Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОН ЖЕТІНШІ ТАРАУ

Құдайға дұға айту мәртебесі

Құдайға дұға айту мәртебесі

“Көк пен жердің Жаратушысы” біздің дұғамызды тыңдауға дайын (Зәбүр 115:15).

1, 2. Неге дұғаны Құдайдың сыйы деуге болады? Дұға туралы Киелі кітапта не айтылғанын білу неліктен маңызды?

ҰЛАН-ҒАЙЫР ғаламмен салыстырғанда жер шарымыз кіп-кішкентай. Ал жер бетіндегі адамдар Ехобаның алдында “шелектегі су тамшысы сияқты” (Зәбүр 115:15; Ишая 40:15). Сөйтсе де Киелі кітапта: “Ехоба өзін шақыратындардың бәрінің қасында, Өзін шын жүректен шақыратындардың бәрінің жанында. Ол өзінен қорқатындардың тілегін орындайды, Көмек сұраған үндерін естіп, аман сақтайды”,— делінген (Зәбүр 145:18, 19). Иә, құдіретті Жаратушы Ехоба бізбен дос болып, дұғаларымызды тыңдағысы келеді. Оған дұға ету — біз үшін үлкен мәртебе әрі бізге берілген керемет сый!

2 Бірақ Ехобаға ұнамды жолмен дұға айтсақ қана, ол бізді тыңдайды. Олай болса, Киелі кітапта дұға туралы не айтылғанын көрейік.

ЕХОБАҒА НЕГЕ ДҰҒА АЙТУЫМЫЗ КЕРЕК?

3. Ехобаға неге дұға айтуымыз керек?

3 Ехоба біздің дұға айтқанымызды, яғни онымен сөйлескенімізді қалайды. Мұны қайдан білеміз? Філіпіліктерге 4:6, 7-ні оқып көріңізші. Ғаламның Жаратушысы Ехоба біздің қамымызды ойлайды, сондықтан ол сезімдеріміз бен қиындықтарымыз жайлы айтқанымызды қалайды.

4. Ехобаға дұға айту онымен қарым-қатынасыңызға қалай әсер етеді?

4 Дұға айтсақ, Ехобамен жақын қарым-қатынаста боламыз. Мысалы, екі дос ойларын, уайымы мен сезімдерін бір-біріне айтып отырса, достықтары нығаяды. Ехобамен қарым-қатынасымызда да солай. Ехоба сізге Киелі кітап арқылы өзінің ойларын, сезімдерін және болашақта не істейтінін ашты. Сіз де оған жүрек түкпіріңіздегі ойларыңызды айтып отыра аласыз. Соның арқасында Ехобамен достығыңыз берік бола түседі (Жақып 4:8).

ЕХОБА ДҰҒАЛАРЫМЫЗДЫ ЕСТУ ҮШІН НЕ ІСТЕУІМІЗ КЕРЕК?

5. Ехобаның барлық дұғаларды тыңдамайтынын қайдан білеміз?

5 Ехоба барлық дұғаларды тыңдай ма? Жоқ. Ишая пайғамбардың заманында Ехоба исраилдіктерге: “Қанша дұға етсеңдер де, Сөздеріңе құлақ салмаймын, Өйткені қолдарың қанға малынған”,— деген (Ишая 1:15). Демек, Ехобаға ұнамсыз істер жасасақ, ол дұғаларымызды тыңдамай қояды. Сондықтан ондай істерден аулақ болғанымыз жөн.

6. Ехобаға сену неге өте маңызды? Сеніміміз неден көрінуі қажет?

6 Ехоба дұғамызды тыңдасын десек, оған деген сеніміміздің болғаны маңызды (Марқа 11:24). Елші Пауыл: “Сенім болмаса, Құдайға ұнау мүмкін емес. Өйткені Құдайға жақындайтын әркім оның бар екеніне және өзін шын жүректен іздейтіндерге сый беретініне сену керек”,— деп жазған (Еврейлерге 11:6). Бірақ Құдайға сенемін деп айту жеткіліксіз. Сенімімізді оған барлық уақытта мойынсұну арқылы көрсетуіміз қажет (Жақып 2:26 оқыңыз).

