Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

29-ТАРАУ

Ехоба Ешуаны таңдады

Ехоба Ешуаны таңдады

Мұса Исраил халқына көп жыл бойы басшы болып, енді өлетін кезі жақындады. Ехоба оған: “Исраилдіктерді Уәде етілген жерге сен алып кірмейсің, бірақ оны алыстан көруге рұқсат беремін”,— деді. Сонда Мұса Ехобадан халықты басқаратын басқа біреуді таңдауын сұрады. Ехоба оған былай деді: “Ешуаға бар да, басшы етіп соны таңдағанымды айт”.

Мұса халыққа жақында өлетінін және оларды Уәде етілген жерге алып кіру үшін Ехобаның Ешуаны таңдағанын айтты. Сосын Ешуаға: “Қорықпа! Ехоба саған жар болады”,— деді. Содан кейін Мұса Небо тауының төбесіне шықты. Сол жерде Ехоба оған Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпқа уәде еткен жерді көрсетті. Сөйтіп, Мұса 120 жасында қайтыс болды.

Ехоба Ешуаға былай деді: “Иордан өзенінен өтіп, Қанахан жеріне бар. Мұсаға қалай көмектессем, саған да солай көмектесемін. Мен берген Заң кітабын күнде оқы. Еш қорықпа. Батыл бол. Бар да, менің бұйырғандарымды орында”.

Содан Ешуа Иерихон қаласына екі тыңшы жіберді. Келесі оқиғадан сол қалада қандай жағдай орын алғанын көретін боламыз. Ешуа жіберген екі тыңшы қайтып келгенде, Қанахан жеріне кіруге қолайлы уақыт келгенін айтты. Келесі күні Ешуа халыққа шатырларын жинауды бұйырды. Сосын келісім сандығын көтерген діни қызметкерлерді халықтан бұрын Иордан өзеніне жіберді. Өзен арнасынан тасып жатты. Бірақ діни қызметкерлердің аяғы суға тигенде, өзен ағысы тоқтап, арнасы құрғап қалды. Діни қызметкерлер өзеннің ортасына барып тұрды. Бүкіл халық Иорданның арғы бетіне өтіп болғанша, олар сол жерде тұрды. Бұл керемет исраилдіктердің естеріне Ехобаның Қызыл теңізде жасаған кереметін түсірген шығар.

Сонша жылдан кейін исраилдіктер ақырында Уәде етілген жерге қоныс тепті. Олар енді үйлер мен қалалар соғып, егін егіп, жүзімдік отырғызып, бау-бақша өсіре алды. Уәде етілген жерде ішіп-жейтін дәмді тағам өте көп болғандықтан, ол ағы мен балы ағыл-тегіл мол жер деп аталып кетті.

“Ехоба сені әрдайым жетелеп жүреді, тіпті қуаң жердің өзінде қажеттеріңді қамтамасыз етеді” (Ишая 58:11).