Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

3-ТАРАУ

Адам ата мен Хауа ана Құдайдың тілін алмады

Адам ата мен Хауа ана Құдайдың тілін алмады

Бір күні Хауа ана жалғыз болғанда, онымен жылан сөйлесті. Ол: “Құдайдың ешқандай ағаштың жемісін жемеңдер дегені рас па?”— деп сұрады. Сонда Хауа ана: “Бізге барлық ағаштардың жемісін жеуге болады, тек бір ағаштың ғана жемісін жеуге тыйым салынған. Одан жесек, өлеміз”,— деп жауап берді. Бұған жылан: “Жоқ, өлмейсіңдер. Қайта, одан жесеңдер, Құдай сияқты боласыңдар”,— деді. Жылан шындықты айтты ма? Жоқ, бұл өтірік еді. Бірақ Хауа ана оған сеніп қалды да, жеміске қараған сайын, оны жегісі келді. Сөйтіп, ол жемісті жеді, Адам атаға да берді. Адам ата Құдайдың тілін алмаса, өлетіндерін білді. Бірақ бәрібір жемісті жеді.

Сол күні кешке Ехоба Адам ата және Хауа анамен сөйлесіп, неге тіл алмағандарын сұрады. Сонда Хауа ана жыланды, ал Адам ата Хауаны кінәлады. Айтқанын тыңдамағандары үшін Ехоба оларды Едем бағынан қуып жіберді. Сосын олар қайтып кіре алмасын деп, бақтың кіреберісіне періштелер және от шашып айналып тұрған семсер қойды.

Ехоба Хауа анаға өтірік айтқан жыланның да жазаға тартылатынын айтты. Бірақ Хауамен сөйлескен жыланның өзі емес болатын. Ехоба жыландарды сөйлей алатындай етіп жаратпаған. Негізінде жылан арқылы сөйлеген жаман періште еді. Осылай ол Хауа ананы алдады. Бұл жаман періштенің аты — Шайтан Ібіліс. Ехоба болашақта оны жойып жібереді. Сонда ол бұдан былай адамдарды алдап, жамандық істете алмайды.

“Ібіліс... әуел бастан кісі өлтіруші болған және шындықтан тайып кетті, өйткені онда шындық жоқ” (Жохан 8:44).