7. а) Ехобаға дұға айтқанда, құрметпен сөйлеп, кішіпейіл болғанымыз неліктен маңызды? ә) Шын жүректен айтылған дұға қандай болады?

7 Ехобаға дұға айтқанда, өзіміздің пенде екенімізді ұмытпай, оған құрметпен сөйлегеніміз жөн. Егер біз ел басының алдында тұрсақ, оған құрметпен сөйлер едік қой! Ал Ехоба — Құдіреті шексіз Құдай. Сондықтан оған әлдеқайда зор құрметпен сөйлеп, кішіпейіл болғанымыз маңызды (Мұсаның 1-жазбасы 17:1; Зәбүр 138:6). Бұған қоса, дұғада бір сөздерді қайталай бермей, жүрегімізде не бар, соны айтуымыз қажет (Матай 6:7, 8). Сондай-ақ дұғаны өзіміз білмейтін тілде не дұғалар кітабынан айтудың қажеті жоқ.

8. Ехобадан бір нәрсе сұрағанда, өз тарапымыздан не істеуіміз қажет?

8 Құдайдан бір нәрсе сұраған кезде өз тарапымыздан да әрекет етуіміз керек. Мысалы, күнделікті өмірімізге қажет нәрсені сұрасақ, Ехоба керемет жолмен жауап береді деп, қол қусырып отырмаймыз. Қайта, қолымыздан келетін жұмысты істеп, аянбай еңбек етеміз (Матай 6:11; Салоникалықтарға 2-хат 3:10). Я болмаса Ехобадан жаман әдеттерден арылуға көмектесуін сұрасақ, соларға итермелейтін жағдайлардан аулақ жүргеніміз дұрыс (Қолостықтарға 3:5). Ал енді дұғаға қатысты кейбір сұрақтарға тоқталып өтейік.

ДҰҒАҒА ҚАТЫСТЫ СҰРАҚТАР

9. Кімге дұға айтуымыз керек? Жохан 14:6-дан дұғаға қатысты не білеміз?

9 Кімге дұға айтуымыз керек? Иса ізбасарларына “көктегі Әкеге” дұға етуді үйреткен (Матай 6:9). Сондай-ақ ол Жохан 14:6-да: “Жол, шындық және өмір — менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге келе алмайды”,— деген. Демек, біз Ехобаға ғана дұға айтамыз. Бірақ дұғаны Иса арқылы айтуымыз керек. Иса арқылы деген нені білдіреді? Бұл Ехобаның Исаға берген ерекше дәрежесін мойындап, құрметтеуіміз керектігін білдіреді. Бұған дейін білгеніміздей, Иса жерге бізді күнә мен өлімнен азат ету үшін келген (Жохан 3:16; Римдіктерге 5:12). Сондай-ақ Ехоба Исаны Бас діни қызметкер етіп тағайындаған әрі оған соттауға билік берген (Жохан 5:22; Еврейлерге 6:20).

Сіз кез келген уақытта дұға айта аласыз

10. Дұға айтқанда, денемізді қалай ұстауымыз керек? Түсіндіріңіз.

10 Дұға айтқанда, денемізді қалай ұстауымыз керек? Ехоба бізден тізерлеп, отырып не тұрып дұға ету керек деп талап етпейді. Киелі кітаптан білетініміз — Құдайға дұға айтқанда, дене қалпымыздан оны құрметтейтініміз көрініп тұру керек (Шежірелер 1-жазба 17:16; Нехемия 8:6; Даниял 6:10). Алайда Ехоба үшін ең маңыздысы — дұғаны бар жүрегімізбен әрі құрметпен айтқанымыз. Біз дұғаны кез келген жерде, кез келген уақытта айта аламыз. Ехоба тіпті іштен айтылған дұғаны да естиді (Нехемия 2:1—6).

11. Ехобаға не туралы дұға айтуға болады?

