Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

8-СҰРАҚ

Жыныстық қорлық туралы нені білгенім жөн?

Жыныстық қорлық туралы нені білгенім жөн?

БҰЛ СҰРАҚТЫҢ МАҢЫЗЫ

Зорлаудан не басқа жолмен жыныстық қорлаудан жыл сайын миллиондаған адам жапа шегеді *. Олардың көп бөлігін жасөспірімдер құрайды.

СЕН НЕ ІСТЕР ЕДІҢ?

Анэт деген жасөспірім қызға бір ер адам күтпеген жерден тап беріп, жерге бір-ақ жықты. “Одан құтылу үшін қолдан келгеннің бәрін істедім: итердім, тептім, ұрдым, тырнадым да. Қанша айғайламақ болсам да, даусым шықпай қойды. Бір кезде денеме пышақ тигенін сездім. Содан кейін тырп ете алмай қалдым”,— дейді ол.

Сен осындай жағдайға тап болсаң, не істер едің?

ТОҚТА ДА, ОЙЛАН!

Бәлкім, сен сақ жүретін шығарсың. Мысалы, қараңғы түскенде далада абайлап жүретін боларсың. Бірақ қанша тырыссаң да, жаман жағдайға тап болуың әбден мүмкін. Киелі кітапта: “Жарыста жүйрік... әрдайым жеңе бермейді екен. Білімдіде — табыс әрдайым бола бермейді екен. Себебі барлығы да қолайсыз уақыт пен кездейсоқ жағдайларға тап болып жатады”,— делінген (Уағыздаушы 9:11).

Анэт сияқты, бейтаныс адамдардан жәбір көріп жатқан жастар аз емес. Басқа біреулерін таныс адамдары я тіпті отбасы мүшелері қорлап жүр. Натали есімді қыз небәрі он жаста болғанда, жақын маңда тұратын бір жасөспірім бала оны азғын, анайы әрекеттерге мәжбүрлеген. “Қатты қорқып, ұялғаным соншалық, басында бұл жайлы ешкімге айта алмадым”,— дейді ол.

СЕНІҢ КІНӘҢ ЖОҚ

Анэт болған жағдай үшін әлі өзін кінәлі санайды. “Сол күні болған оқиға қайта-қайта ойыма орала береді. Оған тойтарыс беру үшін қаттырақ тырысуым керек еді. Пышақтан жарақат алғаннан кейін, мен қорқып, түк те істей алмадым. Бірақ сонда да құтылуға тырысуым керек еді”,— дейді ол.

Натали да осы сезімнен арыла алмады. Ол былай дейді: “Оған оп-оңай сене салғаныма өкінемін. Ата-анам далада ойнағанда егіз сыңарыммен үнемі бірге жүруді нықтап айтатын. Бірақ мен оларды тыңдамадым. Сөйтіп, көрші баланың мені қорлауына жол бердім. Болған жайт үй-ішіндегілерге ауыр тиді. Сол үшін де өзімді кінәлі санаймын. Жанымды әсіресе қинайтыны — осы”.

Сен де Анэт пен Натали сияқты сезімде болсаң, өзіңді кінәламағаның дұрыс. Өйткені кез келген зорлық көрген адамның бұған өз еркімен келіспейтіні анық. Кейбіреулер “зорлық көрген адам өзі тіленіп тұрды” деп, болған жағдайға аса мән бермей жатады. Бірақ ешкімді де мұндай қорлыққа қиюға болмайды. Егер сен осындай ауыр жағдайды бастан кешірсең, бұған өзіңді кінәлі санама!

Әрине, “өзіңді кінәлі санама” деген сөздерді оқу оңай, ал соған сену қиынның қиыны шығар. Кейбіреулер бәрін ішінде сақтап, жандарын жегідей жеген сезімдерінен арыла алмай жүреді. Бірақ бұдан кім жапа шегеді, зорлық көрсеткен адам ба, әлде өзің бе? Келесі кеңеске құлақ асқаның өзің үшін пайдалы болмақ.

ІШТЕ САҚТАМА

Киелі кітапта сөз етілген Әйүп деген кісі қатты қиналған сәтінде: “Ашына сөйлеп, назымды айтамын!”— деген болатын (Әйүп 10:1). Сенім артатын адамға ашылып, көңіліңдегіні ақтарып айтқаның саған да көп пайдасын тигізеді. Бұл саған еңсеңді басқан ауыр жүктен арылуға әрі сол оқиға жайлы қайта-қайта ойланып мазаланбауға көмектеседі.

Сезімдеріңді іште сақтау тым ауыр болар. Неге бұл жайында біреуге айтып, көмек іздемеске?

