Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОН ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ

Ехобамен достығыңызды берік сақтаңыз

Ехобамен достығыңызды берік сақтаңыз

1, 2. Бүгінде кім біз үшін пана болып табылады?

СІЗ көшеде кетіп бара жатырсыз делік. Бір уақытта дауыл тұра бастады. Аспан түнеріп, найзағай ойнап, күн күркіреп кетті. Артынан жаңбыр құйды. Сіз қорғанатын пана іздейсіз. Ал тапқанда, қатты қуанып кетесіз!

2 Біз өмір сүріп жатқан уақыт та осындай дауылды күнге ұқсайды. Дүниедегі жағдай барған сайын нашарлап барады. Бірақ біз пана тапқанымызға өте қуаныштымыз. Зәбүр жыршысы Ехоба Құдайға: “Сен менің панам әрі қорғанымсың, Арқа сүйейтін Құдайымсың”,— деген (Зәбүр 91:2). Ехоба бізге қиындыққа толы осы дүниеде қорған бола алады. Сондай-ақ ол жарқын болашаққа деген үміт береді.

3. Ехоба бізге пана болу үшін не істеуіміз керек?

3 Ехоба бізді қалай қорғайды? Ол кез келген қиындыққа төтеп беруімізге көмектеседі. Ол бізге жамандық жасағысы келетіндердің қай-қайсысынан да күшті. Бақытсыздыққа ұшырап қалған күнде де, Ехоба болашақта бәрін қалпына келтіреді. Сондықтан Киелі кітап бізді: “Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар”,— деп шақырады (Яһуда 21). Ехобамен қарым-қатынасымызды берік сақтасақ, қиын кезде оның көмегін ала аламыз.

ҚҰДАЙДЫҢ СҮЙІСПЕНШІЛІГІН БАҒАЛАҢЫЗ

4, 5. Ехоба бізді жақсы көретінін қалай көрсетеді?

4 Егер Ехобаның бізді қаншалықты жақсы көретінін түсінсек, онымен қарым-қатынасымызды берік етіп сақтаймыз. Ойлап көріңізші, Ехоба біз үшін қаншама жақсылық жасады! Ол жерімізді, өсімдіктер мен жануарларды тамаша етіп жаратты. Сондай-ақ дәмді азық-түлік пен таза су берді. Киелі кітап арқылы Ехоба бізге өзінің есімі мен керемет қасиеттерін ашты. Ең бастысы, ол өзінің сүйікті Ұлы Исаны біз үшін жанын құрбан етуге жіберіп, бізді қатты жақсы көретінін көрсетті (Жохан 3:16). Осы құрбандықтың арқасында бізде жарқын болашаққа деген үміт пайда болды.

5 Сондай-ақ Ехоба көкте Мәсіхтің Патшалығын орнатты. Бұл үкімет жақында бүкіл қайғы-қасіретті жоқ қылып, жерді жұмаққа айналдырады. Сонда барлық адам мәңгі бақи бақытты, бейбіт өмір сүреді (Зәбүр 37:29). Ехоба бізге қазірдің өзінде барынша жақсы өмір сүруді үйрету арқылы да сүйіспеншілігін танытуда. Бұған қоса, ол бізді өзіне дұға етуге шақырады. Ол дұғаларымызды тыңдауға қашанда дайын. Расында да, Ехобаның сүйіспеншілігіне әрқайсысымыз бөленіп жатырмыз.

6. Сіз Ехобаның сүйіспеншілігін бағалайтыныңызды қалай көрсете аласыз?

6 Ехобаның сүйіспеншілігін бағалайтыныңызды қалай көрсете аласыз? Оның сіз үшін жасаған бар жақсылығына ризашылық білдіріңіз. Өкінішке қарай, бүгінде көп адам алғысты ұмытқан. Иса жерде болған кезде де адамдар сондай еді. Бірде ол алапеспен ауырған он кісіні сауықтырғанда, біреуі ғана келіп рақметін айтқан (Лұқа 17:12—17). Біз алғыс айтуды ұмытпаған осы адамға ұқсап, Ехобаға әрдайым рақмет айтып отырғымыз келеді.

7. Ехобаны қаншалықты жақсы көруіміз керек?

7 Ехоба сізге деген сүйіспеншілігін көрсеткендей, сіз де оны жақсы көретініңізді көрсетіңіз. Иса шәкірттерін Ехобаны бар жүрекпен, бүкіл жан-тәнмен, барлық ақыл-оймен сүюге шақырған (Матай 22:37 оқыңыз).

8, 9. Ехобаны жақсы көретінімізді қалай көрсетсек болады?

8 Ехобаны жақсы көремін деу жеткілікті ме? Жоқ. Ехобаны бар жүрегімізбен, бүкіл жан-тәнімізбен, барлық ақыл-ойымызбен жақсы көрсек, бұл іс-әрекетімізден көрінетін болады (Матай 7:16—20). Киелі кітапта нақты айтылғандай, Құдайды жақсы көретін адам оның өсиеттерін орындайды. “Ал оларды орындау қиын емес” (Жоханның 1-хаты 5:3 оқыңыз).

