Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

СЕГІЗІНШІ ТАРАУ

Құдайдың Патшалығы деген не?

Құдайдың Патшалығы деген не?

1. Біз қандай дұғаны қарастырамыз?

БІРДЕ Иса Мәсіх шәкірттеріне Құдайға не туралы дұға айту керектігін үйретті. Көпке танымал болып кеткен осы дұғаның біз үшін де маңызы зор. Олай болса, қазір осы дұғаның мазмұнына тоқталайық.

2. Иса қандай үш жайт туралы дұға айтуды үйретті?

2 Иса дұғасында былай деген: “Көктегі Әкеміз, сенің есімің киелі тұтылсын! Сенің Патшалығың келсін! Сенің еркің көктегідей жер бетінде де орындалсын!” (Матай 6:9—13 оқыңыз). Осы үш жайт туралы дұға айту не үшін маңызды? (20-түсіндірмені қараңыз.)

3. Осы тарауда Құдай Патшалығы туралы не білеміз?

3 Біз Құдайдың есімі Ехоба екенін білдік. Ехобаның жер мен адамзат үшін қандай еркі немесе ниеті бар екенін де қарастырдық. Ал Исаның “Сенің Патшалығың келсін!” деген сөздері нені білдіреді? Құдайдың Патшалығы деген не? Ол болашақта не істейді? Ол Құдайдың есімін қалай киелі етеді? Бұл тарауда осы сұрақтардың жауабын білеміз.

ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫ ДЕГЕН НЕ?

4. Құдай Патшалығы деген не және оның Патшасы кім?

4 Ехоба көкте өз үкіметін орнатты. Бұл үкімет Киелі кітапта Құдай Патшалығы деп аталады. Оның Патшасы Иса — “патшалардың Патшасы, иелердің Иесі” (Тімөтеге 1-хат 6:15). Ол жер бетіндегі кез келген билеушіден де көп жақсылық жасай алады, оның күші сол патшалардың бәрінің күшінен асып түседі.

5. Құдай Патшалығы қайда? Ол ненің үстінен билік етеді?

5 Иса тірілгеннен кейін 40 күн өткен соң көкке оралды. Уақыт өте Ехоба оны Патшалығының Патшасы етіп тағайындады (Елшілердің істері 2:33). Бұл үкімет жер бетіне көктен билік ететін болады (Аян 11:15). Сондықтан Киелі кітапта ол “Көктегі Патшалық” деп те аталады (Тімөтеге 2-хат 4:18).

6, 7. Иса жердегі патшалардан несімен ерекше?

6 Киелі кітапта Иса туралы “өлместікке сол ғана ие” делінген. Сол үшін де Иса жер бетіндегі кез келген билеушіден асып түседі (Тімөтеге 1-хат 6:16). Ел билеушілерінің барлығы ертелі-кеш өмірден өтеді. Ал Иса ешқашан өлмейді. Оның жасайтын игі істері де мәңгіге жалғасады.

7 Ишая пайғамбар Исаның әділ әрі жанашыр Патша болатынын алдын ала айтқан. Ол былай деген: “Оған Ехобаның рухы қонып, Даналық пен мол түсінік дарытады, Ол керемет кеңесші, зор күш пен мол білім иесі болады, Әрі Ехобаны барынша қастерлейтін болады. Ехобадан қорқу оған қуаныш сыйлайды. Ол тек көргеніне сай төрелік етпейді, Тек естігеніне сай түзетпейді. Қайта, жарлыға әділ үкім шығарады” (Ишая 11:2—4). Сіз осындай Патшаның қол астында өмір сүргіңіз келе ме?

8. Исаның жалғыз өзі ғана билік етпейтінін қайдан білеміз?

8 Құдай Исамен бірге көктегі үкіметте билік етуге кейбір адамдарды да таңдаған. Мысалы, елші Пауыл Тімөтеге: “Табандылық таныта берсек, онымен бірге патша ретінде билік етеміз”,— деген (Тімөтеге 2-хат 2:12). Исамен бірге патшалық ететіндердің саны қанша?

9. Исамен бірге тағы қанша патша болады? Құдай оларды таңдауын қашан бастады?

9 Жетінші тараудан білгеніміздей, елші Жохан аян алғанда Исамен бірге 144 000 патшаның тұрғанын көрген. Бұлар кімдер? Жохан олардың “маңдайларына Тоқтының [яғни Исаның] есімі мен оның Әкесінің есімі жазылғанын” айтқан (Аян 14:1 оқыңыз). Жохан олар жайында тағы былай деді: “Бұлар... Тоқты қайда бармасын, оған еріп жүретіндер. Олар адамдар арасынан... сатып алынды” (Аян 14:4). Құдай 144 000 патшаны адал мәсіхшілердің арасынан таңдап алған. Олар қайтыс болған соң, көкте өмір сүру үшін тіріліп, Исамен бірге “жер бетіне билік жүргізеді” (Аян 5:10). Ехоба 144 000 адамды таңдауды I ғасырдағы елшілердің заманынан бастады.