11 Дұғада не туралы айтуға болады? Біз Ехобаға ұнамды болатын кез келген нәрсе туралы дұға айтсақ болады. Киелі кітапта: “Оның еркіне сай не сұрасақ та, Құдайдың бізге құлақ асатынына кәміл сенеміз”,— делінген (Жоханның 1-хаты 5:14). Жеке мәселеміз жайында дұға айтуға бола ма? Әрине. Ехобаға жақын досымызбен сөйлескендей ішіміздегінің бәрін айтсақ болады (Зәбүр 62:8). Сондай-ақ дұрыс әрекет етуіміз үшін одан киелі рух сұрай аламыз (Лұқа 11:13). Дұрыс шешім қабылдау үшін даналық, ал қиындықтарға төтеп беру үшін күш сұрасақ болады (Жақып 1:5). Ехобадан күнәларымызды кешіруін сұрағанымыз да жөн (Ефестіктерге 1:3, 7). Бұған қоса, басқалар жайында, мысалы отбасымыз бен қауымдағы бауырластарымыз жайында дұға айтсақ болады (Елшілердің істері 12:5; Қолостықтарға 4:12).

12. Дұғада бірінші кезекте не туралы айтуымыз керек?

12 Дұғада бірінші кезекте не туралы айтуымыз керек? Ехоба мен оның ниеті туралы. Ехобаға жасап жатқан барлық жақсылығы үшін шын жүректен алғыс білдіргеніміз жөн (Шежірелер 1-жазба 29:10—13). Иса жерде болған кезінде не туралы дұға айту керектігін үйреткен (Матай 6:9—13 оқыңыз). Ол шәкірттеріне ең алдымен Құдай есімінің киелі тұтылуын, яғни басқалар оның есімін қасиетті санауын сұрауды тапсырған. Сосын Құдайдың Патшалығы келсін деп және жер бетінде Ехобаның ниеті орындалсын деп сұрауымыз керектігін көрсеткен. Иса осы маңызды жайттар туралы дұға еткеннен кейін ғана өз қажеттілігіміз туралы сұрай алатынымызды айтқан. Дұғамызда бірінші кезекте Ехоба мен оның ниеті жайында айтсақ, осы жайттар біз үшін өте маңызды екенін көрсетеміз.

13. Дұғаның ұзақтығы қандай болу керек?

13 Дұғаның ұзақтығы қандай болу керек? Киелі кітапта бұл туралы нақты ештеңе айтылмаған. Біз қысқа да, ұзақ та дұға айта аламыз, бұл жағдайға байланысты. Мысалы, ас ішер алдында қысқаша айтуымыз мүмкін, ал Ехобаға алғыс білдіргенде не уайымымыз туралы айтқанда ұзақ дұға айтатын шығармыз (Самуилдің 1-жазбасы 1:12, 15). Біз Исаның кезіндегі кейбір адамдар сияқты басқалардың назарын өзімізге аудару үшін ұзақ дұға айтудан аулақпыз (Лұқа 20:46, 47). Ехоба мұндай дұғаларды ұнатпайды. Оған шын жүректен шыққан дұғалар ұнайды.

14. Дұғаны қаншалықты жиі айтуымыз керек? Бұдан Ехоба туралы не білеміз?

14 Дұғаны қаншалықты жиі айтуымыз керек? Ехоба бізді өзімен үнемі сөйлесіп тұруға шақырады. Оның Сөзі “ұдайы дұға етіңдер” және “әрдайым дұға етіңдер” деп талпындырады (Матай 26:41; Салоникалықтарға 1-хат 5:17; Қолостықтарға 4:2). Ехоба бізді тыңдауға әрқашан дайын. Біз оған сүйіспеншілігі мен жомарттығы үшін күн сайын рақмет айтсақ болады. Сондай-ақ ақыл-кеңес, күш пен жұбаныш беруін сұрай аламыз. Ехобаға дұға айту мәртебесін шынымен бағалайтын болсақ, кез келген мүмкіндікті пайдаланып, онымен сөйлесетін боламыз.

15. Дұғаның соңында неге “аумин” деп айту керек?

