Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

19-ТАРАУ

Алғашқы үш жаза

Алғашқы үш жаза

Құлдықтағы исраилдіктер ауыр жұмысқа салынды. Сонда Ехоба Мұса мен Харонды перғауынға жіберіп: “Халқымды жібер, олар шөл далаға барып маған ғибадат етсін”,— деген хабар айтты. Өркөкірек перғауын бұған: “Ехоба не айтса да, маған бәрібір. Исраилдіктерді жібермеймін”,— деп жауап берді де, исраилдіктерге бұрынғыдан да көп жұмыс істетті. Ехоба мұны жайдан-жай қалдырмады. Оның не істегенін білесің бе? Ол Мысыр еліне он жаза жіберді. Ехоба Мұсаға былай деді: “Перғауын мені тыңдамады. Таңертең ол Ніл өзеніне барады. Сен де сол жерге бар да, халқымды жібермей қойғаны үшін Нілдің суы қанға айналатынын айт”. Мұса Ехобаның тілін алып, перғауынға барды. Сол жерде Харон перғауынның көзінше Нілдің суын таяғымен ұрып қалған еді, су қанға айналды. Өзеннің суы саси бастады, ал ондағы балықтар қырылып қалды. Осылай мысырлықтар Нілден су іше алмайтын болды. Бірақ перғауын бәрібір исраилдіктерді жібергісі келмеді.

Жеті күннен кейін Ехоба Мұсаны тағы да перғауынға жіберіп, мынаны айтқызды: “Халқымды жібермесең, бүкіл Мысыр еліне бақа қаптатамын”. Содан Харон таяғын жоғары көтеріп еді, бүкіл елді бақа қаптады. Адамдардың үйлерінде, төсектерінде, тіпті ыдыс-аяқтарының ішінде бақалар жүрді. Барлық жерді бақа басып кетті! Сол кезде перғауын Мұсадан Ехобаға жалбарынып, жазаны тоқтатуын сұрауды өтінді. Ол жаза тоқтаса, исраилдіктерді жіберемін деп уәде етті. Сонда Ехоба жазаны тоқтатты. Ал мысырлықтар өлі бақаларды төбе-төбе етіп жинай бастады. Бүкіл елді сасық иіс жайлады. Бірақ перғауын халықты тағы да жібермей қойды.

Ехоба Мұсаға: “Харон таяғымен жерді ұрсын, сонда топырақ шіркейге айналады”,— деді. Харон жерді ұрған сәтте айналаны шіркей қаптап кетті. Мұны көргенде, перғауынның кейбір қызметшілері: “Бізді Құдай жазалап жатыр”,— деді. Бірақ перғауын бәрібір исраилдіктерді жібермеді.

“Сол кезде күшім мен құдіретімді көрсетемін, Олар менің есімім Ехоба екенін білетін болады” (Еремия 16:21).