10. Адамзаттың үстінен Иса мен 144 000 патшаның билік ететінінен Ехобаның сүйіспеншілігі қалай көрінеді?

10 Исаның және 144 000 адамның билік ететіні Ехобаның қамымызды ойлайтынын көрсетеді. Исаның жақсы Патша болатынында күмән жоқ. Өйткені ол бізді түсінеді, ол адам болып өмір сүрудің, қиындық көрудің не екенін біледі. Елші Пауыл Исаның әлсіздіктерімізге жанашырлықпен қарайтынын, “өзіміз сияқты барлық жағынан сыналғанын” айтқан (Еврейлерге 4:15; 5:8). 144 000 патшамыз да бізді жақсы түсінеді. Өйткені олар да кемелсіздіктің, аурудың зардабын тартқан. Біз Иса мен 144 000 патшаның сезімдерімізді де, қиыншылықтарымызды да жақсы түсінетініне сенімдіміз.

ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫ БОЛАШАҚТА НЕ ІСТЕЙДІ?

11. Көкте Құдайдың еркі барлық кезде орындалған ба?

11 Иса шәкірттеріне Құдай еркінің көктегідей жер бетінде де орындалуын дұғада сұрауды үйреткен. Бірақ көкте барлығы бірдей Құдайдың еркін орындамаған кез болған. 3-тараудан білгеніміздей, Шайтан Ехобаға қарсы шықты. Осы бүліктен кейін Ехоба Шайтан мен жындардың, яғни адалдықтан тайған періштелердің белгілі бір уақыт көкте қалуына жол берген. Сондықтан көкте барлық кезде Құдайдың еркі орындалған дей алмаймыз. Біз Шайтан мен жындар туралы 10-тараудан көбірек білеміз.

12. Аян 12:10-да қандай екі маңызды оқиға жайында жазылған?

12 Киелі кітапта Исаның Құдай Патшалығының Патшасы болған соң көп ұзамай Шайтанмен соғысқаны жазылған (Аян 12:7—10 оқыңыз). 10-тармақтан маңызды екі оқиға жайлы оқимыз: көкте Патшалық орнап, Иса билік етуін бастады және Шайтан көктен жерге лақтырылды. Алда білетініміздей, бұл оқиғалар орындалып қойған.

13. Шайтан қуылғанда, көкте не болды?

13 Киелі кітапта Шайтан мен жындар көктен қуылғанда, адал періштелердің қатты қуанғаны сипатталған. Онда: “Көк және оны мекендейтіндер, қуаныңдар!”— делінген (Аян 12:12). Көкте Құдайдың еркін орындайтын жаратылыстар ғана қалғандықтан, енді онда тыныштық пен бірлік бар.

Шайтан мен жын-перілер көктен қуылғаннан бері жер бетінде қасірет көбейді. Бірақ жақында қайғы-қасірет атымен болмайды

14. Шайтанның жерге түскені адамзатқа қалай әсер етті?

14 Бірақ жердегі жағдай мүлдем басқа. Киелі кітапта: “Ібіліс сендерге түсті. Ол өз уақытының аз қалғанын білгендіктен қатты ашулы”,— деп айтылған (Аян 12:12). Шайтанның жерге түскені адамдарға көп қасірет әкелді. Оның үстіне, Шайтан өте ызалы, себебі көктен қуылды және жуырда өзінің жойылатынын біледі. Ол бүкіл жерді азапқа, қасірет пен қиындыққа толтыру үшін барын салуда.

15. Құдайдың жерге қатысты ниеті қандай?

15 Бірақ Құдайдың жерге қатысты ниеті еш өзгерген жоқ. Ол жұмақ орнаған жер бетінде кемелді адамдардың мәңгі өмір сүргенін әлі де қалайды (Зәбүр 37:29). Мұны Құдайдың Патшалығы жүзеге асырады.

16, 17. Даниял 2:44-тен Құдайдың Патшалығы жайлы не білеміз?

16 Даниял 2:44-те мынадай пайғамбарлық жазылған: “Сол патшалардың күндерінде көктегі Құдай ешқашан жойылмайтын патшалық орнатады. Бұл патшалық басқа халықтың қолына өтпейді. Ол сол патшалықтардың бәрін қиратып, өзі мәңгі тұрады”. Бұл сөздерден Құдайдың Патшалығы жайлы не білеміз?

17 Біріншіден, Құдайдың Патшалығы “сол патшалардың күндерінде” орнайды. Демек, Құдайдың Патшалығы жердегі үкіметтердің тұсында билік етуін бастайды. Екіншіден, ол мәңгі тұрады және басқа ешқандай үкімет оны алмастырмайды. Үшіншіден, Құдайдың Патшалығы мен жердегі үкіметтердің арасында соғыс болады. Бұл соғыста Құдайдың Патшалығы жеңіске жетіп, бүкіл жерге билік ететін жалғыз үкімет болады. Сол уақытта адамдар теңдесі жоқ үкіметтің қол астында өмір сүреді.

