Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ

Дүниенің соңы жақын ба?

Дүниенің соңы жақын ба?

1. Болашақ туралы қайдан білуге болады?

СІЗ жаңалықтар көрген кезде “Бұл заман өзі не болып барады?” деп уайымдайтын шығарсыз. Бүгінде қайғылы жағдайлар мен қатыгездік көптеп орын алып жатқандықтан, кейбіреулер заманның ақыры келіп қалды деп ойлайды. Бұл рас па? Болашақта не болатынын білуге бола ма? Иә, мұны бізге Ехоба Құдай айта алады. Адамдардан ерекшелігі — ол адамзатты және жер бетін қандай болашақ күтіп тұрғанын біледі. Ол бұны Киелі кітапқа жаздырып қойған (Ишая 46:10; Жақып 4:14).

2, 3. Исаның шәкірттері не туралы білгісі келген? Иса оларға не деп жауап берді?

2 Киелі кітапта дүниенің соңы келетіні айтылған. Бірақ бұл Жер планетасының емес, зұлымдықтың соңы келетінін білдіреді. Сол кезде Иса айтқандай, жер бетіне Құдай Патшалығы билік етеді (Лұқа 4:43). Исаның шәкірттері осы Патшалықтың қашан орнайтынын білгісі келіп: “Бұл қашан болады? Сіздің осында болуыңыз бен осы заманның аяқталып қалғанын қандай белгі білдірмек?”— деп сұраған (Матай 24:3). Иса оларға дүниенің соңы нақты қай күні келетінін айтқан жоқ. Десе де соның алдында қандай оқиғалар болатынын айтып кетті. Сол оқиғалар дәл біздің күндерімізде орындалып жатыр.

3 Осы тарауда біз дүниенің соңы жақындап қалған уақытта өмір сүріп жатқанымызға көз жеткізетін боламыз. Бұл үшін алдымен көкте болған соғыс жайлы білуіміз керек. Сонда жер бетіндегі жағдайдың не себепті нашарлап кеткенін түсінеміз.

КӨКТЕГІ СОҒЫС

4, 5. а) Иса Патша болған соң, көкте не болды? ә) Аян 12:12-ге сай, Шайтанның қуылғаны жердегілерге қалай әсер етпек еді?

4 8-тарауда біз Исаның 1914 жылы көкте Патша болғанын білдік (Даниял 7:13, 14). Сол уақытта көкте не болғаны Аян кітабында былай суреттеледі: “Көкте соғыс бұрқ ете түсті: Микайл [яғни Иса] мен періштелері айдаһармен [Шайтанмен] соғысты. Айдаһар да өз періштелерімен бірге олармен соғысты” *. Бұл шайқаста Шайтан мен жын-перілер жеңіліске ұшырап, жерге лақтырылды. Сонда көктегі адал періштелердің қуанышында шек болмады! Шайтанның қуылғаны жердегілерге қалай әсер етті? Киелі кітапта олардың қиын кезеңді бастан өткізетіні айтылған. Себебі Ібіліс “өз уақытының аз қалғанын білгендіктен қатты ашулы” (Аян 12:7, 9, 12).

5 Ібіліс жер бетін азапқа толтыру үшін бар күшін салуда. Құдай жақында оның барлық әрекетін тоқтататындықтан, Шайтан әбден қаһарына мінген. Оның жер бетін билеп-төстейтін уақыты Киелі кітапта “соңғы күндер” деп аталады. Қазір соңғы күндерде орын алатын жайттарға қатысты Исаның айтқандарына тоқталып өтейік (24-түсіндірмені қараңыз).

СОҢҒЫ КҮНДЕР

6, 7. Исаның соғыс пен ашаршылыққа қатысты сөздері бүгінде қалай орындалып жатыр?

6 Соғыс. Иса: “Ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанады”,— деген (Матай 24:7). 1914 жылдан бергі соғыстарда бұрын-соңды болмағандай көп адам қаза тапты. Әлемдік оқиғаларды зерттейтін бір ұйымның есебіне сай, қаза тапқандардың саны 100 миллионнан асады. Ал 1900—2000 жылдар аралығындағы соғыстарда қайтыс болғандардың саны 1900 жылға дейінгі соғыстарда қаза болғандардың санынан үш есе көп. Иә, соғыстың қаншама адамға қасірет әкелгенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

7 Ашаршылық. Иса: “Түрлі жерлерде ашаршылық пен жер сілкіністері болады”,— деп айтқан (Матай 24:7). Бүгінде азық-түлік молынан өндіріліп жатса да, көп адам тамаққа жарымай жүр. Неге? Себебі олардың азық-түлік сатып алатын қаражаттары не егін егетін жерлері жоқ. Жер тұрғындарының шамамен 10 пайызы тақыр кедейліктің зардабын тартуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, жейтін тамақтары болмай, ауруға шалдыққандықтан, жыл сайын миллиондаған бала өледі екен.

