Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

22-ТАРАУ

Қызыл теңізде болған керемет

Қызыл теңізде болған керемет

Перғауын Исраил халқының Мысырдан кетіп қалғанын естігенде, оларды жібергеніне өкініп қалды. Ол сарбаздарына бұйрық беріп: “Соғыс арбаларының бәрін дайындаңдар, арттарынан қуамыз! Оларды жібермейміз”,— деді. Сөйтіп, перғауын мен сарбаздары исраилдіктердің арттарынан қуа жөнелді.

Ал Ехоба күндіз бұлт, ал түнде от арқылы өз халқын Қызыл теңізге бастап әкелді. Сосын оларға сол жерге қос тіккізді.

Осы кезде исраилдіктер арттарынан қуып келе жатқан перғауын мен оның сарбаздарын көрді. Осылайша олар теңіз бен мысыр әскерінің ортасында қалып қойды. Халық Мұсаға: “Өлетін болдық! Бізді Мысырдан алып шықпауың керек еді”,— деді. Бірақ Мұса оларға былай деді: “Қорықпаңдар. Ехоба сендерді қалай құтқаратынын көресіңдер”. Мұса Құдайға қатты сенім артты, солай емес пе?

Ехоба исраилдіктерге қостарын жинауды бұйырды. Сол түні ол бұлтты мысырлықтар мен исраилдіктердің ортасына қойды. Сонда мысырлықтар жақта қараңғы, ал исраилдіктер жақта жарық болып тұрды.

Ехоба Мұсаға теңізге қарай қолыңды соз деді. Сосын түні бойы күшті жел тұрғызды. Желден су екіге бөлініп, екі жақта қабырға сияқты тұрып қалды. Осылай теңіздің түбі құрғап, жол пайда болды. Миллиондаған исраилдік сол жолмен арғы бетке өте бастады.

Исраилдіктердің артынан перғауынның әскері де теңізге кірді. Сол кезде Ехоба оларды әбден састырды. Сарбаздардың арбаларының дөңгелектері түсіп қалды. Сонда олар: “Бұл жерден қашайық! Исраилдіктер үшін Ехоба соғысып жатыр”,— деп айғайлады.

Ехоба Мұсаға: “Қолыңды теңізге қарай соз”,— деді. Ол қолын созғанда, қабырға сияқты тік тұрған су мысыр әскерінің үстіне құлай кетті. Перғауын мен оның әскері су астында қалып, қырылып қалды. Ешкім аман қалмады.

Ал теңіздің арғы жағына өткен халық Құдайды мадақтап: “Ехобаға арнап ән шырқайық, оның даңқы асқақтады. Ол сарбазды атымен қоса теңізге лақтырды”,— деп ән айтып жатты. Ал әйелдер би билеп, даңғыра қақты. Исраилдіктер нағыз бостандыққа жеткендеріне қатты қуанды.

“Сондықтан біз: —Ехоба — менің көмекшім. Мен ештеңеден қорықпаймын. Адам баласы маған не істей алады?”— деп батыл айта аламыз” (Еврейлерге 13:6).