Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

36-ТАРАУ

Ефтаның уәдесі

Ефтаның уәдесі

Исраилдіктер қайтадан Ехобаға ғибадат етпей, жалған құдайларға табынып кетті. Оларға аммондықтар шабуыл жасап, соғысқанда, табынған жалған құдайлары исраилдіктерге көмектесе алмады. Осылай халық көп жыл бойы қысым көрді. Ақырында олар Ехобаға: “Біз күнә жасадық. Бізді жауларымыздан құтқара көрші”,— деді. Сосын пұттарын жойып, қайтадан Ехобаға ғибадат ете бастады. Ехоба олардың қиналып жатқандарына әрі қарай қарап отыра алмады.

Аммондықтармен соғысу үшін халықты Ефта деген сарбаз бастап баратын болды. Ол Ехобаға: “Осы шайқаста бізге жеңіс сыйласаң, үйге оралғанымда, алдымнан шыққан бірінші адамды саған беремін”,— деп уәде етті. Ехоба оның дұғасын естіп, исраилдіктердің жеңіске жетуіне көмектесті.

Ефта үйіне оралғанда, алдынан бірінші болып жалғыз қызы шықты. Ол би билеп, даңғырада ойнап келе жатты. Ефта енді не істер екен? Берген уәдесі есіне түсіп, ол былай деді: “Әттеген-ай, қызым! Жүрегімді жараладың-ау. Ехобаға берген антым бар еді, оны орындау үшін сені Шилодағы киелі шатырға қызмет етуге жіберуім керек”. Сонда қызы оған: “Әке, Ехобаға берген антыңыз болса, оны орындаңыз. Бірақ сізге бір өтінішім бар: мені құрбыларыммен екі айға тауға жіберіңізші. Сосын киелі шатырға барайын”,— деп жауап берді. Бұдан кейін ол киелі шатырда өмір бойы қызмет етті. Ал құрбылары оны көру үшін жыл сайын Шилоға барып тұрды.

“Кімде-кім әкесін не шешесін менен артық көрсе, сол шәкіртім болуға лайық емес” (Матай 10:37).