Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОН БЕСІНШІ ТАРАУ

Құдайға ұнайтын ғибадат

Құдайға ұнайтын ғибадат

1. Құдайға қандай ғибадат ұнайтынын кім айта алады?

КӨП діндер Құдай туралы шындықты үйретеміз дейді. Бірақ әр дін Құдайдың қандай екендігіне, оған қалай сиыну керектігіне қатысты әртүрлі нәрсеге үйретеді. Олай болса, Құдайға қандай ғибадат ұнайды? Бұл сұраққа Ехоба Құдай ғана жауап бере алады.

2. Ехобаға қандай ғибадат ұнамды екенін қайдан білуге болады?

2 Ехоба өзіне қалай ғибадат етуіміз керектігін Киелі кітапқа жаздырған. Сондықтан Киелі кітапты оқып-зерттей беріңіз. Ехоба сізге онда жазылғандарды түсінуге және өміріңізде қолдануға көмектеседі. Өйткені ол сіздің қамыңызды ойлайды (Ишая 48:17).

3. Құдай біздің не істегенімізді қалайды?

3 Кейбір адамдардың ойынша, Құдайға барлық діндер ұнай береді. Бірақ Иса бұлай деп үйретпеген. Ол: “Маған “Ием! Ием!” дейтіндер емес, көктегі Әкемнің еркін орындайтындар ғана Көк Патшалығына кіреді”,— деген. Демек, бізге Құдайдың еркі неде екенін біліп, соған сай әрекет ету қажет. Бұлай еткеніміз өте маңызды, себебі Құдайдың еркін орындамайтын адамдарды Иса “заңсыздық жасаушыларға”, яғни қылмыскерлерге теңеген (Матай 7:21—23).

4. Құдайдың еркін орындау туралы Иса не айтқан?

4 Иса Құдайдың еркіне сай әрекет ету әрдайым оңай бола бермейтінін айтқан. Ол былай деген: “Тар қақпа арқылы кіріңдер, себебі жойылуға апаратын қақпа кең, жол да даңғыл, онымен жүретіндер көп. Ал өмірге апаратын қақпа да, жол да тар. Оны табатындар аз” (Матай 7:13, 14). Тар жол, яғни Құдайға ұнамды түрде ғибадат ету мәңгі өмірге апарады. Ал кең жол, яғни Құдайға ұнамсыз жолмен ғибадат ету өлімге апарады. Бірақ Ехоба ешкімнің өлгенін қаламайды. Ол әрбір адамға өзі туралы білім алуға мүмкіндік беріп отыр (Петірдің 2-хаты 3:9).

ҚҰДАЙҒА ҰНАМДЫ ТҮРДЕ ҒИБАДАТ ЕТУ

5. Құдайға ұнамды түрде ғибадат ететіндерді қалай ажыратуға болады?

5 Иса Құдайға ұнамды жолмен құлшылық ететіндерді басқалардан қалай ажыратуға болатынын айтқан. Мұны олардың сенетін ілімдері мен іс-әрекеттерінен байқауға болады. Иса: “Оларды жемістерінен танисыңдар”,— деді. Ол шынайы дінді жақсы ағашқа теңеп: “Әрбір жақсы ағаш жақсы жеміс береді”,— деді (Матай 7:16, 17). Бірақ бұл Құдайдың қызметшілері мінсіз болады дегенді білдірмейді. Дегенмен олар дұрыс әрекет етуге әрқашан күш салады. Ал енді Құдайдың шынайы қызметшілерін ерекшелендіретін бірнеше жайтқа тоқталып өтейік.

6, 7. Шынайы ғибадат неге Киелі кітапқа негізделуі керек? Иса бізге қандай үлгі қалдырды?

6 Біздің ілімдеріміз Киелі кітапқа негізделген. Киелі кітапта былай деп жазылған: “Киелі жазбалардың бәрі Құдай рухының жетелеуімен жазылған, әрі тәлім беруге, әшкерелеуге, түзетуге, әділ талаптарға сай тәрбиелеуге тиімді. Осылай Құдай адамы барынша жарамды, яғни кез келген игі іске толықтай даяр болады” (Тімөтеге 2-хат 3:16, 17). Елші Пауыл: “Бізден естіген Құдай сөзін адамның емес, Құдай сөзі ретінде — шынымен де бұл солай — қабылдағандарың үшін үнемі Құдайға алғыс айтамыз”,— деп жазған (Салоникалықтарға 1-хат 2:13). Шынайы ғибадат Құдайдың Сөзі Киелі кітапқа ғана негізделуі керек. Ол адамдардың ойына, салт-жораларға не тағы басқа нәрселерге негізделмейді.