15 Дұғаның соңында неге “аумин” деп айту керек? “Аумин” деген сөз “рас”, “солай болсын” дегенді білдіреді. “Аумин” деу арқылы дұғада айтқандарымыздың шын жүректен шыққанын растаймыз (Зәбүр 41:13). Киелі кітаптан оқитынымыздай, көпшіліктің атынан айтылған дұғаның соңында іштей не дауыстап “аумин” деп айтсақ, айтылғандармен келісетінімізді көрсетеміз (Шежірелер 1-жазба 16:36; Қорынттықтарға 1-хат 14:16).

ҚҰДАЙ ДҰҒАМЫЗҒА ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕДІ?

16. Құдай дұғамызға жауап бере ме?

16 Құдай дұғамызға жауап бере ме? Иә. Киелі кітапта Ехоба туралы: “Сен дұғаларды тыңдайсың”,— делінген (Зәбүр 65:2). Ехоба миллиондаған адамның шын жүректен шыққан дұғаларын тыңдап, оларға түрлі жолмен жауап береді.

17. Дұғаларымызға жауап беру үшін Ехоба періштелерін және жердегі қызметшілерін қалай қолданады?

17 Ехоба дұғаларымызға жауап беру үшін періштелерін және жердегі қызметшілерін қолданады (Еврейлерге 1:13, 14). Соның бір дәлелі — кейбір адамдар Киелі кітапты түсіне алу үшін Құдайдан көмек сұрағанда, оларға көп ұзамай Ехоба куәгерлері келген. Бұдан періштелердің ізгі хабарды жержүзіне уағыздауға қатысатынын және жариялаушыларды ақжүрек адамдарға бағыттайтынын көреміз (Аян 14:6 оқыңыз). Сонымен қатар көбіміз қиындықтарымыз бен қажеттіліктеріміз жайлы дұға еткенде, қауымдағы бауырластар көмектескен жағдайлар да болған (Нақыл сөздер 12:25; Жақып 2:16).

Ехоба дұғамызға жауап беру үшін қызметшілерін қолданады

18. Ехоба дұғамызға киелі рухы және Киелі кітап арқылы қалай жауап береді?

18 Ехоба дұғамызға жауап беру үшін киелі рухын да қолданады. Қиындыққа кезіккенімізде, ол киелі рухы арқылы бізге күш пен даналық береді (Қорынттықтарға 2-хат 4:7). Ехоба Киелі кітап арқылы да бізге дұрыс шешім қабылдауға көмектесіп, дұғамызға жауап береді. Мысалы, Киелі кітапты оқығанда, өзімізге көмек болатын ойларды таба аламыз. Сондай-ақ қауым жиналысында біреу өз түсініктемесінде бізге қажет ойды айтуы немесе ақсақал бізге Киелі кітаптан ақыл-кеңес беруі мүмкін (Ғалаттықтарға 6:1).

19. Ехоба дұғамызға жауап бермей жатқандай көрінгенде, нені есте ұстауымыз керек?

19 Кейде біз “Ехоба дұғама неге жауап бермей жатыр?” деп ойлайтын шығармыз. Есімізде болсын, бізге қашан және қалай жауап беру керектігін ол жақсы біледі. Ол бізге не қажет екенін біледі. Ал біз дұға айтуды жалғастыра берейік, осылай дұғада сұраған жайттың өзіміз үшін маңызды екенін және Ехобаға шынымен сенетінімізді көрсетеміз (Лұқа 11:5—10). Кейде Ехоба біз күтпеген жолмен жауап беруі мүмкін. Мысалы, қандай да бір қиын жағдай туралы дұға еткенімізде, Ехоба қиындықты алып тастамайтын шығар, бірақ соған төзе алуымыз үшін күш беруі мүмкін (Філіпіліктерге 4:13 оқыңыз).

20. Ехобаға неліктен жиі дұға айтуымыз керек?

20 Расында да, Ехобаға дұға айту — біз үшін үлкен мәртебе! Оның бізді тыңдайтынына еш күмәніміз болмасын (Зәбүр 145:18). Оған шын жүректен дұға айтқан сайын, онымен достығымыз да берік бола түседі.