8, 9. Исаның жер сілкіністері мен аурулар туралы айтқандары қалай орындалып жатыр?

8 Жер сілкіністері. Иса: “Қатты жер сілкіністері болады”,— деп айтып кеткен (Лұқа 21:11). Әр жылда жойқын жер сілкіністері болады деп күтіледі. 1900 жылдан бері жер сілкінісінің кесірінен екі миллионнан аса адам қаза болған. Бүгінде жаңа технологияның көмегімен жер сілкінісін алдын ала болжау мүмкін болып отырғанмен, одан әлі де көп адам қаза табуда.

9 Ауру-індет. Иса түрлі жерлерде індеттер болатынын айтқан. Яғни тез тарап, көп адамның өмірін жалмап кететін қауіпті аурулар шықпақ еді (Лұқа 21:11). Дәрігерлер біршама ауруға ем тапқанмен, емі жоқ аурулар әлі де көп. Туберкулёз, безгек, қатерлі ісік сияқты аурулардан жыл сайын көп адам көз жұмады. Бұған қоса, дәрігерлер соңғы 40 жылда аурудың тағы 30-дан аса түрі табылғанын және олардың кейбірі еш емделмейтінін мәлімдейді.

СОҢҒЫ КҮНДЕРДЕГІ АДАМДАР

10. Тімөтеге 2-хат 3:1—5 тармақтардағы сөздер бүгінде қалай орындалуда?

10 Тімөтеге 2-хат 3:1—5 тармақтарда: “Соңғы күндері ерекше қиын уақыт болады”,— делінген. Елші Пауыл бұл кезеңде көп адамның мінез-құлқы келесідей болатынын айтып кетті:

  • өзімшіл

  • ақшақұмар

  • ата-анасына бағынбайтын

  • сатқын

  • бауырмалдықтан жұрдай

  • ұстамсыз

  • қатыгез, дөрекі

  • Құдайдан гөрі ләззат-ермекті жақсы көретін

  • Құдайды сүйетіндей көрінгенмен, оған мойынсұнбайтын.

11. Зәбүр 92:7-ге сай, жаман адамдармен не болады?

11 Сіз тұратын жерде адамдар осындай ма? Дүниежүзі бойынша көп адам осындай мінез-құлық танытады. Бірақ Құдай бұған жай қарап отыра бермейді. Киелі кітапта: “Зұлымдар шөптей қаулайды, Күнәкарлар өркендейді, Ақырында олар мәңгіге құриды”,— делінген (Зәбүр 92:7).

СОҢҒЫ КҮНДЕРДЕГІ ЖАҚСЫ ХАБАР

12, 13. Соңғы күндері Ехоба бізге қандай жайттарды ашты?

12 Рас, Киелі кітапта соңғы күндері дүниенің азап пен қасіретке толатыны айтылған. Бірақ онда жақсы хабар да бар.

“Патшалық жайлы осы ізгі хабар бүкіл жер бетінде уағыздалады” (Матай 24:14).

13 Киелі кітапты түсіну. Соңғы күндер жайында айта келе Даниял пайғамбар: “Шынайы білім молая түседі”,— деген (Даниял 12:4). Демек, Құдай өз халқына Киелі кітапты бұрынғыдан да жақсы түсінетін қабілет бермек еді. 1914 жылдан бері Ехоба осылай етіп келеді. Мысалы, ол бізге өз есімінің мағынасын және жерге қатысты ниетін ашты. Сондай-ақ төлем туралы, өлген соң адаммен не болатынын, қайтыс болған адамдардың болашақта тірілетінін айтты. Біз қиындықтарымыздың бәрін Құдай Патшалығы ғана шеше алатынын білдік. Бақытты болу үшін, Құдайға ұнамды өмір сүру үшін не істей алатынымызды білдік. Қазір Құдайдың қызметшілері алған білімдерін қалай қолданатынына қатысты бір пайғамбарлықта не делінгенін көрейік (21, 25-түсіндірмелерді қараңыз).

14. Патшалық туралы ізгі хабар қандай көлемде уағыздалуда? Оны кімдер уағыздап жатыр?

