Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

42-ТАРАУ

Батыл әрі адал Жонатан

Батыл әрі адал Жонатан

Саул патшаның үлкен ұлы Жонатан ержүрек сарбаз еді. Дәуіт оның қыраннан жүйрік, арыстаннан күшті екенін айтқан. Бірде Жонатан жар басындағы біраз філістір сарбазын көрді. Сонда ол қару-жарағын алып жүретін жігітке: “Ехоба белгі берсе ғана, оларға шабуылдаймыз. Егер філістірлер бізге “жоғары көтеріліңдер” десе, бұл шабуылдау керекпіз деген сөз”,— деді. Сол кезде філістірлер оларға: “Жоғары көтеріліңдер, шайқасайық!”— деп айқайлады. Содан Жонатан мен қасындағы жігіт жарға өрмелеп шықты да, філістірлердің 20 сарбазын өлтіріп тастады.

Жонатан Саулдың тұңғыш ұлы болғандықтан, әкесінен кейін патша болу керек еді. Бірақ ол Исраилдің патшасы етіп Ехоба Дәуітті таңдағанын білді. Сөйтсе де ол қызғанбады. Қайта, екеуі жақын дос болып кетті. Олар бір-бірін қорғап жүруге уәделесті. Жонатан достықтарының белгісі ретінде Дәуітке шапанын, семсерін, садағы мен белдігін сыйлады.

Дәуіт Саулдан қашып жүргенде, Жонатан оған барып: “Батыл әрі берік бол. Ехоба сені патша етіп таңдап алды. Бұны әкем де біледі”,— деп жігерлендірді. Сенің де Жонатан сияқты досың болғанын қалар ма едің?

Жонатан досына көмектесу үшін бірнеше рет өмірін қатерге тікті. Ол әкесі Саулдың Дәуітті өлтіргісі келіп жүргенін білді. Сондықтан оған: “Дәуітті өлтірсеңіз, күнә жасайсыз. Ол еш жамандық жасаған жоқ қой”,— деді. Әкесі ұлының бұл сөздеріне қатты ашуланды.

Бірнеше жылдан кейін Саул мен Жонатан бір соғыста қайтыс болды. Уақыт өте Дәуіт Жонатанның ұлы Мепібошетті іздеп тауып алды. Сөйтіп, оған: “Сенің әкең менің жақын досым еді, сондықтан мен сені өмір бойы қамқорлаймын. Сен менің сарайымда тұрып, менің дастарқанымнан ішіп-жейсің”,— деді. Дәуіт досы Жонатанды ешқашан ұмытқан жоқ.

“Бір-біріңді мен өздеріңді сүйгендей сүйіңдер. Достары үшін жанын қиған адамның сүйіспеншілігінен артық сүйіспеншілік жоқ” (Жохан 15:12, 13).