Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

44-ТАРАУ

Ехобаға арналған ғибадатхана

Ехобаға арналған ғибадатхана

Сүлеймен Исраилдің патшасы болғаннан кейін, Ехоба одан: “Саған не бергенімді қалайсың?”— деп сұрады. Сүлеймен: “Мен жаспын, не істеу керек екенін білмеймін. Сенің халқыңның қамын жасау үшін маған даналық берші”,— деп жауап берді. Сонда Ехоба былай деді: “Даналық сұрағаның үшін, мен сені жер бетіндегі ең дана адам етемін. Саған көп байлық та беремін. Маған мойынсұнатын болсаң, өмірің де ұзақ болады”.

Уақыт өте Сүлеймен ғибадатхана соғуды бастады. Ол құрылысқа ең жақсы алтын, күміс, ағаш пен тастарды пайдаланды. Ғибадатхананы соғуға мыңдаған шебер ер кісілер мен әйелдер қатысты. Жеті жылдан кейін құрылыс аяқталып, ғибадатхана Ехобаға бағышталуға дайын болды. Аулада құрбандық ошағы орнатылып, үстіне мал қойылды. Сүлеймен құрбандық ошағының алдында тізерлеп отырып, былай деп дұға етті: “Уа, Ехоба, сен бұдан да үлкен, бұдан да әдемі ғибадатханаға лайықсың. Сөйтсе де біздің ғибадатымызды қабылдап, дұғаларымызды ести көрші”. Ехобаға ғибадатхана ұнады ма? Ол Сүлейменнің дұғасын естіді ме? Сүлеймен дұға айтып болған соң, аспаннан от түсіп, құрбандық ошағындағы малдарды жалмап қойды. Ехоба ғибадатхананың ұнағанын осылай көрсетті. Бұны көрген исраилдіктер қатты қуанды.

Сүлеймен патша бүкіл Исраил жеріне, тіпті алыс жерлерге өз даналығымен танымал болды. Адамдар қиындықтарын шешу үшін одан көмек сұрап келетін. Бірде Сүлейменді қиын сұрақтарымен сынау үшін тіпті Шеба елінің патшайымы келді. Шеба патшайымы Сүлейменнің қалай жауап бергенін естігенде: “Жұрттың сіз туралы айтқандарына сенбеген едім. Бірақ сіз олардың айтқандарынан әлдеқайда дана екеніңізді көріп тұрмын. Құдайыңыз Ехоба сізге батасын берген екен”,— деді. Исраил халқы тыныш әрі бақытты өмір кешіп жатты. Бірақ бұл ұзаққа бармады.

“Мұнда Сүлейменнен де зор біреу бар” (Матай 12:42).