Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

48-ТАРАУ

Жесір әйелдің ұлы қайта тірілді

Жесір әйелдің ұлы қайта тірілді

Құрғақшылық кезінде Ехоба Ілиясқа былай деді: “Сарепта қаласына бар. Сол жерде бір жесір әйел саған тамақ береді”. Ілияс қала қақпасына жете бергенде, отын жинап жүрген бір жесір әйелді көрді. Ілияс одан ішетін бір кесе су сұрады. Әйел су әкелуге бара жатқанда, Ілияс артынан: “Нан да ала келші”,— деді. Бірақ әйел оған былай деп жауап берді: “Үйімде сізге беретін бірүзім де нан жоқ. Балам екеумізге ғана жететін біруыс ұн мен азғантай майым бар”. Сонда Ілияс оған: “Егер маған бір күлше нан пісіріп берсең, жаңбыр жауғанша, сенде ұн мен май таусылмайды. Бұл — Ехобаның уәдесі”,— деді.

Сөйтіп, жесір әйел үйіне барып, Ехобаның пайғамбарына нан пісіріп әкелді. Ехоба айтқандай, құрғақшылық кезінде баласы екеуінің дастарқанында әрдайым нан болды. Жесір әйелдің құмырасындағы ұны да, майы да таусылмады.

Кейін бір сұмдық оқиға болды. Жесір әйелдің баласы қатты ауырып, өліп қалды. Ол Ілиястан жалынып көмек сұрады. Ілияс баланы анасының қолынан алды да, жоғарғы қабаттағы бөлмеге апарды. Сосын баланы төсекке жатқызып, былай деп дұға етті: “Уа, Ехоба, мына баланы қайтып тірілте көр”. Ехоба оның тілегін орындаса, бұл бір ғажайып болар еді. Неге екенін білесің бе? Өйткені бұған дейін өлгендердің ешқайсысы қайта тірілген емес. Оның үстіне, жесір әйел мен оның ұлы исраилдік емес еді.

Бірақ бала тіріліп, дем ала бастады! Сонда Ілияс әйелге: “Қарашы, ұлың тірі!”— деді. Қатты қуанған әйел Ілиясқа: “Сіз шынымен де Құдайдың адамы екенсіз. Өйткені сіз Ехоба айт дегенді ғана айтасыз және ол әрқашан орындалады”.

“Қарғаларға қараңдаршы: олар егін екпейді де, орып, қамбаға жинамайды да, әйтсе де көктегі Әкелерің оларды асырайды. Ал сендер құстардан әлдеқайда артық емессіңдер ме?!” (Лұқа 12:24).