14 Дүниежүзі бойынша уағыздау ісі. Иса соңғы күндер туралы айтқанда: “Патшалық жайлы осы ізгі хабар барлық халықтар есту үшін бүкіл жер бетінде уағыздалады”,— деген (Матай 24:3, 14). Патшалық туралы ізгі хабар бүгінде 240 елде 900-ден аса тілде уағыздалып жатыр. Бұл хабарды “әрбір ұлттан, рудан” шыққан Ехоба куәгерлері айтып жүр. Олар жердің түкпір-түкпіріндегі адамдарға Патшалықтың не екенін, оның адамзат үшін не істейтінін уағыздайды (Аян 7:9). Олар бұл істі тегін атқарады. Иса алдын ала айтып кеткендей, оларды көп адам жек көріп, қудаласа да, уағыз ісін ештеңе тоқтатып жатқан жоқ (Лұқа 21:17).

СІЗ НЕ ІСТЕЙСІЗ?

15. а) Сіз соңғы күндері өмір сүріп жатқанымызға неліктен сенімдісіз? ә) Ехобаға мойынсұнбайтын адамдарды не күтіп тұр? Ал мойынсұнатындарды ше?

15 Сіз соңғы күндері өмір сүріп жатқанымызға сенесіз бе? Киелі кітапта бұл кезеңге қатысты айтылған көп пайғамбарлық бүгінде орындалып жатыр. Жақында Ехоба ізгі хабарды уағыздау ісін тоқтатады. “Содан кейін осы заманның соңы келеді” (Матай 24:14). Бұл Құдай зұлымдықты түптамырымен жоқ қылатын Армагеддон шайқасы болатынын білдіреді. Ехоба Иса мен күшті періштелері арқылы өзіне және Ұлына мойынсұнбағандарды жояды (Салоникалықтарға 2-хат 1:6—9). Шайтан мен жын-перілер бұдан былай халықтарды адастыра алмайды. Құдайдың тілін алатындар мен оның Патшалығын мойындайтындар болса Құдайдың барлық уәделері жүзеге асқан кезді көреді (Аян 20:1—3; 21:3—5).

16. Дүниенің соңы жақындап қалғандықтан, сіздің не істегеніңіз жөн?

16 Жақында Шайтан билеген мына заманның соңы келеді. Сондықтан “Менің не істегенім жөн?” деп ойланғаныңыз өте маңызды. Ехоба сіздің Киелі кітаптан барынша көп білім алғаныңызды қалайды. Сондықтан Киелі кітапты зерттеуге шындап кірісіңіз (Жохан 17:3). Адамдарға Құдай Сөзін түсінуге көмектесу үшін Ехоба куәгерлері апта сайын жиналыстар өткізеді. Соларға үнемі баруға тырысыңыз (Еврейлерге 10:24, 25 оқыңыз). Егер өміріңізде қандай да бір өзгеріс жасау керектігін түсінсеңіз, мұны кейінге қалдырмаңыз. Сонда Ехобамен достығыңыз берік бола түседі (Жақып 4:8).

17. Дүниенің соңы көпшілік үшін неге күтпеген жайт болады?

17 Елші Пауыл зұлымдықтың жойылуы көпшілік күтпеген уақытта орын алатынын айтты. Ол мұны “ұрының түнде түсетін” кезімен салыстырды (Салоникалықтарға 1-хат 5:2). Иса адамдардың басым бөлігі соңғы күндердің белгісін елемейтінін айтып кеткен. Ол былай деді: “Нұх пайғамбардың заманында жағдай қандай болған болса, Адам Ұлы осында болған кезде де [яғни соңғы күндері] сондай болады. Топан судан бұрын, Нұх кемеге кірген күнге дейін, адамдар ішіп-жеп, әйел алып, қыз ұзатып өмір кешіп жатты. Топан су басып, бәрін алып кеткенше, олар еш ойланбады” (Матай 24:37—39).

18. Иса қандай ескерту айтты?

18 Иса: “Мешкейлік (яғни қомағайлық), ішімдікке салыну және күнделікті тұрмыс уайымы жүректеріңді жаулап алмасын”,— деп ескерткен. Өйткені дүниенің соңы тор түскендей кенеттен келмек еді. Ол: “Бұл күн бүкіл жер бетінің тұрғындарының басына туады. Сондықтан алда болатын осы жайттардың бәрінен қашып құтыла алу үшін және Адам Ұлының алдында тұра алу үшін ұдайы жалбарынып, сергек болыңдар!”— деген (Лұқа 21:34—36). Исаның бұл сөзіне құлақ асу неге маңызды? Себебі аз уақыттан кейін Шайтанның зұлым дүниесі жойылады. Тек Ехоба мен Исаға ұнамды болғандар ғана аман қалып, жер бетінде мәңгі өмір сүреді (Жохан 3:16; Петірдің 2-хаты 3:13).

^ 4-абзац Микайл — Исаның басқа есімі. Бұл жайлы көбірек білу үшін 23-түсіндірмені қараңыз.