Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

46-ТАРАУ

Ехоба өзінің шынайы Құдай екенін көрсетті

Ехоба өзінің шынайы Құдай екенін көрсетті

Он рулы Исраил патшалығында көптеген жаман патшалар билік етті. Бірақ Ахаб патша ішіндегі ең жаманы еді. Ол жалған құдай Бағалға табынатын зұлым әйелге үйленді. Оның аты Езабел болатын. Ахаб пен Езабелдің кесірінен бүкіл ел Бағалға табынып кетті. Сондай-ақ олар Ехобаның пайғамбарларын өлтірді. Сонда Ехобаның не істегенін білесің бе? Ол Ахабқа бір хабар айту үшін Ілияс пайғамбарды жіберді.

Ілияс Ахабқа жаман істерің үшін Исраилде енді жаңбыр жаумайды деді. Сөйтіп, үш жылдан аса уақыт бойы ешқандай егін өспей, адамдар аш болды. Кейін Ехоба Ілиясты тағы да Ахабқа жіберді. Сонда патша Ілиясқа: “Бізді пәлеге ұшыратқан — сен! Бәрі сенің кесіріңнен”,— деді. Ілияс оған: “Бұл құрғақшылық менің кесірімнен емес, сен Бағалға табынғандықтан болды. Ендеше, кімнің шынайы Құдай екенін сынап көрейік. Сен халықты және Бағалдың пайғамбарларын Кармил тауына жина”,— деп жауап берді.

Жұрт таудың басына жиналды. Ілияс оларға былай деді: “Таңдаңдар! Егер Ехоба шынайы Құдай болса, соның жағына шығыңдар. Ал егер Бағал болса, соның жағына шығыңдар. Кім шынайы Құдай екенін тексеріп көрейік. Бағалдың 450 пайғамбары мал құрбандығын дайындап, өздерінің құдайын шақырсын. Мен де құрбандығымды дайындап, Ехобаны шақырамын. Қайсысы көктен от жіберіп жауап берсе, шынайы Құдай — сол!” Халық бұған келісті.

Бағалдың пайғамбарлары құрбандықтарын дайындады. Сөйтіп, олар күні бойы: “Уа, Бағал, жауап бере көр!”— деп құдайларын шақырумен болды. Ешқандай жауап болмағандықтан, Ілияс Бағалды мазақтай бастады: “Бар дауыстарыңмен айқайлаңдар. Ол ұйықтап қалған сияқты, біреу оны ояту керек шығар”. Сөйтіп, кеш болды. Ал Бағалдың пайғамбарлары оны әлі шақырып жатты. Бірақ оларынан түк шықпады.

Ілияс болса өзінің малын құрбандық орнына қойды да, оның үстіне шылқытып су құйды. Сосын: “Уа, Ехоба, мына халық сенің шынайы Құдай екеніңді білсін”,— деп дұға етті. Сол кезде Ехобадан от түсіп, бірден Ілиястың құрбандығын жалмап қойды. Халық: “Ехоба — шынайы Құдай!”— деп айқайлай бастады. Ілияс болса: “Бағалдың бірде-бір пайғамбары қашып кетпесін!”— деп бұйырды. Сол күні Бағалдың 450 пайғамбары өлтірілді.

Теңіз жақта алақандай бұлт көрінгенде, Ілияс Ахаб патшаға былай деді: “Қазір дауыл болады. Арбаңды жегіп, үйіңе қайт”. Аспанды қара бұлт қаптап, қатты жел тұрып, жаңбыр құя бастады. Осылай құрғақшылық та бітті. Ахаб патша өзінің арбасын барынша қатты айдады. Ал Ілияс Ехобаның көмегімен арбадан да озып кетті! Ілиястың басына түскен қиындықтар осымен бітті ме? Кел, көрейік.

“Адамдар сенің есімің Ехоба екенін, бүкіл жер бетін билейтін жалғыз Құдай Тағала екеніңді білсін” (Зәбүр 83:18).