Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ЖЕТІНШІ ТАРАУ

Қайтыс болған адамдар тіріледі!

Қайтыс болған адамдар тіріледі!

1—3. Барлығымыз ненің тұтқындарымыз? Ехоба бізді одан азат ету үшін не істейді?

ЕЛЕСТЕТІП көріңізші, ешқандай қылмыс жасамасаңыз да, түрмеде отырсыз. Өміріңіздің соңына дейін бас бостандығынан айырылдыңыз. Үмітсіз, дәрменсіз күй кешесіз. Енді ешқандай амалым жоқ дегеніңізде, бір кісінің сізді түрмеден босата алатынын естисіз. Ол сізге көмектесуге уәде береді. Осындайда не сезінер едіңіз?

2 Бүгінде адамдардың барлығы өлім деген түрменің тұтқындары. Не істесек те, ешқайсысымыз одан қашып құтыла алмаймыз. Алайда Ехоба Құдайдың бізді өлімнен босатуға құдіреті жетеді. Ол “соңғы жау — өлімнің” жойылатынын уәде етеді (Қорынттықтарға 1-хат 15:26).

3 Өлім жойылып, одан қорықпайтын кез келгенде, жеңілдік сезінетін боламыз. Ехоба өлімді жоқ қылып қана қоймай, марқұмдарды да тірілтеді. Құдай: “Өлген адамдар өмір сүреді”,— деп уәде етеді (Ишая 26:19). Бұл бізге жұбаныш сыйлайтын хабар емес пе?!

ЖАҚЫНДАРЫМЫЗ ӨМІРДЕН ӨТКЕНДЕ

4. а) Туысымыз не досымыз қайтыс болғанда, бізге не нәрсе жұбаныш береді? ә) Кімдер Исаның досы болған?

4 Туысымыз не досымыз қайтыс болғанда, қайғыдан қабырғамыз қайысатыны рас. Оны өмірге қайтара алмайтындықтан, шарасыз күйге түсеміз. Бірақ Киелі кітапта бізге жұбаныш берер сөздер бар (Қорынттықтарға 2-хат 1:3, 4 оқыңыз). Ол жерде Ехоба мен Иса жақындарымыздың тірілгенін қатты қалайтыны айтылған. Осыған дәлел болатын бір оқиғаға тоқталып өтейік. Иса жерде болғанда, Елазар мен оның әпкелері Марта мен Мәриямның үйіне жиі барып тұрған. Бұл үшеуі Исаның жақын достары еді. Киелі кітапта: “Иса Мартаны, оның сіңлісі мен Елазарды жақсы көретін”,— делінген (Жохан 11:3—5).

5, 6. а) Иса Елазардың бауырлары мен достарының қайғырып жатқанын көргенде, не сезінді? ә) Исаның оларға жаны ашығанынан не білеміз?

5 Бір күні Елазар қайтыс болады. Сонда Иса Марта мен Мәриямды жұбату үшін жолға шығады. Мұны естіген Марта оның алдынан шықпақ болады. Исаны көріп қатты қуанғанымен, ол: “Ием, осында болғаныңызда, бауырым өлмес еді”,— дейді. Оның ойынша, Иса тым кеш келген еді. Кейін бауырын жоқтап Мәриям да келеді. Мәриям мен қасындағылардың жылап жатқанын көргенде, Исаның жүрегі ауырып, көзіне жас алады (Жохан 11:21, 33, 35). Иә, Исаның оларға қатты жаны ашыды.

6 Жақынымыздың өлімі бізге қаншалықты ауыр тиетінін Иса жақсы түсінеді. Ал Иса көктегі Әкесіне қатты ұқсайды, сондықтан біздің қайғымызды Ехоба да жақсы түсінетініне сенімді бола аламыз (Жохан 14:9). Ехобаның өлімді біржола жоқ қылуға күші жетеді, әрі ол жақында солай істейді де.

“ЕЛАЗАР, ШЫҚ!”

7, 8. Марта қабірдің аузындағы тасты алып тастауға неге қарсы болды? Ал Иса не істеді?

7 Иса Елазардың денесі қойылған үңгірге барды. Үңгірдің аузы үлкен таспен бекітілген екен. Иса: “Тасты алып тастаңдар”,— деді. Алайда мәйіттің жатқанына төрт күн болғандықтан, Марта бұған қарсы болды (Жохан 11:39). Ол Исаның не істемек ойы бар екенін білмеген еді.

