Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

21-ТАРАУ

Оныншы жаза

Оныншы жаза

Мұса перғауынға енді қайтып алдыңызға келмеймін деп уәде етті. Бірақ кетер алдында оған: “Бүгін түн ортасында Мысырдағы тұңғыш туылған ұл балалар өледі. Перғауынның тұңғышынан бастап құлдардың тұңғышына дейін — бәрі өледі”,— деді.

Ехоба исраилдіктерге кешкі астарын ерекше етіп дайындауды тапсырды. Ол былай деді: “Бір жасар қой не ешкіні сойып, қанын есіктеріңнің жақтауларына жағыңдар. Ал етін отқа қақтап, ашымаған нанмен жеңдер. Тамақты аяқкиімдеріңді шешпей, жолға шығуға дайын күйі жеңдер. Осы түні мен сендерді босатамын”. Бұны естіген исраилдіктер қатты қуанды.

Түн ортасында Ехобаның періштесі Мысырдағы әр үйге кірді. Сонда есіктерінің жақтауына қан жағылмаған үйдегі тұңғыш ұл балалар өліп қалды. Бірақ періште есіктерінің жақтауына қан жағылған үйлерге кірмей өтіп кетті. Бай демей, кедей демей — барлық мысырлықтардың бірінші ұл балалары өліп қалды. Ал исраилдіктердің бірде-бір баласы өлмеді.

Тіпті перғауынның да ұлы өлді. Ол бұдан әрі шыдай алмай, Мұса мен Харонға: “Тұрыңдар да, кетіңдер бұл жерден! Барып, Құдайларыңа ғибадат етіңдер. Малдарыңды алыңдар да кетіңдер!”— деді.

Бұл ай толған кез еді. Исраил отбасылары мен рулары жарық ай астында лек-лек болып Мысырдан шықты. Елден 600 000 ер кісі мен көптеген әйел, бала-шаға шықты. Оларға Ехобаға қызмет еткісі келетін көптеген басқа адамдар да ерді. Ақыры исраилдіктер құлдықтан босады!

Сол кезден бастап исраилдіктер Ехобаның өздерін қалай құтқарғанын ұмытпау үшін, жыл сайын осы күні кешкі астарын ерекше дайындайтын болды. Бұл күнді олар Құтқарылу мейрамы деп атады.

“Сен арқылы құдіретімді көрсетіп, бүкіл жер бетіне есімімді жария ету үшін, сені тірі қалдырдым” (Римдіктерге 9:17).