7 Исаның үйреткендерінің бәрі Құдайдың Сөзінен алынған (Жохан 17:17 оқыңыз). Ол үнемі Жазбалардан үзінділер келтірген (Матай 4:4, 7, 10). Құдайдың шынайы қызметшілері де Исаны үлгі етіп, Киелі кітапта жазылғандарға сай тәлім береді.

8. Иса Құдайға ғибадат ету туралы не деген?

8 Біз тек Ехобаға ғибадат етеміз. Зәбүр 83:18-де: “Адамдар сенің есімің Ехоба екенін, Бүкіл жер бетін билейтін жалғыз Құдай Тағала екеніңді білсін”,— делінген. Иса адамдардың шынайы Құдайды білгенін қалап, оларға оның есімін айтқан (Жохан 17:6 оқыңыз). Ол: “Ехоба Құдайыңа ғибадат етіп, тек соған ғана қызмет ет!”— деген (Матай 4:10). Құдайдың қызметшілері ретінде біз де Иса сияқты, тек Ехобаға ғибадат етеміз. Біз Құдайды есімімен атаймыз, сондай-ақ басқаларға оның есімі жайлы және болашақта адамзат үшін не істейтіні жайлы айтамыз.

9, 10. Бір-бірімізді жақсы көретініміз неден көрінеді?

9 Біз бір-бірімізді шын жақсы көреміз. Иса шәкірттерін бір-бірін жақсы көруге шақырған (Жохан 13:35 оқыңыз). Біз қай жерден, қандай мәдениеттен шықпайық, бай не кедей болмайық, бір-бірімізді шын жақсы көреміз (Қолостықтарға 3:14). Сондықтан біз соғыспаймыз, ешкімді өлтірмейміз. Киелі кітапта: “Құдайдың балалары мен Ібілістің балаларын мынадан білуге болады: әділ әрекет етпейтін кісі де, бауырласын сүймейтін кісі де Құдайдан емес”,— деп жазылған. Ол жерде: “Біз бір-бірімізді сүюге тиіспіз. Інісін жауыздықпен өлтірген Зұлымның адамы Қабыл сияқты болмауымыз керек”,— деген сөздер де бар (Жоханның 1-хаты 3:10—12; 4:20, 21).

10 Біз бір-бірімізге көмектесіп, қолдау үшін уақытымызды, күш пен қолда барымызды еш аямаймыз (Еврейлерге 10:24, 25). Біз “бәріне жақсылық жасай беруге” дайынбыз (Ғалаттықтарға 6:10).

11. Біз неге Иса Мәсіхке мойынсұнамыз?

11 Біз Иса Мәсіх арқылы ғана құтқарыла аламыз деп сенгендіктен, оған мойынсұнамыз. Киелі кітапта Иса туралы: “Одан басқа бізді ешкім құтқара алмайды, өйткені бізді құтқаратын есім жердегілердің ешқайсысына берілген жоқ”,— деп жазылған (Елшілердің істері 4:12). Осы басылымның 5-тарауынан Ехоба Исаны мойынсұнғыш адамдар үшін жанын құрбан етуге жібергенін білдік (Матай 20:28). Сонымен қатар Ехоба оны болашақта жер бетіне билік ету үшін Патша етіп таңдады. Сондықтан мәңгі өмір сүргіміз келсе, Исаға мойынсұнуымыз керек (Жохан 3:36 оқыңыз).

12. Біз неге саясатқа араласпаймыз?

12 Біз саясатқа араласпаймыз. Иса саясатқа араласпаған. Ол Рим әміршісі Пилаттың алдында тұрғанда: “Менің Патшалығым осы дүниелік емес”,— деп айтқан (Жохан 18:36 оқыңыз). Иса сияқты біз де Құдайдың көктегі Патшалығына адалмыз. Сондықтан қай мемлекетте тұрмайық, саясатқа араласпаймыз. Алайда Киелі кітапта “әрбір адам билік басындағыларға бағынсын” деген талап бар (Римдіктерге 13:1). Осыған сай, біз тұрып жатқан еліміздің заңдарына бағынамыз. Бірақ мемлекет заңы Құдайдың заңына қайшы келіп жатса, Исаның елшілері сияқты, “билеуші ретінде бірінші кезекте адамға емес, Құдайға мойынсұнамыз” (Елшілердің істері 5:29; Марқа 12:17).

13. Біз адамдарға Құдай Патшалығы туралы не айтамыз?

13 Біз адамзаттың қиындықтарын тек Құдай Патшалығы шеше алады деп сенеміз. Иса Патшалық жайлы ізгі хабардың бүкіл жерде уағыздалатынын айтқан (Матай 24:14 оқыңыз). Құдай Патшалығы ешқандай үкіметтің қолынан келмейтін нәрселерді іске асырады (Зәбүр 146:3). Иса осы Патшалық туралы: “Сенің Патшалығың келсін! Сенің еркің көктегідей жер бетінде де орындалсын!”— деп дұға етуді тапсырған (Матай 6:10). Киелі кітапта айтылғандай, Құдай Патшалығы адамдардың барлық үкіметін қиратып, “өзі мәңгі тұрады” (Даниял 2:44).

