Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

31-ТАРАУ

Ешуа және гибеондықтар

Ешуа және гибеондықтар

Иерихонның күйрегенін Қанахандағы басқа халықтар да естіді. Олардың патшалары жиналып, Исраилге қарсы соғысқа шығуды шешті. Бірақ Гибеон қаласының тұрғындары басқа жоспар құрды. Олар үстеріне әбден тозған киім киіп алды да, Ешуаға келіп былай деді: “Біздер алыс елден келдік. Біз Ехоба жайлы және оның Мысыр мен Моаб елінде сіздер үшін не істегенінің бәрін естідік. Біз сіздерге қызмет еткіміз келеді, сондықтан елімізге шабуыл жасамаймыз деп уәде етіңіздерші”.

Ешуа оларға сеніп, шабуыл жасамауға уәде берді. Бірақ үш күннен кейін ол гибеондықтардың алыс елден емес, Қанахан елінен келгенін білді. Сөйтіп, олардан: “Сендер неге өтірік айттыңдар?”— деп сұрады. Гибеондықтар болса: “Біз қорықтық! Құдайларыңыз Ехоба сіздер үшін шайқасып жатқанын білеміз. Өтінеміз, бізді өлтірмеңіздерші”,— деп жауап берді. Ешуа өз уәдесінде тұрып, оларды аман қалдырды.

Содан кейін көп ұзамай Қанахан елінің бес патшасы әскерлерін біріктіріп, гибеондықтармен соғыспақ болды. Сонда Ешуа әскерімен бірге түнімен жүріп, оларды құтқаруға барды. Таңертең екі жақ соғысты. Қанахандықтар жан-жаққа қаша жөнелді. Бірақ қай жаққа қашса да, Ехоба үстерінен үлкен-үлкен бұршақ жауғызды. Бұдан кейін Ешуа Ехобадан аспандағы күнді жылжытпай, бір орында тоқтатып қоюын өтінді. Мұндай жайт бұрын-соңды ешқашан болмаған еді. Онда неге Ешуа осындай өтініш жасады? Өйткені ол Ехобаға сенім артты. Сөйтіп, исраилдіктер Қанахан патшалары мен әскерлерін жеңгенше, күн батпай, аспанда тұрды.

“Сендердің “иә” дегендерің “иә”, ал “жоқ” дегендерің “жоқ” болсын. Бұдан артық айтылғандар Зұлымнан” (Матай 5:37).