9 Ехобаға мойынсұнсақ, өміріміз қуаныш пен қанағатқа толы болады (Ишая 48:17, 18). Қазір Құдаймен достығымызды берік сақтауға не көмектесетінін қарастырайық.

ЕХОБАҒА ЖАҚЫНДАЙ БЕРІҢІЗ

10. Неге Ехоба жайлы білім ала беру керек?

10 Ехобамен қалай дос болғаныңызды еске түсіріңізші. Сіз Киелі кітапты зерттеп, Ехобаны жақсырақ танып-білдіңіз. Осылай онымен дос болдыңыз. Бұл достықты отпен салыстыруға болады. От өшпеу үшін отын салып тұру қажет, сол сияқты Ехобамен достығыңыз үзілмес үшін ол жайлы білім алуды жалғастыра беруіңіз керек (Нақыл сөздер 2:1—5).

От өшпеу үшін отын қажет екеніндей, Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз жалындап тұру үшін білім ала беру керек

11. Киелі кітапты зерттей бергеніңіз сізге қалай әсер етеді?

11 Киелі кітапты үзбей зерттей берсеңіз, жаңа жайттарды білесіз. Сол кезде жүрегіңіз тебіренбей қоймайды. Бірде Иса екі шәкіртіне Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардың мәнін түсіндіріп берген. Сол кезде олардың не сезінгеніне назар аударыңызшы. Олар: “Ол жолшыбай бізбен сөйлесіп, Жазбалардың мәнін толығымен ашып бергенде, жүрегіміз жалындап кеткен жоқ па еді?”— дескен (Лұқа 24:32).

12, 13. а) Құдайға деген сүйіспеншілігімізге қандай қауіп төнуі мүмкін? ә) Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз жалындай беру үшін не істеу қажет?

12 Киелі кітапты оқи бастағанда, әлгі екі шәкірт сияқты, сіздің де жүрегіңіз жалындап кеткен шығар. Осының арқасында Ехоба туралы білім алуға талпынып, оны жақсы көре түстіңіз. Енді осы сүйіспеншілікті суытып алғыңыз келмесі анық (Матай 24:12).

13 Құдаймен достығыңыз берік болып қалсын десеңіз, көп күш салыңыз. Құдай мен Иса туралы көбірек білім ала беріңіз (Жохан 17:3). Сонымен қатар білгендеріңіз жайында және оларды өміріңізде қалай қолдануға болатыны жайында ойланыңыз. Киелі кітапты оқығанда, “Бұдан Ехоба Құдай туралы не білуге болады? Оны бар жүрегіммен, жан-тәніммен жақсы көруіме тағы қандай себеп бар?” деп ой жүгіртіңіз (Тімөтеге 1-хат 4:15).

14. Дұға Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді қалай арттырады?

14 Егер адам жан досымен жиі сырласып тұрса, достықтары берік бола түседі. Сол сияқты Ехобамен де жиі сөйлесіп тұрсақ, оған деген сүйіспеншілігіміз артады (Салоникалықтарға 1-хат 5:17 оқыңыз). Дұға — көктегі Әкеміздің берген керемет сыйы. Оған дұға еткенде, ішіміздегіні ақтарайық (Зәбүр 62:8). Ойымызда жатталып қалған сөздерді қайталамай, дұғаны шын жүректен айтайық. Киелі кітапты әрі қарай да оқып-зерттеп, Ехобаға жиі дұға айтсақ, оған деген сүйіспеншілігіміз жалындай түседі.

БАСҚАЛАРҒА ЕХОБА ТУРАЛЫ АЙТУ

15, 16. Уағыз ісі қаншалықты маңызды деп ойлайсыз?

15 Ехобамен дос болып қалғымыз келсе, Киелі кітаптан білгеніміз жайында басқаларға да айтқанымыз дұрыс. Басқа адамдарға Ехоба жайлы айту — үлкен мәртебе (Лұқа 1:74, 75). Сондай-ақ бұл — Исаның барлық мәсіхшілерге берген тапсырмасы. Сондықтан бәріміз Құдай Патшалығы туралы уағыздаймыз. Сіз солай етіп жүрсіз бе? (Матай 24:14; 28:19, 20).

16 Елші Пауыл ізгі хабарды уағыздау ісін жоғары бағалап, оны “қазынаға” теңеген (Қорынттықтарға 2-хат 4:7). Бүгінде өзгелерге Ехоба туралы және оның адамзатқа қатысты мақсаты туралы айтудан артық маңызды іс жоқ. Осы істі атқару арқылы Ехобаға қызмет ететініңізді көрсетесіз. Бұл еңбегіңіз ол үшін өте құнды (Еврейлерге 6:10). Сонымен қатар уағыз ісі өзіңіз үшін де, сізді тыңдайтын адамдар үшін де пайдалы. Соның арқасында сіз де, олар да Ехобаға жақындай түсесіздер және мәңгілік өмірге ие боласыздар (Қорынттықтарға 1-хат 15:58 оқыңыз). Бұдан артық қанағат сыйлайтын тағы қандай іс болуы мүмкін?!

