Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

23-ТАРАУ

Исраилдіктер Ехобаға уәде берді

Исраилдіктер Ехобаға уәде берді

Мысырдан шыққан соң, екі айдай уақыттан кейін исраилдіктер Синай тауының етегіне келіп, қос тікті. Сонда Ехоба Мұсаға тауға көтеріл деді. Сол жерде Құдай оған: “Мен исраилдіктерді аман алып қалдым. Олар тілімді алса және заңдарымды орындаса, менің меншікті халқым болады”,— деп айтты. Мұса таудан түсті де, Ехобаның сөздерін исраилдіктерге айтып берді. Халықтың не дегенін білесің бе? Олар: “Ехобаның айтқандарының бәрін орындаймыз”,— деп уәде етті.

Бұдан кейін Мұса тағы да тауға көтерілді. Ехоба оған: “Үш күннің ішінде халықты дайында. Үшінші күні сенімен сөйлесемін. Халыққа ескерт, ешқайсысы Синай тауына шықпасын”,— деді. Мұса төмен түсіп, исраилдіктердің Ехобаны тыңдауға дайын болу керек екендерін айтты.

Үшінші күні халық тауды қара бұлт торлап, найзағай ойнап жатқанын көрді. Олар күн күркірі мен керней даусын да естіді. Сосын Ехоба отқа оранып, Синай тауына түсті. Ал исраилдіктер қорыққандарынан қалтырап кетті. Тау болса түтінге оранып, қатты сілкінді. Керней үні барған сайын күшейе берді. Сосын Ехоба: “Мен Ехобамын. Сендер менен басқа ешбір құдайға табынбауларың керек”,— деді.

Мұса тауға қайта көтерілді, сол жерде Ехоба оған өзіне қалай ғибадат етуді үйрететін және жүріс-тұрысқа қатысты заңдар берді. Ал Мұса бұл заңдарды жазып алып, кейін халыққа оқып берді. Халық болса: “Ехобаның айтқандарының бәрін орындаймыз”,— деп уәде етті. Иә, осылай олар Құдайға сөз берді. Бірақ исраилдіктер сөздерінде тұрды ма?

“Ехоба Құдайыңды бар жүрегіңмен, бүкіл жан-тәніңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!” (Матай 22:37).