Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

51-ТАРАУ

Жауынгер мен кішкентай қыз

Жауынгер мен кішкентай қыз

Сирия жерінде бір кішкентай исраилдік қыз тұрып жатты. Ол үйінен өте алыста еді. Оны сириялық жауынгерлер отбасынан күштеп әкетіп, Нағыман деген қолбасшының әйеліне қызметші етіп қойды. Бұл кішкентай қыздың айналасында ешкім Ехобаға ғибадат етпейтін. Соған қарамастан ол Ехобаға ғибадат ете берді.

Қолбасшы Нағыман сұмдық бір тері ауруына шалдықты. Ауруы күндіз-түні оның мазасын алатын. Кішкентай қыз оған қатты көмектескісі келді. Сондықтан ол Нағыманның әйеліне келіп, былай деді: “Мен күйеуіңізді жаза алатын бір кісіні білемін. Исраилде Ехобаның Еліше деген пайғамбары бар. Ол күйеуіңізді ауруынан айықтыра алады”.

Нағыманның әйелі күйеуіне кішкентай қыздың сөздерін айтып берді. Айығу үшін бәріне дайын болғандықтан, Нағыман Исраилдегі Елішенің үйіне барды. Ол “Еліше мені мәртебелі қонақтай қарсы алады” деп ойлады. Бірақ Еліше оның алдынан өзі шықпай, қызметшісін жіберіп, мынадай хабар айтты: “Иордан өзеніне бар да, жеті рет суға түс. Сонда айығасың”.

Нағыманның қатты көңілі қалды. Ол былай деді: “Бұл пайғамбар өз Құдайын шақырып, қолымен әрі-бері сипап, ауруымнан айықтырып жібере ме десем! Ол маған Исраилдің өзеніне бар дейді. Сириядағы өзендеріміз одан артық емес пе?! Сол жерде-ақ суға түсе салмаймын ба?!” Сөйтіп, ол бұлқан-талқан болып, Елішенің үйінен кетіп қалды.

Нағыманның қызметшілері оған ойын түзеуге көмектесті. Олар оған былай деді: “Сіз жазылу үшін бәрін істеуге дайын емес пе едіңіз? Пайғамбардың істе деп тұрғаны оп-оңай ғой. Неге соны істей салмасқа?” Нағыман олардың айтқандарына көнді. Ол Иордан өзеніне барып, жеті рет суға түсті. Жетінші ретінде Нағыман судан сап-сау болып шықты! Шексіз риза болған ол Елішеге қайтып келіп, рақметін айтты. Ол: “Енді мен Ехобаның шын Құдай екенін білемін”,— деді. Қалай ойлайсың, Нағыман үйіне толықтай айығып келгенде, кішкентай исраилдік қыз өзін қалай сезінді?

“Балалар мен сәбилердің аузымен өзіңді дәріптеттің” (Матай 21:16).