Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

27-ТАРАУ

Олар Ехобаға қарсы бүлік шығарды

Олар Ехобаға қарсы бүлік шығарды

Исраилдіктер біраз уақыт шөл далада тұрғаннан кейін Қорах, Датан, Әбирам деген үш кісі және оларға қосылған 250 адам Мұса мен Харонға қарсы шықты. Олар Мұса мен Харонға: “Жетер енді! Неге сен біздің басшы, ал Харон бас діни қызметкер болуы керек? Ехоба тек екеуіңмен ғана емес, бәрімізбен бірге”,— деді. Бірақ бұл Ехобаға ұнамады. Өйткені ол мұны өзіне қарсы айтылған сөздер деп қарастырды!

Мұса Қорах пен оның жақтастарына: “Ертең таңертең шоқсалғыш қалақтарыңа хош иісті зат салып алып, киелі шатырға келіңдер. Сол жерде Ехоба кімді таңдағанын көрсетеді”,— деді.

Келесі күні Қорах пен 250 кісі Мұсамен кездесу үшін киелі шатырға келді. Олар діни қызметкерлер сияқты хош иісті зат түтетті. Сонда Ехоба Мұса мен Харонға: “Қорах пен оның жақтастарынан бөлек тұрыңдар”,— деді.

Қорах киелі шатырға Мұсаның алдына барды. Ал Датан мен Әбирам және олардың отбасылары барудан бас тартты. Ехоба исраилдіктерге Қорах, Датан мен Әбирамның шатырларынан аулақ кетуді бұйырды. Сонда олар бірден аулақ кетті. Ал Әбирам мен Датан бүкіл үй ішімен шатырларының алдына шықты. Сол кезде жер қақ айырылды да, оларды жұтып қойды! Ал киелі шатырда болса, аспаннан от түсіп, Қорах пен оның 250 жақтасын жалмап қойды.

Бұдан кейін Ехоба Мұсаға былай деді: “Әр рудың басшыларының таяқтарын ал да, есімдерін жазып қой. Ал леуі руының таяғына Харонның атын жаз. Таяқтарды киелі шатырға әкеліп қой. Мен өзім таңдаған адамның таяғын гүлдетемін”.

Келесі күні Мұса шатырға қойылған таяқтардың бәрін алып ру басшыларына көрсетті. Харонның таяғы гүлдеп кетіпті, таяқта бадамның піскен жемісі де болды. Осылай Ехоба бас діни қызметкер міндетіне Харонды таңдағанын көрсетті.

“Араларыңда басшылықты қолға алғандарға мойынсұныңдар әрі бағыныңдар” (Еврейлерге 13:17).