Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

6-СҰРАҚ

Мектептегі қысымға қалай төтеп берсем болады?

Мектептегі қысымға қалай төтеп берсем болады?

БҰЛ СҰРАҚТЫҢ МАҢЫЗЫ

Өзіңді қорғай алсаң, өмірің басқалардың емес, өз билігіңде болады.

СЕН НЕ ІСТЕР ЕДІҢ?

Мына жағдайды елестетіп көрші: екі сыныптасының өзіне қарай келе жатқанын көріп, Брайан қобалжи бастайды. Міне, осы аптада олар үшінші рет оған темекі шеккізбек.

Бірінші бала оған көзін қысып: “Ішің пысты ма? Саған бір қызық нәрсе көрсетейін”,— деп, қалтасынан темекіні шығарады.

Брайан оның қолындағы темекіні көріп, одан сайын қобалжып кетеді.

Ол: “Жігіттер, менің шекпейтінімді...”— дей бергенде, екінші бала сөзін бөліп: “Қорықпа!”— дейді.

Брайан бар батылдығын жинап: “Мен қорқып тұрған жоқпын”,— деп айтады.

Сонда ол қолын Брайанның иығына қойып, жұмсақ үнмен: “Қолымызды қайтармасаңшы”,— дейді.

Осы кезде бірінші бала темекіні Брайанның аузына тақап: “Біз ешкімге айтпаймыз, ешкім білмейтін болады”,— деп сыбырлайды.

Брайанның орнында болсаң, сен не істер едің?

ТОҚТА ДА, ОЙЛАН!

Қалай ойлайсың, бұл екі бала өздерінің жаман нәрсеге әуес болғандарын түсініп тұр ма? Олар темекі тартуды өздері шешті ме? Әсте, олай емес-ау. Олар да басқалардың ықпалына берілген. Достары өздерін шеттетпеу үшін бұл екеуі солардың дегенімен жүруді жөн көрген.

Осындай қысымға сен де кезігіп жүрсең, оған қалай төтеп бере алар едің?

  1. АЛДЫН АЛ

    Киелі кітапта былай делінген: “Парасатты қатерді көріп, бас сауғалар, аңғал алға жүріп, жапа шегер” (Нақыл сөздер 22:3).

    Қауіпті жағдайды алдын ала байқауға болады. Мысалы, сен келе жатып, мектептегі бір топ баланың темекі шегіп тұрғанын көрдің делік. Қиындықты алдын ала көре білсең, оған төтеп беруге дайын боласың.

  2. ОЙЛАН

    Киелі кітапта: “Ар-ұждандарыңды таза сақтаңдар”,— делінген (Петірдің 1-хаты 3:16).

    Ойланып көрші, көпшілікке еретін болсаң, артынан не сезінуің мүмкін? Рас, сыныптастарыңның көңілінен шыққаныңа басында риза болатын шығарсың. Ал кейін қандай күйде боласың? Сыныптастарыңа жағу үшін ғана өзіңнің кім екеніңді ұмытып кетуге дайынсың ба? (Мұсаның 2-жазбасы 23:2).

  3. ӨЗІҢ ҮШІН ШЕШІП АЛ

    Киелі кітапта: “Дана сақ әрі жамандықтан аулақ”,— делінген (Нақыл сөздер 14:16).

    Ертелі-кеш бәріміз де белгілі бір таңдау жасап, соның салдарын көруіміз керек болады. Киелі кітапта өмірлерінде дұрыс таңдау жасаған Жүсіп, Әйүп пен Иса сияқты адамдар сөз етіледі. Сондай-ақ бұрыс таңдау жасаған Қабыл, Есау мен Яһуда жайлы да айтылады. Ал сен қандай таңдау жасайсың?

Киелі кітапта: “Адалдықтан тайма”,— деп кеңес беріледі (Зәбүр 37:3). Әрбір таңдаудың салдары жайлы алдын ала ойланып, нақты шешім қабылдасаң, сол шешіміңді басқаларға айту да жеңіл болады. Мұның жақсы нәтижесін көріп, таңғалуың ғажап емес.

Бұл үшін қысым көрсеткендерге ақыл үйрету керек болады деп ойлап қалма. Жай ғана сенімді үнмен “жоқ” десең жеткілікті. Қайтпас қайсар адам екеніңді көрсету үшін былай десең болады:

  • “Маған уақыт кетірмей-ақ қойыңдар”.

  • “Мен ондайға ешқашан бармаймын”.

  • “Әуре болмаңдар, бәрібір істемейтінімді білесіңдер ғой”.

Ең бастысы — бірден әрі сенімділікпен жауап беру. Солай істесең, олардың қысым көрсетуді бірден тоқтатқанын көріп, таңғалуың мүмкін!

БІРЕУ КЕЛЕКЕ ЕТКЕНДЕ...

Қысым көрсеткендердің ырқына көнсең, солардың билігіндегі роботқа айналасың

Мектептегілер сені мазақ етіп жүр ме? Олар саған: “Не болды, қорқасың ба?”— деп намысыңа тиетін шығар. Бұл — нағыз қысым. Бұған қалай жауап беру керек? Екі тәсілін көрейік.

  • Бірінші тәсіл: мазаққа жұмсақ жауап қайтаруыңа болады. Мысалы, сен: “Иә, қорқамын”,— деп, себебін қысқаша түсіндір.

  • Екінші тәсіл: мазақтаушылардың қысымын өздеріне қарсы қолдан. Мысалы, ұсыныстан не үшін бас тартатыныңды айтқан соң: “Зиян екенін біле тұра, шегетіндеріңе таңғаламын”,— деп оларды ақылға шақыр.

Мектептегілер сені мазақтауларын қоймаса, кетіп қал! Есіңде болсын, сол жерде тұра берсең, жағдай одан сайын ушыға түседі. Ал кетіп қалсаң, олардың ығына жығыла қоймайтын адам екеніңді көрсетесің.

Шындығына келгенде, басқалардың қысымынан толығымен қашып құтылу мүмкін емес. Бірақ қалай әрекет ететініңді шешіп, осы шешіміңді қорықпай айту әрі содан айнымау өз еркіңде. Түптеп келгенде, таңдауды өзің жасайсың! (Ешуа 24:15).