Елазар тірілгенде, оның бауырлары мен достарының қуанышында шек болмады! (Жохан 11:38—44)

8 Тас алынып тасталған соң, Иса: “Елазар, шық!”— деді. “Сол кезде аяқ-қолы кебінге оралған марқұм қабірден шықты!” (Жохан 11:43, 44). Неткен ғажап, Иса Елазарды тірілтті! Інілерін көріп, Марта мен Мәриям қатты қуанды! Осылай Елазар әпкелерімен, достарымен қайта қауышты. Олар Елазарды құшағына алып, онымен сөйлесті.

“ҚЫЗЫМ, САҒАН АЙТАМЫН, ТҰРА ҒОЙ!”

9, 10. а) Исаға адамдарды тірілтетін күшті кім берді? ә) Адамдардың тірілгені жайлы оқиғалардан қандай ой түйеміз?

9 Иса адамдарды өз күшімен тірілткен бе? Жоқ. Елазарды тірілтпес бұрын Иса Ехобаға дұға еткен. Сол кезде Ехоба оған күш берген (Жохан 11:41, 42 оқыңыз). Иса басқа адамдарды да тірілткен. Киелі кітапта қатты науқастанып қалған 12 жасар қыз туралы айтылады. Оның Жайыр есімді әкесі Исадан қызын сауықтыруды жалынып сұрайды. Ол оның жар дегенде жалғыз қызы болатын. Жайыр Исамен сөйлесіп тұрғанда, үйінен бір кісілер келіп: “Қызыңыздан айырылып қалдық. Енді Ұстазды әурелемей-ақ қойыңыз”,— дейді. Мұны естігенде Иса Жайырға: “Қорықпаңыз, тек сеніміңіз болсын!”— дейді де, оған еріп үйіне барады. Жоқтап жылап жатқан жұртты көріп Иса: “Жыламаңыздар! Қыз өлген жоқ, ұйықтап жатыр”,— дейді. Қыздың ата-анасы бұл сөздерді түсінбей, аң-таң болып қалады. Сонда Иса адамдардан үйден шығуды өтініп, қыз жатқан бөлмеге оның ата-анасын алып кіреді. Иса ақырын ғана қыздың қолынан ұстап: “Қызым, саған айтамын, тұра ғой!”— дейді. Ол бірден түрегеліп, жүре бастайды. Осы кезде оның ата-анасы қалай қуанғанын елестетіп көріңізші! Иса олардың аяулы қыздарын тірілтті (Марқа 5:22—24, 35—42; Лұқа 8:49—56). Олар Ехобаның Иса арқылы жасаған осы кереметін ұмытпағандарында сөз жоқ *.

10 Иса тірілткен адамдар кейін бәрібір өмірден өткен. Сонда оларды тірілту бекер болған ба? Жоқ. Киелі кітапта жазылған бұл оқиғалар Ехобаның қайтыс болғандарды тірілткісі келетінін және болашақта тірілтетінін көрсетеді.

ТІРІЛГЕН АДАМДАР ТУРАЛЫ ОҚИҒАЛАРДАН БІЛЕТІНІМІЗ

Елші Петір Дорка есімді сенуші әйелді тірілтті (Елшілердің істері 9:36—42)

Ілияс жесір әйелдің баласын тірілтті (Патшалар 1-жазба 17:17—24)

11. Уағыздаушы 9:5-ке сай, қайтыс болған Елазар қандай күйде болды?

11 Киелі кітапта “өлгендер ештеңе білмейді” деп анық жазылған. Қайтыс болған Елазардың жағдайында да солай болды (Уағыздаушы 9:5). Иса сипаттағандай, Елазар ұйықтап жатқандай күйде болған (Жохан 11:11). Қабірде жатқанында, ол ештеңе білмеген.

12. Елазардың шынымен де тірілгенін қайдан білеміз?

12 Елазардың тірілгеніне көп адам куә болған. Исаның жаулары да бұл кереметті жоққа шығара алмады. Елазардың тірі жүргені бұл кереметтің шынымен орын алғанын дәлелдеді (Жохан 11:47). Оны көру үшін көп адам келді. Нәтижесінде олар да Исаны Құдайдың өзі жібергеніне сене бастады. Исаның дұшпандарына бұл ұнамады. Сондықтан олар Иса мен Елазарды өлтіруді ойластырды (Жохан 11:53; 12:9—11).

13. Ехоба өлгендерді тірілте алатынына неліктен сенімдіміз?

