөйлескен және одан нені күтетінін анық түсіндірген. Оған айналысатын қызықты жұмыс та берген (Мұсаның 1-жазбасы 1:28—30; 2:16, 17).

5. Құдай Адамды “өзіне ұқсас етіп” жаратты деген нені білдіреді?

5 Құдай Адамды “өзіне ұқсас етіп” жаратты (Мұсаның 1-жазбасы 1:27). Ол өзінде бар сүйіспеншілік, күш, даналық пен әділдік сияқты қасиеттерді оған дарытты. Сондай-ақ оған ерік бостандығын сыйлады. Адам робот сияқты болмаған, ол дұрыс не бұрыс жолды өзі таңдай алатын. Құдайға мойынсұнғанда ғана ол жердегі жұмақта мәңгі өмір сүре алар еді.

6. Адам Құдайға мойынсұнбағандықтан неден айырылды? Бұл адамдарға қандай кесірін тигізді?

6 Адам атаның Құдайға мойынсұнбауының салдары ащы болды. Ол өлімге кесілді, Ехобамен достығы үзілді, кемелді өмірінен де, жұмақтан да айырылды (Мұсаның 1-жазбасы 3:17—19). Адам мен Хауа Құдайдың тілін алмағандықтан, мәңгі өмір сүру мүмкіндігінен қол үзіп қалды. Адамның жасаған таңдауының кесірінен “дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді, осылайша адамдардың бәрі өлетін болды, себебі бәрі күнә жасады” (Римдіктерге 5:12). Адам күнә жасауымен өзін де, бізді де күнә мен өлімнің құлдығына сатып жіберді (Римдіктерге 7:14). Енді бізбен не болмақ, қандай да бір үміт бар ма? Әрине, бар.

7, 8. Төлем деген сөз нені білдіреді?

7 Төлем деген сөз нені білдіреді? Бұл тұтқынды босату үшін немесе қандай да бір мүлікті қайтарып алу үшін төленетін құнды білдіреді. Сондай-ақ төлем келтірілген шығынды өтеу үшін берілетін құнды да білдіреді.

8 Адам ата күнә жасауымен бізді өлімге душар етті. Ешбір пенде бізді өлімнен құтқара алмайды. Бірақ Ехоба бізді күнә мен өлімнен босатудың қамын жасап, төлем берді. Ендеше, төлем туралы көбірек біліп, оның бізге қандай пайдасы бар екенін көрейік.

ТӨЛЕМ ҚАЛАЙ БЕРІЛДІ?

9. Кемелді өмірді қайтару үшін қандай төлем керек болды?

9 Адам ата айырылған кемелді өмірді қайтару ешқайсысымыздың қолымыздан келмейді. Себебі бәріміз күнәкар пенделерміз (Зәбүр 49:7, 8). Сондықтан басқа бір кемелді адамның өмірі қажет болды. Бұл “жоғалтылған нәрсеге сай келетін құн” болмақ еді (Тімөтеге 1-хат 2:6, сілтеме). Демек, төлем өтелу үшін Адам ата жоғалтқан өмірге тең келетін өмір берілу қажет еді.

10. Төлем берілу үшін Ехоба не істеді?

10 Төлем берілу үшін Ехоба не істеді? Ол алғашқы жаратылысы, аяулы Ұлы — Исаны жерге жіберді (Жоханның 1-хаты 4:9, 10). Иса Әкесін де, көктегі мекенін де қалдырып кетуге дайын болды (Філіпіліктерге 2:7). Ехоба көктегі Исаның өмірін Мәриям деген қыздың құрсағына салды. Сөйтіп, Иса күнәсіз, кемелді адам болып туылды (Лұқа 1:35).

Ехоба өзінің сүйікті Ұлын біз үшін төлем ретінде берді

11. Бір адам қалайша күллі адамзат үшін төлем бере алды?

