Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

33-ТАРАУ

Рут пен Нағима

Рут пен Нағима

Исраил жерінде аштық болып, исраилдік бір кісі Нағима деген әйелі мен екі ұлын алып, Моаб еліне көшеді. Сол жерде ол қайтыс болады. Ал оның екі ұлы Рут, Орпа деген моабтық әйелдерге үйленеді. Біраз уақыт өте әлгі кісінің ұлдары да қайтыс болады.

Исраилде аштық аяқталғанын естігенде, жесір қалған Нағима еліне қайта оралуды шешеді. Онымен бірге келіндері Рут пен Орпа да жолға шығады. Бірақ жолда Нағима оларға: “Сендер ұлдарыма жақсы әйел, ал маған жақсы келін болдыңдар. Енді екеуің елдерің Моабқа қайтып, тағы да күйеуге шығыңдар”,— дейді. Олар болса: “Біз сізді жақсы көреміз. Сізді тастағымыз келмейді”,— деп кетпей қояды. Бірақ Нағима олардан үйлеріне қайтуды өтініп қоймайды. Сонда Орпа үйіне қайтады, ал Рут бәрібір енесін тастамайды. Нағима оған: “Орпа өзінің халқы мен құдайларына қайтып бара жатыр. Сен де бірге қайт, анаңның үйіне бара ғой”,— дейді. Рут болса оған: “Мен сізді тастамаймын. Сіздің халқыңыз менің халқым, сіздің Құдайыңыз менің Құдайым болады”,— дейді. Сеніңше, Рут осы сөздерді айтқанда Нағима не сезінді?

Нағима мен Рут Исраилге арпа жинау науқаны басталғанда келді. Бір күні Рут Бағоз деген кісінің егістігінде масақ терді. Бағоз Рахабтың баласы еді. Ол моабтық Руттың Нағиманы тастап кетпегенін естіді. Сондықтан Бағоз Рут теріп алсын деп, жұмысшыларына көбірек арпа сабақтарын қалдырып кетуді тапсырды.

Кешке Нағима Руттан: “Бүгін кімнің егістігінде масақ тердің?”— деп сұрады. Ол: “Егістіктің иесі Бағоз деген кісі екен,— дегенде, Нағима оған былай деді: —Бағоз — менің күйеуімнің туысы. Соның егістігінде әйелдермен бірге жүре бер. Ол жерде саған ешкім тиіспейді”.

Осылай Рут Бағоздың егістігінде науқан аяқталғанша масақ терді. Бағоз оның еңбекқор, жақсы әйел екенін байқады. Ол заманда әйелдің күйеуі өліп, артынан ұл баласы қалмаса, оған күйеуінің туысы үйленетін. Сондықтан Бағоз Рутқа үйленді. Кейінірек олардың Ғабит деген баласы болды. Нағиманың дос-жарандары бұған қатты қуанды. Олар: “Алдымен Ехоба саған Рут сияқты жақсы келін сыйлады. Ал енді немере сыйлап отыр. Ехоба мадақтала берсін”,— десті. Көп жылдан кейін Ғабит Дәуіт патшаның атасы болды.

“Туған бауырдан да жақын дос бар” (Нақыл сөздер 18:24).