13 Иса “есте сақтау қабірінде” жатқандардың бәрі тірілетінін айтқан (Жохан 5:28, сілтеме). Демек, Ехобаның есінде сақталған марқұмдардың бәрі өмірге қайта оралады. Оларды тірілту үшін, Ехоба сол адамдар жайлы барлық нәрсені білуі қажет. Оның осындай қабілетіне еш күмәніміз болмасын. Дәлел ретінде жұлдыздарды алайық. Ғаламда миллиардтаған жұлдыз бар. Киелі кітапта Ехоба әрбір жұлдызды атымен атайтыны жазылған (Ишая 40:26 оқыңыз). Егер ол әр жұлдыздың атын есінде сақтай алса, тірілтетін адамдар жайында да барлық жайтты есінде сақтай алады. Бұған қоса, Ехоба күллі тіршілікті жаратқандықтан, оның қайтыс болғандарды тірілтуге құдіреті жетеді.

14, 15. Әйүптің өлгендердің тірілуі жайлы айтқандарынан не білеміз?

14 Әйүп деген әділ кісі өмірден өткендердің тірілетініне сенген. Ол: “Адам өлсе, қайтадан өмір сүре ала ма?”— деп сұраған. Сосын ол Ехобаға былай деген: “Сен шақырғанда, жауап беремін. Сен өз қолыңнан шыққан жаратылысты көруді аңсайсың”. Иә, Ехобаның қайтыс болған адамдардың бәрін тірілтетін уақытты асыға күтіп отырғанын Әйүп пайғамбар білген (Әйүп 14:13—15).

15 Өлгендердің тірілетіні жайлы білгенде, не сезіндіңіз? “Қайтыс болып кеткен туыстарым мен достарым расында да тіріле ме?” деп ойлаған шығарсыз. Ехобаның оларды тірілтуді шынымен қалайтыны жанымызға жұбаныш береді. Ал қазір кімдер тірілетіні, тірілген соң олар қайда өмір сүретіні жайлы Киелі кітапта не делінгенін көрейік.

“ОНЫҢ ДАУСЫН ЕСТІП, ҚАБІРДЕН ШЫҒАДЫ”

16. Адамдар тірілгенде, жер бетіндегі өмір қандай болады?

16 Бұрынғы заманда тірілген адамдар жақындарымен әрі достарымен жер бетінде қауышқан. Болашақта адамдар тірілгенде де дәл солай болады. Бірақ олар қазіргіден әлдеқайда жақсы өмір сүретін болады. Себебі ешқашан өлмей, жер бетінде мәңгі өмір сүре алады. Ол кезде дүниедегі жағдай да қазіргіден мүлдем басқаша болады. Соғыс, қылмыс пен ауру атымен болмайды.

17. Кімдер тірілетін болады?

17 Кімдер тірілетін болады? Иса қабірдегілердің бәрі оның даусын естіп, қабірден шығатынын айтқан (Жохан 5:28, 29). Ал Аян 20:13-те: “Теңіз өзіндегі өлілерді берді, өлім мен көр де өздеріндегі өлілерді берді”,— делінген. Иә, қайтыс болған миллиардтаған адам қайта өмір сүреді. Сондай-ақ елші Пауыл “Құдайдың әділдерді де, әділетсіздерді де қайта тірілтетінін” айтқан (Елшілердің істері 24:15 оқыңыз). Бұл сөздер нені білдіреді?

Жұмақ орнаған жер бетінде өлгендер тіріліп, жақындарымен қауышады

18. “Әділдерге” кімдер жатады?

18 “Әділдерге” Иса жерге келмес бұрын өмір сүрген Ехобаның адал қызметшілері жатады. Мысалы, Нұх, Ыбырайым, Сара, Мұса, Дәуіт есімді кісілер. Олар жер бетінде өмір сүру үшін тіріледі. Сол адал кісілердің кейбірі жөнінде Еврейлерге арналған хаттың 11-тарауынан оқи аласыз. Ал біздің күндерімізде өмірден өткен Ехобаның адал қызметшілері жайында не деуге болады? Олар да әділ адамдардың қатарына жатады, сондықтан тіріледі.

19. “Әділетсіздерге” кімдер жатады? Ехоба оларға қандай мүмкіндік береді?

