Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

38-ТАРАУ

Ехоба Самсонға күш берді

Ехоба Самсонға күш берді

Көптеген исраилдіктер қайтадан пұттарға табына бастады. Сондықтан Ехоба оларды філістірлердің қолына берді. Бірақ Ехобаны жақсы көрген исраилдіктер де болды. Мысалы, Манұх деген кісі. Манұх пен әйелінің баласы жоқ еді. Бірде Ехоба оның әйеліне періштесін жіберді. Періште оған: “Сен ұл бала туасың. Ол Исраилді філістірлерден құтқарады. Балаң Құдайдың назирі болады”,— деді. Назир деген кімдер екенін білесің бе? Ехобаның ерекше қызметшілерін солай атайтын. Оларға шаштарын қиюға болмайтын.

Уақыт өте Манұхтың әйелі ұл туды. Манұх оған Самсон деген ат қойды. Самсон өскенде, Ехоба оған көп күш берді. Ол арыстанды жалаң қолмен-ақ өлтіріп тастай алатын. Бірде Самсон жалғыз өзі 30 філістірді өлтіріп тастады. Філістірлер оны жек көріп, өлтірудің жолын іздеп жүрді. Бір күні Самсон Газа қаласына барып, түнде ұйықтап жатқанда, філістірлер оны таңертең өлтіру үшін қала қақпасын бақылап отырады. Бірақ Самсон түн ортасында тұрады да, қала қақпасын қабырғадан жұлып алады. Сосын оны иығына салып, Хебронның маңындағы таудың төбесіне дейін көтеріп барады!

Кейінірек філістірлер Самсонның жақсы көретін қызы Делилаға келіп былай деді: “Самсонның неге сонша күшті екенін біліп берсең, саған 5500 күміс ақша береміз. Оны ұстап алып, түрмеге қамап қояйық”. Делила ақшаға қызығып, айтқандарына келіседі. Басында Самсон Делилаға неге күші көп екенін айтпайды. Бірақ сұрап қоймаған соң: “Менің шашым ешқашан қиылмаған, өйткені мен Құдайдың назирімін. Шашымды қиып тастаса, күшімнен айырылып қаламын”,— деп құпиясын ашады. Самсонның бұлай істегені дұрыс болмады, солай емес пе?!

Делила бәрін біліп алған соң, філістірлерге айтып береді. Сосын Самсонның басын тізесіне қойып ұйықтатады да, шашын қиып тастайды. Содан кейін: “Самсон, філістірлер келді!”— деп айғайлайды. Самсон ұйқысынан оянса, күшінен айырылып қалған екен. Сонда філістірлер оны ұстап алып, көзін ойып, соқыр қылды да, түрмеге тастады.

Бір күні мыңдаған філістір Дагон деген құдайларының ғибадатханасында жиналады. Олар: “Құдайымыз Самсонды қолымызға берді! Оны осында алып келіңдер! Біраз күлейік”,— десті. Сосын Самсонды екі бағананың арасына тұрғызып қойып, мазақтай бастады. Сонда Самсон: “Уа, Ехоба, маған соңғы рет күш бере көрші”,— деп сұрайды. Бұл кезде оның шашы қайтадан өсіп қалған еді. Ол ғибадатхананың бағаналарын бар күшімен итеріп жібереді. Ғибадатхана қирап, ішіндегі адамдарды да, Самсонды да басып қалады. Осылай олардың бәрі өледі.

“Маған күш-қуат берушінің арқасында бәрін де істей аламын” (Філіпіліктерге 4:13).