17. Уағыз ісі неліктен шұғыл іс болып табылады?

17 Уағыз ісі — өте шұғыл іс. Киелі кітапта: “Құдай сөзін уағызда,.. мұны кейінге қалдырмай атқар”,— делінген (Тімөтеге 2-хат 4:2). Адамдар Құдай Патшалығы туралы есту керек. Өйткені “Ехобаның ұлы күні жақын! Ол күн жақын, тез жақындап келеді!” Ол “еш кешікпейді!” (Софония 1:14; Абақұқ 2:3). Иә, өте жақын арада Ехоба Шайтанның билігіндегі дүниені жояды. Бұл кез келгенше адамдарды ескертіп, оларды Ехобаға қызмет етуге шақыру керек.

18. Ехобаға неге шынайы мәсіхшілермен бірге ғибадат етуіміз керек?

18 Ехоба біздің шынайы мәсіхшілермен бірге ғибадат еткенімізді қалайды. Киелі кітаптан былай деп оқимыз: “Сүйіспеншілікке және игі істерге талпындыру үшін, бір-бірімізге көңіл бөлейік. Кейбіреулер сияқты жиналыстарға бармай қалуды әдетке айналдырмайық, қайта, бір-бірімізді жігерлендіре берейік. Сол күннің жақын қалғанын білгендіктен, бұларды бұрынғыдан да көбірек істейік” (Еврейлерге 10:24, 25). Біз қауым кездесулерінің ешбірін қалдырмауымыз керек. Себебі ол жерде бір-бірімізге жігер беріп, күш-қуатқа ие боламыз.

19. Бауырластарды жақсы көруге не көмектеседі?

19 Қауымға барып тұрсаңыз, Ехобаға қызмет етуіңізге көмектесетін жақсы достар табасыз. Әртүрлі ортадан шыққан бұл бауырластар сіз сияқты Ехобаға жан-тәнімен қызмет етуге тырысады. Бірақ олар да кемелсіз болғандықтан, қателіктер жасайды. Сондай кездері кешіруге дайын болыңыз (Қолостықтарға 3:13 оқыңыз). Әрдайым бауырластардың жақсы жақтарына назар аударыңыз. Сонда оларды әрі қарай да жақсы көресіз, Ехобамен достығыңыз да нығая түседі.

ШЫНАЙЫ ӨМІР

20, 21. “Шынайы өмір” деген не?

20 Ехоба өз достарының тамаша өмір сүргенін қалайды. Киелі кітапта болашақта өміріміз қазіргіден мүлдем басқаша болатыны айтылған.

Ехоба сіздің “шынайы өмір” сүргеніңізді қалайды. Ал сіз ше?

21 Біз жұмақ орнаған жер бетінде 70 не 80 жас қана емес, мәңгі жасайтын боламыз. Денсаулығымыз мықты болады. Бейбіт те бақытты күн кешеміз. Мұндай өмір Киелі кітапта “шынайы өмір” деп аталады. Ехоба бізге осы өмірді уәде етіп отыр. Бірақ біз де өз тарапымыздан күш салуымыз керек, яғни “шынайы өмірді берік ұстануымыз” қажет (Тімөтеге 1-хат 6:12, 19).

22. а) Шынайы өмірді қалай берік ұстана аламыз? ә) Мәңгілік өмір ненің арқасында ғана мүмкін?

22 Шынайы өмірді қалай берік ұстана аламыз? “Жақсылық жасап”, “игі істерге бай” болу арқылы (Тімөтеге 1-хат 6:18). Бұл Киелі кітаптан білгендерімізді өмірде қолдануды білдіреді. Дегенмен біз шынайы өмірге өздігімізден лайық бола алмаймыз. Бұл өмірге біз Құдайдың рақымының арқасында ғана ие бола аламыз. Иә, шынайы өмір — Ехобаның өз адал қызметшілеріне беретін сыйы (Римдіктерге 5:15). Көктегі Әкеміз бізге осы сыйды беруге асық.

23. Неге қазірден дұрыс таңдау жасаған маңызды?

23 “Мен Құдайға ұнамды жолмен ғибадат етіп жүрмін бе?” деп ойланып көріңіз. Қандай да бір өзгерістер жасау керектігін түсінсеңіз, кідірместен әрекет етіңіз. Ехобаға арқа сүйеп, барынша мойынсұнуға тырыссаңыз, Ехоба сіз үшін пана болады. Ол Шайтанның зұлым дүниесінің ақыры таяған уақытта өзінің адал қызметшілерін қорғайды. Сосын, өзі уәде еткендей, бізге мәңгі өмір сыйлайды. Ендеше шынайы өмірге ие болу үшін қазірден дұрыс таңдау жасаңыз!