19 Ал “әділетсіздерге” Ехобаны танып-білуге мүмкіндіктері болмай қайтыс болып кеткен миллиардтаған адам жатады. Ехоба оларды да ұмыт қалдырмай тірілтеді. Сонда олар үшін Ехоба жайлы білім алып, оған ғибадат ету мүмкіндігі туады.

20. Қандай адамдар тірілмейді?

20 Бұл қайтыс болғандардың бәрі бірдей тіріледі дегенді білдіре ме? Жоқ. Иса кейбір адамдардың тірілмейтінін айтқан (Лұқа 12:5). Олай болса, кімнің тіріліп, кімнің тірілмейтінін кім шешеді? Ехоба ең жоғарғы Төреші болғандықтан, ақырғы шешімді айтатын — сол. Бірақ ол Исаға да “өлілер мен тірілерді соттауға” билік берген (Елшілердің істері 10:42). Зұлым әрі өзгергісі келмейтін қыңыр деп табылған адамдар тірілмейді (19-түсіндірмені қараңыз).

КӨКТЕ ӨМІР СҮРУ ҮШІН ТІРІЛУ

21, 22. а) Көкте өмір сүретіндер қандай денемен тіріледі? ә) Көкте өмір сүру үшін тірілген алғашқы тұлға кім болды?

21 Киелі кітапта кейбір адамдардың көкте өмір сүру үшін тірілетіні айтылған. Олар адам болып емес, көзге көрінбейтін рухани тұлға болып тіріледі.

22 Рухани тұлға болып тірілгендердің ең алғашқысы Иса еді (Жохан 3:13). Өлгеннен кейін үш күн өткенде, Ехоба оны тірілтіп алды (Зәбүр 16:10; Елшілердің істері 13:34, 35). Бірақ Иса адами денемен тірілген жоқ. Себебі елші Пауыл түсіндіргендей, “ет пен қаннан тұратын дене Құдай Патшалығын мұра ете алмайды” (Қорынттықтарға 1-хат 15:50). Ол күшті рухани тұлға болып тірілді (Қорынттықтарға 1-хат 15:3—6). Бірақ Киелі кітаптан кейбір адамдардың да көкте өмір сүру үшін тірілетінін білеміз.

23, 24. Иса айтқан кішкене отарға кімдер жатады? Олардың саны қанша?

23 Өлер алдында Иса адал шәкірттеріне: “Мен сендерге орын дайындауға бара жатырмын”,— деген (Жохан 14:2). Демек, Исаның ізбасарларының кейбірі онымен бірге көкте өмір сүру үшін тіріледі. Олардың саны қанша болмақ? Иса олардың азғана болатынына нұсқап, оларды “кішкене отар” деп атады (Лұқа 12:32). Бірде елші Жохан аян алып, бейнелі тауда тұрған Исаны және қасында тұрған 144 000-ды көреді. Осыдан көкте өмір сүретіндердің нақты санын білеміз (Аян 14:1).

24 Иса Мәсіхтің көкте өмір сүретін 144 000 ізбасары қашан тіріледі? Киелі кітапта олардың Иса көкте билік етуді бастаған соң тірілетіні айтылған (Қорынттықтарға 1-хат 15:23). Біз қазір сол кезеңде өмір сүріп жатырмыз және 144 000-ның көбісі тіріліп қойған. Ал жерде өмір сүріп жатқан қалғандары болса қайтыс болған соң бірден көкке көтеріледі. Алайда өмірден өткен адамдардың басым көпшілігі болашақта жер бетінде орнайтын жұмақта өмір сүру үшін тіріледі.

25. Келесі тарауда не туралы білеміз?

25 Жақын арада Ехоба адамзатты өлімнен азат етеді. Сонда өлім мәңгіге жойылады (Ишая 25:8 оқыңыз). Бірақ көкке баратындарға қатысты мынадай сұрақ туындайды: олар көкте не істейді? Киелі кітапта олардың Иса Мәсіхпен бірге көктегі үкіметте билік ететіні айтылады. Бұл үкімет жайлы келесі тараудан көбірек білетін боламыз.

^ 9-абзац Киелі кітаптың басқа жерлерінде кәрі-жас, әйел-еркек, исраилдік не жатжерлік адамдардың тірілгені жайлы жазылған. Бұл оқиғаларды мына тармақтардан оқи аласыз: Патшалар 1-жазба 17:17—24; Патшалар 2-жазба 4:32—37; 13:20, 21; Матай 28:5—7; Лұқа 7:11—17; 8:40—56; Елшілердің істері 9:36—42; 20:7—12.