Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

53-ТАРАУ

Еходай батыл әрекет етті

Еходай батыл әрекет етті

Езабел патшайымның Аталия деген қызы бар еді. Ол тура анасы сияқты жауыз болатын. Аталияның күйеуі Яһуда елінің патшасы болған. Ол өмірден өткенде, орнына баласы билік ете бастады. Ал баласы қаза болғанда, патша тағына Аталияның өзі отырып алды. Кейін Аталия патша тұқымынан шыққандарды түгел қырып, өз орнына патша бола алатын адамдардың бәрін өлтіріп тастағысы келді. Ол тіпті өз немерелерін де аяған жоқ. Сол себепті барлығы Аталиядан қорқатын.

Еходай деген бас діни қызметкер мен әйелі Ехошеба Аталияның істеп жүргенін барып тұрған жауыздық деп есептеді. Олар бастарын қатерге тігіп, Аталияның бір немересін ұрлап әкетіп, жасырып қойды. Ол сәбидің аты Жоғас еді. Осылайша Жоғас ғибадатханада өсті.

Жоғас жеті жасқа келгенде, Еходай барлық жүзбасылар мен леуіліктерді жинап, былай деді: “Ғибадатхананы күзетіңдер, ешкімді кіргізбеңдер!” Сосын Еходай Жоғасты патша етіп тағайындап, басына тәж кигізді. Сонда жұрт: “Патша мың жасасын!”— деп жар салды.

Аталия патшайым жұрттың айқайын естігенде, ғибадатханаға асықты. Ол жаңа патшаны көргенде: “Қастандық, қастандық жасалды!”— деп айғай салды. Жүзбасылар зұлым патшайымды ұстап алды да, алып кетіп, өлтіріп тастады. Бірақ оның жасаған жаман істері ше? Оны қалай түземек?

Еходай халыққа Ехобамен келісім жасауға көмектесті. Халық Ехобаға ғана ғибадат етуді уәде етті. Олар Бағалдың ғибадатханасын қиратып, пұттарын тас-талқан етті. Еходай Ехобаның ғибадатханасында қызмет атқару үшін діни қызметкерлер мен леуіліктерді тағайындады. Осының арқасында адамдар қайтадан Ехобаға ғибадат ете бастады. Арамдалған адамдар ғибадатханаға кіріп кетпес үшін, Еходай қақпаларына күзетшілер қойды. Кейін ол жүзбасылармен бірге Жоғасты патша сарайына апарып, таққа отырғызды. Яһуда халқы мәз-мейрам болып, қатты қуанды. Ақыры олар зұлым Аталия мен жалған құдай Бағалдан құтылып, Ехобаға еркін қызмет ете алатын болды. Еходайдың батыл әрекеті көп адамға қалай көмектескенін байқадың ба?

“Тәнді өлтірсе де, жанды өлтіре алмайтындардан қорықпаңдар. Қайта, жанды да, тәнді де жаһаннамда құрта алатын Құдайдан қорқыңдар” (Матай 10:28).