Мұның растығына көз жеткізген Анэт былай дейді: “Жақын құрбыммен сөйлескенімде, ол менен қауымымдағы ақсақалдарға жолығуымды өтінді. Солай істегенім дұрыс болды. Ақсақалдар менімен бірнеше рет сөйлесіп, дәл маған қажет сөздерді айтты. Олар болған жайтқа менің еш кінәм жоқ екенін, мен еш нәрсеге де кінәлі емес екенімді айтып түсіндірді”.

Натали көрген қорлығы жайлы ата-анасына айтып берді. Ол былай дейді: “Ата-анам маған қолдау көрсетті. Олар мені бұл туралы еш қысылмай айтуға талпындырды. Осының арқасында мұңға батып кетпедім, әрі ішімдегі ашу-ызадан да арыла бастадым”.

Наталидің көңілін орнықтыруға дұғаның да көмегі зор болды. Ол сезімдерімен былай бөлісті: “Құдайға дұға еткенім маған көп көмектесті, әсіресе ішімдегіні бір жанға ақтарып айта алмаған кездері Құдайға тіл қататынмын. Мен онымен емін-еркін сөйлесе аламын. Дұғадан кейін жаным жай тапқанын сезінемін”.

Ертелі-кеш сенің де сауығатын уағың келер (Уағыздаушы 3:3). Бұл үшін жан саулығың мен тән саулығыңа көңіл бөл. Жеткілікті мөлшерде демал. Ал, ең бастысы, жұбаныштың қайнар көзі Ехоба Құдайға арқа сүйе (Қорынттықтарға 2-хат 1:3, 4).

БІРЕУМЕН КЕЗДЕСЕТІН ЖАСТА БОЛСАҢ...

Жігітпен кездесіп жүрген қыз болсаң әрі ол саған қатысты әдепсіз әрекет жасаса, оған “Доғар!” немесе “Тарт қолыңды!” деп нықтап айтудан қымсынба. Жігітің сені тастап кетеді деп қорыққандықтан үндемей қалғаның дұрыс болмас. Осыған бола сенімен айырылысып кетсе, оның саған лайық жігіт болмағанын білесің! Ұмытпа, сен тәнің мен ұстанымдарыңды құрметтейтін нағыз жігітке лайықсың.

НӘПСІЛІК ҚОЛ СҰҒУ ТУРАЛЫ ТЕСТ

“7-нші сыныпта оқып жүргенімде ұлдар артымнан келіп, төстартқышымнан тартып қалатын. Олар өздерімен төсектес болсам, өзімді әлдеқайда жақсы сезінетінімді айтып, мені қорлайтын” (Корэтта).

Ұлдардың осындай әрекетін қалай түсіндірер едің?

  1. А. Ойнап тиісу

  2. Ә. Қырындау

  3. Б. Нәпсілік қол сұғу

“Автобустың ішінде бір бала мені кенеттен құшақтай алып, арсыз нәрселер айта бастады. Мен оның қолын қағып жіберіп, менен аулақ кетуді талап еттім. Сонда ол аң-таң болып, маған есі дұрыс емес адамдай қарап қалды” (Кэндис).

Бұл баланың Кэндиске істеген әрекетін қалай түсіндірер едің?

  1. А. Ойнап тиісу

  2. Ә. Қырындау

  3. Б. Нәпсілік қол сұғу

“Өткен жылы бір бала мені ұнататынын айтып, кездесуге шақырумен болды. Ол қанша бас тартсам да, артымнан қалмай қойды. Кейде ол қолымнан ұстап жібермейтін. Қанша “қой” десем де қоймады. Бір рет аяқ киімімнің бауын еңкейіп байлап жатқанымда, артымнан шапалақпен тартып қалды” (Бэтани).

Бұл баланың әрекетін қалай сипаттар едің?

  1. А. Ойнап тиісу

  2. Ә. Қырындау

  3. Б. Нәпсілік қол сұғу

3 сұрақтың да дұрыс жауабы: Б нұсқасы.

Нәпсілік қол сұғудың қырындау мен ойнап тиісуден қандай айырмашылығы бар?

Нәпсілік қол сұғу тек бір ғана жақтың тарапынан болады. Жәбір көрсетуші бұл әрекетін адамның қарсы болғанына қарамастан жалғастыра береді.

Нәпсілік қол сұғуға жеңіл-желпі қарауға болмайды. Мұның арты зорлаумен бітуі мүмкін.

^ 4-абзац Бұл мақала негізінен қыздарға бағытталғанмен, мұнда баяндалған жайттар мен берілген ақыл-кеңестер ұл балаларға да қатысты.