18. Құдайдың Патшалығы мен жердегі үкіметтердің арасындағы шешуші соғыс қалай аталады?

18 Құдай Патшалығы мен жердегі үкіметтердің арасындағы соғыс қалай басталады? Армагеддон деп аталатын бұл шешуші соғыстың алдында жындар жержүзінің патшаларын адастырады. Сөйтіп, оларды “Құдіреті шексіз Құдайдың ұлы күні болатын соғысқа жинап әкеледі”. Сонда жердегі үкіметтер Құдайдың Патшалығына қарсы соғысқа шығады (Аян 16:14, 16; 10-түсіндірмені қараңыз).

19, 20. Біз Құдайдың Патшалығына не себепті мұқтажбыз?

19 Адамзат Құдайдың Патшалығына өте мұқтаж. Мұның кем дегенде үш себебі бар. Біріншіден, біз күнәкар пенделерміз, ауырамыз және өлеміз. Алайда Киелі кітапта Құдай Патшалығының қол астында біздің мәңгі өмір сүретініміз айтылған. Жохан 3:16-да: “Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, өзінің жалғыз Ұлын құрбан етті. Енді оған сенген әркім жойылмай, мәңгілік өмірге ие бола алады”,— делінген.

20 Бізге Құдайдың Патшалығы қажет екендігінің екінші себебі — зұлым адамдардың көптігі. Олар өтірік айтып, алаяқтық пен азғындыққа барады. Оларды тоқтату біздің қолымыздан келмейді. Райынан қайтпайтын бұл зұлымдарды Құдай Армагеддонда жояды (Зәбүр 37:10 оқыңыз). Ал үшіншіден, жердегі үкіметтер дүниедегі қиындықтарды толығымен шешуге дәрменсіз, олар тіпті қатыгез әрі әділетсіз. Олар халыққа Құдайға мойынсұнуға мүлдем көмектеспейді. Киелі кітапта: “Адамның адамға билік етуі тек зиян келтіреді”,— деп бекер айтылмаған (Уағыздаушы 8:9).

21. Көктегі Патшалық жер бетінде Құдайдың еркін қалай жүзеге асырады?

21 Армагеддоннан кейін Құдай Патшалығы жер бетінде Құдайдың еркін жүзеге асырады. Мысалы, жерді Шайтан мен жындардан тазартады (Аян 20:1—3). Адамдардың ешқайсысы ауырмайтын, өлмейтін болады. Төлемнің арқасында барлық адал жандар жердегі жұмақта мәңгі жасай алады (Аян 22:1—3). Сондай-ақ Құдай Патшалығы Құдайдың есімін киелі етеді. Бұл — осы үкіметтің тұсында барлық адам Құдайдың есімін құрмет тұтады деген сөз (21-түсіндірмені қараңыз).

ИСА ҚАШАН ПАТША БОЛДЫ?

22. Иса жерде болған кезінде немесе тіріле салысымен Патша болмағанын қайдан білеміз?

22 Иса шәкірттерін Құдайға: “Сенің Патшалығың келсін!”— деп дұға етуді үйреткен. Демек, Құдай Патшалығы болашақта келмек еді. Бұл үшін Ехоба үкіметін орнатып, Исаны сол үкіметтің Патшасы етуі керек еді. Ал Иса қашан Патша болды? Көкке бара салысымен бе? Жоқ, оған біраз уақыт күту керек болды. Иса тірілгеннен шамалы уақыт өткен соң, елші Петір мен Пауыл бұл жайтты нақтылай түсті. Олар Зәбүр 110:1-де жазылған пайғамбарлықтың Исаға қатысты екенін айтты. Онда Ехобаның: “Жауларыңды аяғыңның астына салып бергенімше, Оң жағымда отыр”,— деген сөздері жазылған (Елшілердің істері 2:32—35; Еврейлерге 10:12, 13).

Құдай Патшалығы Құдайдың жер бетіне қатысты ниетін жүзеге асырады

23. а) Иса қашан Құдайдың үкіметінің Патшасы болды? ә) Келесі тараудан не туралы білеміз?

23 Сонымен, Иса Патша ретінде билік етуін қашан бастады? 1914 жылы. Бұдан көп жыл бұрын шынайы мәсіхшілерден құралған шағын топ 1914 жылдың маңызды жыл болатынын зерттеп білді. Олар осы жылдан бастап Киелі кітаптағы көп пайғамбарлық орындалатынын түсінді. 1914 жылдан бері әлемде болып жатқан оқиғалар мұны растады. Иса да Патша ретінде билік етуін осы жылы бастады (Зәбүр 110:2). Сосын Шайтан жерге қуылды. Оның өте аз уақыты қалды (Аян 12:12). Бұл уақыт аралығы Киелі кітапта “соңғы күндер” деп аталады. Келесі тарауда біздің осы кезеңде өмір сүріп жатқанымыз түсіндіріледі. Сондай-ақ жақын арада Құдай Патшалығы жер бетінде Құдайдың ниетін іске асыратыны айтылады (22-түсіндірмені қараңыз).