Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

32-ТАРАУ

Жаңа басшы және екі батыл әйел

Жаңа басшы және екі батыл әйел

Көп жылдар бойы Ехобаның халқын басқарғаннан кейін, Ешуа 110 жасқа келіп қайтыс болды. Ол тірі кезде исраилдіктер Ехобаға ғибадат ететін. Ал Ешуа өлгеннен кейін, олар қанахандықтар сияқты, пұттарға, яғни жалған құдайларға, табына бастады. Сондықтан Ехоба оларды Қанаханның Ябин деген патшасының қолына берді. Ябин патша исраилдіктерге қысым көрсете бастады. Сонда олар Құдайлары Ехобадан көмек сұрап жалбарынды. Ехоба болса халқына Барақ деген жаңа басшы тағайындап берді. Ол исраилдіктердің қайтадан Ехобаға бет бұруына көмектесу керек еді.

Бір күні Барақты Дебора деген пайғамбар әйел өзіне шақыртады. Ол Ехобадан Бараққа арналған мынадай хабар алған еді: “Қасыңа 10 мың адам алып, Қишон суының маңында Ябиннің әскерімен соғыс. Сол жерде Ябин әскерінің қолбасшысы Сисараны жеңіп шығасың”. Барақ болса Дебораға: “Сіз менімен бірге барсаңыз ғана, барамын”,— дейді. Сонда Дебора былай деп жауап береді: “Жарайды, мен сенімен бірге барамын. Бірақ Сисараны сен өлтірмейсің. Ехобаның айтуынша, оны әйел өлтіреді”.

Содан Дебора Барақтың әскерімен бірге соғысқа дайындалу үшін Табор тауына көтеріледі. Сисара мұны ести сала, соғыс арбалары мен әскерін таудың етегіне жинайды. Дебора Бараққа: “Бүгін Ехоба саған жеңіс сыйлайды”,— дейді. Сосын Барақ пен қасындағы 10 мың адам Сисараның қалың әскерімен соғысу үшін таудан түседі.

Сол кезде Ехоба Қишонның суын тасытып жібереді де, Сисараның соғыс арбалары батпаққа батып қалады. Сисара арбасын тастай сала, қашып кетеді. Ал Барақ пен сарбаздары оның әскерін тас-талқан етеді. Бірақ Сисара аман қалады. Ол Жаел деген әйелдің үйіне барып жасырынады. Жаел оған сүт береді де, жатқызып, үстіне көрпе жабады. Қатты шаршаған Сисара ұйықтап кетеді. Сонда Жаел жаймен оның қасына барып, шатырының бір қазығын самайына қағып жіберіп, өлтіріп тастайды.

Барақ Сисараны іздеп келгенде, Жаел шатырынан шығып, оған: “Кіріңіз, мен сізге іздеп жүрген адамыңызды көрсетемін”,— дейді. Ол кіргенде, Сисараның өліп жатқанын көреді. Исраилдіктерге жеңіс сыйлағаны үшін Барақ пен Дебора Ехобаны мадақтап ән шырқайды. Бұдан кейін Исраилде 40 жыл бойы тыныштық орнады.

“Ізгі хабарды жариялайтын қыз-келіншектер қалың қолды құрайды” (Зәбүр 68:11).