Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

40-ТАРАУ

Дәуіт пен Ғолият

Дәуіт пен Ғолият

Ехоба Самуил пайғамбарға былай деді: “Есей деген кісінің үйіне бар. Оның ұлдарының бірі Исраилдің келесі патшасы болады”. Самуил Есейдің үйіне барғанда, оның үлкен ұлын көріп: “Патша болатын жігіт осы шығар”,— деп ойлады. Бірақ Ехоба Самуилге патша болатын адам ол емес екенін айтты. Сосын оған: “Мен адамның сырт көрінісіне емес, жүрегіне қараймын”,— деді.

Есей Самуилге тағы алты ұлын көрсетті. Бірақ Самуил: “Ехоба олардың ешқайсысын таңдаған жоқ. Басқа ұлдарың бар ма?”— деп сұрады. Есей: “Тағы Дәуіт деген кенже ұлым бар. Ол далада қой бағып жүр”,— деп жауап берді. Дәуіт келгенде, Ехоба Самуилге былай деді: “Мен таңдаған адам — осы”. Сонда Самуил Дәуіттің басына май құйып, Исраилдің болашақ патшасы етіп тағайындады.

Біраз уақыт өткеннен кейін исраилдіктер мен філістірлер жиналып, соғыспақшы болады. Філістірлердің Ғолият деген өте үлкен сарбазы бар еді. Ол күн сайын исраилдіктерді мазақтап: “Біреу менімен жекпе-жекке шықсын. Егер жеңсе, біз сендерге құл боламыз. Ал мен жеңсем, сендер бізге құл боласыңдар!”— деп айғайлайтын.

Бірде Дәуіт Исраил әскерінде сарбаз болып жүрген ағаларына тамақ әкелді. Ол Ғолияттың айтқандарын естігенде: “Онымен жекпе-жекке мен шығамын”,— деді. Саул патша оған: “Сен әлі баласың ғой,— дегенде, Дәуіт: —Маған Ехоба көмектеседі”,— деп жауап берді.

Саул патша оған өзінің сауыт-сайманын кигізді. Бірақ Дәуіт: “Мен бұл киіммен соғыса алмаймын”,— деп шешіп тастады. Сосын тас ататын сақпанын алып, судың жағасына барды. Сол жерден тегіс бес тас теріп алды да, Ғолиятқа қарай жүрді. Ғолият болса: “Бері кел, балақай! Мен сені ит пен құсқа жем қылайын!”— деп ақырды. Бірақ Дәуіт қорыққан жоқ. Ол да айғайлап былай деді: “Сен маған қарсы семсер, найза алып келе жатырсың. Ал мен Ехобаның атымен келе жатырмын. Сен бізге емес, Құдайға қарсы шықтың. Ол бәріңді біздің аяғымызға жығып береді. Жеңу үшін Ехобаға семсер мен найзаның қажет емес екенін бәрің де көресіңдер!”

Бұдан кейін Дәуіт сақпанына тас салды да, бар күшімен атып кеп жіберді. Ехоба тасты Ғолияттың қақ маңдайына тигізді. Тас оның маңдайына кіріп кетті. Сонда ол жерге құлап түсіп, өліп қалды. Ал філістірлер болса тым-тырақай қашып кетті. Сен де Ехобаға Дәуіт сияқты сенім артасың ба?

“Бұл адамның қолынан келмейді, бірақ Құдай үшін мүмкін емес нәрсе жоқ. Себебі Құдайдың қолынан бәрі келеді” (Марқа 10:27).