Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

47-ТАРАУ

Ехоба Ілиясты нығайтты

Ехоба Ілиясты нығайтты

Езабел патшайым Бағалдың пайғамбарларымен не болғанын естігенде, қатты ашуланып кетті. Сонда ол Ілияс пайғамбарға: “Ертең сен де Бағалдың пайғамбарлары сияқты өлесің”,— деген хабар жіберді. Ілияс қатты қорқып, шөл далаға қашып кетті. Сосын ол: “Ехоба, мен шаршадым. Өліп қалсам ғой”,— деп дұға етті. Сөйтіп, шаршап-шалдыққан Ілияс бір ағаштың астында ұйықтап кетті.

Сосын бір періште оны оятып, ақырын ғана былай деді: “Тұр, тамақтанып ал”. Ілияс оянып қараса, қызып тұрған тастардың үстінде бір күлше нан, қасында бір құмыра су тұр екен. Ол тұрып, ішіп-жеп алды да, қайтадан ұйықтап кетті. Ехобаның періштесі оны тағы да оятып: “Тамақтанып ал. Жол жүру үшін күш жинап алуың керек”,— деді. Ілияс тұрып, тағы да ішіп-жеп алды. Содан ол 40 күн, 40 түн жүріп, Хориб тауына жетті. Ол ұйықтап алу үшін сондағы бір үңгірге кірді. Бірақ Ехоба оған мынадай сұрақ қойды: “Ілияс, мұнда не істеп жүрсің?” Ілияс оған былай деп жауап берді: “Исраил халқы саған берген уәдесінде тұрмады. Олар сенің құрбандық орындарыңды бұзып, пайғамбарларыңды өлтірді. Олар енді мені де өлтірмекші”.

Сонда Ехоба Ілиясқа: “Сыртқа шығып, тауда, менің алдымда тұр”,— деді. Алдымен, қатты жел соқты. Сонан соң, жер сілкінісі, артынан өрт болды. Кейін Ілияс ақырын шыққан жұмсақ дауысты естіді. Сонда ол бетін шапанымен жауып, үңгірден шығып тұрды. Ехоба одан неге қашып жүргенін сұрағанда, Ілияс оған: “Мен жалғыз өзім ғана қалдым”,— деді. Бірақ Ехоба оған мынаны айтты: “Сен жалғыз емессің. Исраилде маған ғибадат ететін әлі 7000 адам бар. Бар да, өзіңнің орныңа Елішені пайғамбар етіп қой”. Ілияс бірден Ехобаның айтқанын істеуге кірісті. Қалай ойлайсың, егер сен Ехобаның айтқанын істесең, ол саған көмектесе ме? Әрине, көмектеседі. Ал енді құрғақшылық заманына қайта оралып, сол кезде болған бір оқиғаны көрейік.

“Еш нәрсені уайымдамаңдар, барлық өтініштеріңді дұға етіп, жалбарынып, ризашылықпен Құдайға білдіріңдер” (Філіпіліктерге 4:6).