Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

39-ТАРАУ

Исраилдің алғашқы патшасы

Исраилдің алғашқы патшасы

Ехоба исраилдіктерге жөн сілтеп отыратын билер берді, бірақ олар патшаларының болғанын қалады. Халық Самуилге: “Айналамыздағы халықтардың бәрінің патшасы бар. Бізге де патша керек”,— деді. Самуилге олардың өтініші дұрыс емес болып көрінді, сондықтан ол Ехобаға дұға етті. Құдай болса оған: “Бұл халық сенен емес, менен бас тартып отыр. Оларға патшалары болатынын, бірақ ол халықтан көп нәрсе талап ететінін айт”,— деп жауап берді. Халық бұны естігенде: “Талап етсе, ете берсін. Бізге патша керек!”— деді.

Сонда Ехоба Самуилге исраилдіктердің бірінші патшасы Саул деген кісі болатынын айтты. Бір күні Саул Рамақ қаласындағы Самуилге барады. Сол жерде Самуил оның басына май құйып, патша етіп тағайындады.

Кейінірек, Самуил патшаларын көрсету үшін бүкіл халықты жинады. Бірақ олар Саулды еш жерден таба алмады. Неге екенін білесің бе? Өйткені ол жүктің арасында жасырынып отырған еді. Жұрт Саулды тауып алған соң, оны ертіп келіп, халықтың ортасына тұрғызды. Оның бойы бәрінен де биік болып шықты, әрі ол өте әдемі болатын. Сонда Самуил: “Көрдіңдер ме, Ехобаның қандай адамды таңдағанын”,— деді. Жұрт болса: “Патша мәңгі жасасын!”— деп айғайлады.

Бастапқыда Саул патша Самуилдің тілін алып, Ехобаға мойынсұнып жүрді. Бірақ кейін өзгеріп кетті. Мысалы, бірде ол өзіне рұқсат етілмегеніне қарамай, құрбандық шалды. Самуил оған мен келгенше күт деп тапсырған еді. Бірақ ол бірден келмеді. Сонда Саул құрбандықты өзі шала салды. Самуил келген соң не дегенін білесің бе? Ол Саулға: “Ехобаға мойынсұнуың керек еді”,— деді. Саул жасаған қателігінен сабақ алды ма?

Біраз уақыт өте Саул амалектіктермен соғысуға барды. Самуил оған жаудың бірде-бір адамын тірі қалдырма деп тапсырған еді. Соған қарамай Саул Агаг деген патшаны аман алып қалды. Сол кезде Ехоба Самуилге: “Саул менен бас тартты, ол менің тілімді алмады”,— деді. Бұған Самуилдің қатты көңілі түсіп, Саулға: “Сен Ехобаға мойынсұнбай кеттің, сондықтан ол басқа біреуді патша етіп таңдайды”,— деп айтты. Сөйтіп, ол бұрылып кеткелі жатқанда, Саул оның шапанынан ұстай алды. Самуилдің шапаны жыртылып, оның уысынан шығып кетті. Сонда Самуил оған: “Ехоба патшалықты уысыңнан тартып алды”,— деді. Ехоба патша етіп өзін жақсы көретін әрі мойынсұнғыш адамды тағайындамақшы еді.

“Мойынсұну құрбандықтан... артық” (Самуилдің 1-жазбасы 15:22).