11 Бір адамның Ехобаға мойынсұнбауының кесірінен барлық адам мәңгі өмірден айырылды. Сол сияқты басқа бір адам күллі адамзатқа мәңгі өмірді қайтарып бере алар ма еді? Иә (Римдіктерге 5:19 оқыңыз). Ешқашан күнә жасамаған Иса өмірін біз үшін төлем ретінде берді (Қорынттықтарға 1-хат 15:45). Оның кемелді өмірі Адам атаның ұрпақтарын өлімнің құлдығынан босатпақ еді (Қорынттықтарға 1-хат 15:21, 22).

12. Иса неге соншама көп азаптан өту керек еді?

12 Киелі кітапта Исаның өлер алдында қатты азап шеккені айтылады. Оған аяусыз дүре соғылды, ол ағаш бағанаға шегеленді, ұзақ уақыт қиналып, азапталып өлтірілді (Жохан 19:1, 16—18, 30). Иса неге осыншама қиналу керек еді? Өйткені Шайтан кез келген адам аяусыз сыналса, Құдайға деген адалдығынан тайып кетеді деген болатын. Бірақ Иса кемелді адам қанша азап шексе де, Құдайға адалдық сақтай алатынын дәлелдеді. Ехобаның Исаға қатты риза болғаны сөзсіз! (Нақыл сөздер 27:11; 15-түсіндірмені қараңыз).

13. Төлем қалай берілді?

13 Төлем қалай берілді? Б. з. 33 жылы, яһудилердің күнтізбесі бойынша нисан айының 14-інде Ехоба Исаның өлтірілуіне жол берді (Еврейлерге 10:10). Үш күннен кейін Ехоба Исаны рухани тұлға етіп тірілтті. Сосын, Иса көкке оралып, адамзатқа төлем ретінде берген кемелді өмірінің құнын Ехобаға ұсынды (Еврейлерге 9:24). Осы құнның арқасында біз күнә мен өлімнен құтыла аламыз (Римдіктерге 3:23, 24 оқыңыз).

ТӨЛЕМНІҢ СІЗ ҮШІН ПАЙДАСЫ

14, 15. Күнәларымыз кешірілсін десек, не істеуіміз керек?

14 Біз Құдайдың ең керемет сыйы — төлемнің пайдасын қазірдің өзінде көріп жатырмыз. Болашақта да оның әкелер пайдасы көп. Қазір солардың кейбірін қарастырып көрейік.

15 Күнәларымыз кешіріледі. “Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды” дегендей, кейде қателік жасап жатамыз (Қолостықтарға 1:13, 14). Мұндайда не істегеніміз дұрыс? Жасаған қателігімізге шын жүректен өкініп, Ехобадан кішіпейілділікпен кешірім сұрағанымыз дұрыс. Сонда Құдай күнәмізді кешіреді. Бұған күмәнданбасақ болады (Жоханның 1-хаты 1:8, 9).

16. Таза ар-ұжданға ие болу үшін не істеу керек?

16 Таза ар-ұжданға ие боламыз. Дұрыс емес нәрсе жасағанымыз үшін ар-ұжданымыз мазаласа, өзімізді кінәлі, үмітсіз, түкке тұрғысыз сезінуіміз мүмкін. Бірақ еш мойымайық. Ехобадан кешірім сұрап жалбарынсақ, ол дұғамызды тыңдап, бізді кешіреді (Еврейлерге 9:13, 14). Ехоба біздің оған кез келген қиындығымыз, әлсіздіктеріміз жайлы ашық айтқанымызды қалайды (Еврейлерге 4:14—16). Осылай етсек, Құдайдың алдында таза ар-ұжданға ие боламыз.

17. Иса біз үшін өмірін қиғанының арқасында қандай баталарға ие бола аламыз?

17 Мәңгі өмір сүру үмітіміз бар. “Күнәнің беретіні — өлім, ал Құдайдың сыйы — Иеміз Мәсіх Иса арқылы берілетін мәңгілік өмір” (Римдіктерге 6:23). Иса біз үшін өмірін қиғанының арқасында мәңгі өмір сүре аламыз әрі мінсіз денсаулыққа жете аламыз (Аян 21:3, 4).