14. Кімдер Құдайға ұнамды түрде ғибадат етеді деп ойлайсыз?

14 Осы тараудан білгеніміздей, Құдайдың шынайы қызметшілері Киелі кітапқа негіздеп тәлім береді. Олар басқаларға Құдайдың есімі жайлы айтады, бір-бірін шын жақсы көреді. Сонымен қатар Құдайдың Исаны адамзатты құтқару үшін жібергеніне сенеді. Олар саясатқа араласпайды және Құдай Патшалығы ғана адамзаттың қиындықтарын шеше алады деп уағыздайды. Кімдер осылай істеп жүр деуге болады? Әрине, тек Ехоба куәгерлері (Ишая 43:10—12).

СІЗ НЕ ІСТЕЙСІЗ?

15. Ғибадатымыз Құдайға ұнамды болсын десек, не істегеніміз жөн?

15 Ғибадатымыз Құдайға ұнамды болу үшін, оның бар екеніне сену жеткіліксіз. Өйткені бұған жындар да сенеді, бірақ Құдайға мойынсұнбайды (Жақып 2:19). Сондықтан біз Құдайдың бар екеніне сеніп қана қоймай, оның айтқандарын орындауымыз керек.

16. Жалған діннен неге бас тартуымыз керек?

16 Құдай ғибадатымызды қабылдауы үшін, жалған діннен шығуымыз керек. Ишая пайғамбар: “Оның арасынан шығыңдар, өздеріңді таза сақтаңдар!”— деп жазған (Ишая 52:11; Қорынттықтарға 2-хат 6:17). Сондықтан біз жалған дінмен байланысы бар кез келген нәрседен бас тартуымыз керек.

17, 18. “Ұлы Бабыл” деген не? Неге одан тез арада шығу керек?

17 Жалған дін деген не? Құдай Сөзіне қайшы нәрсеге үйрететін кез келген дін жалған болып табылады. Жалған діндердің барлығы Киелі кітапта “Ұлы Бабыл” деп аталады (Аян 17:5). Себебі Топан судан кейін Бабыл қаласында көптеген жалған ілімдер пайда болды. Кейін осы ілімдер бүкіл жер бетіне тарап кетті. Мысалы, бабылдықтар үш құдайдан тұратын құдайларға табынған. Бүгінде де көп діндер Құдай үш тұлғадан тұрады деп үйретеді. Бірақ Киелі кітап бір ғана Құдай бар екенін және Иса Құдай емес, Құдайдың Ұлы екенін анық көрсетеді (Жохан 17:3). Бабылдықтар адам өлген соң, оның жаны өмір сүре береді немесе тозақта азап шегеді деп те сенген. Бірақ мұның бәрі өтірік (14, 17, 18-түсіндірмелерді қараңыз).

18 Құдай жалған діндердің бәрі жақында жойылатынын айтқан (Аян 18:8). Сондықтан одан тез арада шығу керек. Ехоба әлі кеш болмай тұрғанда сіздің жалған діннен шыққаныңызды қалайды (Аян 18:4).

Ехобаға қызмет етсеңіз, оның дүниежүзілік отбасына қосыласыз

19. Ехоба өзіне қызмет етуді шешкен адамды қалай қамқорлайды?

19 Жалған діннен шығып, Ехобаға ғибадат етуді шешсеңіз, достарыңыз бен туыстарыңыз мұны түсінбей, бұл шешіміңізге тіпті қарсы болуы мүмкін. Бірақ Ехоба сізді көмексіз қалдырмайды. Сіз миллиондаған адамнан тұратын дүниежүзілік отбасының бір мүшесі боласыз. Сондай-ақ Құдай орнататын жаңа дүниеде мәңгі өмір сүру үмітіне ие боласыз (Марқа 10:28—30). Ехобаға қызмет етуіңізге қарсы болған кейбір достарыңыз бен туыстарыңыз болса уақыт өте Киелі кітапты зерттей бастауы мүмкін.

20. Ехобаға ұнайтындай ғибадат ету неліктен маңызды?

20 Жақында Құдай дүниедегі зұлымдықтың барлығын жояды. Сөйтіп, жер бетіне Құдай Патшалығы билік етеді (Петірдің 2-хаты 3:9, 13). Бұл бір тамаша кез болайын деп тұр! Сол кезде әрбір адам Ехобаға ұнамды түрде ғибадат ететін болады. Олай болса, қазірден бастап Ехобаға ұнайтындай ғибадат етіңіз.