Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

55-ТАРАУ

Ехобаның періштесі Езекияны қорғады

Ехобаның періштесі Езекияны қорғады

Ассирия империясы он рулы Исраил патшалығын басып алды. Ассирияның патшасы Сеннахирим енді екі рулы Яһуда патшалығын да жаулап алғысы келді. Ол Яһуданың қалаларын бірінен кейін бірін басып алып жатты. Оның қатты қалағаны Иерусалим қаласы еді. Бірақ Сеннахирим бұл қаланы Ехобаның өзі қорғап жүргенін білмеді.

Иерусалимге тиіспесін деп Яһуда патшасы Езекия Сеннахиримге өте көп ақша берді. Сеннахирим бұл ақшаны алып алды. Бірақ ол бәрібір өзінің мықты әскерін жіберіп, Иерусалимге шабуылдады. Қаладағы адамдар жақындап келе жатқан ассириялықтарды көріп, қатты қорқып кетті. Сол кезде Езекия халыққа былай деді: “Қорықпаңдар! Ассириялықтар күшті болғанмен, Ехоба бізді олардан да мықты қылады”.

Сеннахирим Иерусалимге рабшақты, яғни өзінің хабаршысын жіберіп, халықты мазақ етті. Рабшақ қаланың сыртында тұрып былай деп айғайлады: “Ехоба сендерге көмектесе алмайды. Езекияның өтірігіне сенбеңдер. Сендерді бізден ешқандай құдай құтқара алмайды!”

Езекия не істеу керектігі туралы Ехобадан сұрады. Ехоба оған былай деп жауап берді: “Рабшақтың айтқан сөздерінен қорықпа. Сеннахирим Иерусалимді жаулап ала алмайды”. Содан кейін Езекия Сеннахирим патшадан хат алды. Онда былай делінді: “Маған беріл. Ехоба сені құтқара алмайды”. Езекия дұға етіп: “Ехоба, бізді құтқаршы. Бәрі сенің жалғыз шынайы Құдай екеніңді білсін”,— деді. Ехоба оған былай деді: “Ассирия патшасы қалаға кірмейді. Мен өз қаламды қорғаймын”.

Сеннахирим Иерусалимді жақын арада жаулап алатынына сенімді еді. Бірақ сол түні-ақ Ехоба қаланы қоршауға алған сарбаздардың қосына бір періштесін жіберді. Сол періште 185 000 әскерді қырып салды! Сөйтіп, Сеннахирим патша ең мықты сарбаздарынан айырылды. Оған жеңілгенін мойындап, үйіне оралуға тура келді. Ехоба өзі уәде еткендей, Езекия патшаны және Иерусалим қаласын қорғады. Егер сен сол кезде Иерусалимде болсаң, Ехобаға сенер ме едің?

“Ехобадан қорқатындарды айналдыра оның періштесі қос тігіп, оларды құтқарады” (Зәбүр 34:7).