Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

11-ТАРАУ

Ыбырайымның сенімі сыналды

Ыбырайымның сенімі сыналды

Ыбырайым баласы Ысқаққа Ехобаны жақсы көруді, оның барлық уәделеріне сенуді үйретті. Бірақ Ысқақ 25 жасқа келгенде, Ехоба Ыбырайымнан өте қиын бір нәрсені істеуді өтінді. Ол қандай өтініш болды екен?

Ол: “Жалғыз ұлыңды ал да, Мория тауында оны маған арнап құрбандыққа шал”,— деді. Ыбырайым Ехобаның неге бұлай ет дегенін мүлдем түсінбеді. Бірақ бәрібір оның айтқанын тыңдады.

Келесі күні таңертең Ыбырайым Ысқақ пен екі қызметшісін алып, Мория тауына қарай жолға шықты. Үш күннен кейін алыстан тау да көрінді. Сонда Ыбырайым Ысқақ екеуі құрбандық шалып келгенше, қызметшілеріне сол жерде қалыңдар деді. Сосын өзі қолына пышақ алды, ал Ысқаққа отынды арқалатты. Ысқақ әкесінен: “Әке, біз құрбандыққа шалатын мал қайда?”— деп сұрағанда, ол: “Малды Ехобаның өзі береді, балам”,— деп жауап берді.

Екеуі тауға жеткен соң, сол жерде құрбандық орнын тұрғызды. Бұдан кейін Ыбырайым баласының қол-аяғын байлап, құрбандық орнына жатқызды.

Сосын Ыбырайым қолына пышағын алды. Сол кезде Ехобаның періштесі аспаннан оған: “Ыбырайым! Балаға тиіспе! Енді сенің Құдайға сенетініңе көзім жетті. Себебі ұлыңды маған құрбандыққа шалуға дайын болдың”,— деді. Осы кезде Ыбырайым бұтаға мүйізі шырмалып қалған бір қошқарды көрді. Ол Ысқақтың қол-аяғын шеше салып, сол қошқарды құрбандыққа шалды.

Сол күннен бастап Ехоба Ыбырайымды досым деп атады. Неге екенін білесің бе? Өйткені Ыбырайым Ехобаның айтқандарының бәрін істеді. Тіпті Құдайдың өтінішінің себебін түсінбесе де, оны орындады.

Ехоба оған: “Саған батамды беріп, ұрпақтарыңды көбейтемін”,— деп, бұрын берген уәдесін қайталады. Сондай-ақ ол Ыбырайымның отбасы арқылы барлық жақсы адамдарға батасын төгетінін айтты.

“Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, өзінің жалғыз Ұлын құрбан етті. Енді оған сенген әркім жойылмай, мәңгілік өмірге ие бола алады” (Жохан 3:16).