Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

28-ТАРАУ

Балағамның есегі сөйледі

Балағамның есегі сөйледі

Исраилдіктердің шөл далада жүргендеріне 40 жылдай болып қалды. Олар көптеген мықты қалаларды жаулап алды. Енді олар Иордан өзенінің шығысындағы Моаб жазықтарына қостарын тікті. Исраилдіктердің Уәде етілген жерге кіретін уақыты келген еді. Сол кезде Моаб патшасы Балақ исраилдіктер жерімді жаулап алады деп қорықты. Сондықтан ол Балағам деген кісіні шақыртып, исраилдіктерді қарғатпақ болды.

Бірақ Ехоба Балағамға: “Исраилдіктерді қарғаушы болма”,— деді. Сол себепті ол Моаб патшасына барудан бас тартты. Бірақ патша оған екінші рет кісі жіберіп, не қаласа соны беруді уәде етті. Балағам сонда да бармай қойды. Сонда Құдай оған: “Баратын болсаң, мен айт деген сөздерді ғана айтатын бол”,— деді.

Содан Балағам есегіне мініп, Моаб еліне жол тартты. Ехобаның исраилдіктерді қарғама дегеніне қарамай, Балағам оларды қарғамақ болды. Бірақ жолда үш рет Ехобаның періштесі пайда болды. Балағам оны көре алмады, ал есегі көрді. Періште бірінші рет көрінгенде, есек жолдан танапқа қарай бұрылып кетпек болды. Екіншісінде ол қабырғаға қарай ығысып, Балағамның аяғы қысылып қалды. Періште үшінші рет көрінгенде, есек жолдың қақ ортасында жерге жата кетті. Үш жағдайда да Балағам есегін таяқпен сабады.

Үшінші рет сабап жатқанда, есекке тіл бітіп, Балағамға: “Ұратындай мен не істедім?”— деді. Балағам болса: “Мені ақымақ адамдай көрсеттің. Семсерім болғанда, сені шауып өлтірер едім”,— деп ашуланды. Есегі оған мынаны айтты: “Қанша жылдан бері маған мініп жүрсің ғой. Бұрын-соңды осылай етіп пе едім?”

Сосын Ехоба Балағамға періштені көрсетті. Періште Балағамға: “Ехоба саған исраилдіктерді қарғама деп ескертті ғой”,— деді. Балағам: “Мен қателік жасадым, енді кері бұрылып, үйіме қайтайын,— деп жауап бергенде, періште мынаны айтты: — Моаб еліне баратын болсаң, мен айт деген сөзді ғана айтатын бол”.

Бұл Балағам үшін сабақ болды ма? Жоқ. Ол бұдан кейін де Исраил халқын қарғамақ болып, үш рет әрекеттенді. Бірақ үш жағдайда да Ехоба оған қарғыс орнына, бата бергізді. Кейінірек исраилдіктер Моабты жаулап алғанда, Балағамды өлтіріп тастады. Ехобаның тілін алғанда, бұлай болмас еді.

“Ашкөздік атаулыдан аулақ болыңдар. Себебі адамның өмірі дүниесінің молдығына байланысты емес” (Лұқа 12:15).