ТӨЛЕМГЕ РИЗАШЫЛЫҚ БІЛДІРЕСІЗ БЕ?

18. Ехоба бізді жақсы көретінін қайдан білеміз?

18 Досымыз бізге тамаша сыйлық тарту етсе, жүрегіміз ризашылыққа толады. Ал төлем — барлық сыйлардың ішіндегі ең кереметі. Оны бергені үшін Ехобаға зор ризашылық білдіруіміз керек. Жохан 3:16-да: “Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, өзінің жалғыз Ұлын құрбан етті”,— делінген. Иә, Ехоба бізді жақсы көретіні сонша — сүйікті Ұлы Исаны біз үшін құрбан етті. Иса да бізді жақсы көретініне сенімдіміз, себебі біз үшін өмірін қиюға дайын болды (Жохан 15:13). Төлемнің берілгені — Ехоба мен Исаның сізді қатты жақсы көретінінің айқын дәлелі (Ғалаттықтарға 2:20).

Ехоба туралы білген сайын онымен дос болып, оған деген сүйіспеншілігіміз арта түседі

19, 20. а) Ехобаның досы болу үшін не істеу керек? ә) Исаның төлем құрбандығына сенетінімізді қалай көрсете аламыз?

19 Құдайдың көрсеткен зор сүйіспеншілігі жайлы білгенде, сіздің де оған деген сүйіспеншілігіңіз оянған болар. Алайда біреуді жақсы көріп, онымен дос болу үшін, сол адамды жақсы білуіміз қажет. Жохан 17:3-те Ехобаны танып-біле алатынымыз айтылады. Бұлай етсек, оны жақсы көре түсеміз, оған ұнамды болуға тырысамыз, сөйтіп, оның досы боламыз. Олай болса, Киелі кітапты зерттеуді жалғастырып, Ехоба туралы білім ала беріңіз (Жоханның 1-хаты 5:3).

20 Исаның төлем құрбандығына сеніңіз. Киелі кітапта: “Кім Ұлға [яғни Исаға] сенсе, мәңгілік өмірді иеленеді”,— деп айтылған (Жохан 3:36). Мұндай сенім неден көрінеді? Исаның берген тәлімдеріне құлақ асқанымыздан (Жохан 13:15). Біздің “мен Исаға сенемін” деп айтқанымыз жеткіліксіз. Төлемге деген сеніміміз іс-әрекетімізден көрінуі қажет. Жақып 2:26-да: “Іс-әрекетсіз сенім де өлі”,— делінген.

21, 22. а) Жыл сайын өтетін Мәсіхті еске алу кешіне неліктен баруымыз керек? ә) 6-ншы және 7-нші тарауларда не туралы білеміз?

21 Иса Мәсіхті еске алу кешіне қатысыңыз. 14 нисан күні кешке Иса шәкірттеріне өзінің өлімін еске алып тұруды тапсырған. Осыған құлақ асып, біз де жыл сайын өтетін Мәсіхті еске алу кешінде бас қосамыз. Ол “Иеміздің кешкі асы” деп те аталады (Қорынттықтарға 1-хат 11:20; Матай 26:26—28). Иса біз үшін кемелді өмірін қиғанын есте ұстағанымызды қалайды. Ол: “Мені еске алу үшін осылай істеп тұрыңдар”,— деген (Лұқа 22:19 оқыңыз). Еске алу кешіне келсеңіз, төлемге деген ризашылығыңызды және Ехоба мен Исаның бізді қаншалықты жақсы көретінін ұмытпағаныңызды көрсетесіз (16-түсіндірмені қараңыз).

22 Расында да, төлемге тең келер сый жоқ (Қорынттықтарға 2-хат 9:14, 15). Бұл сыйдың қайтыс болып кеткен миллиондаған адам үшін де пайдасы бар. Бұл туралы 6-ншы және 7-нші тарауларда айтылады.