Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

57-ТАРАУ

Ехоба Еремияға уағыздауды тапсырды

Ехоба Еремияға уағыздауды тапсырды

Ехоба Еремияны Яһуда халқына пайғамбар етіп қойды. Құдай оған халыққа уағыздауды бұйырды. Еремия халықты жамандық істеуді доғарыңдар деп ескерту керек еді. Бірақ ол: “Ехоба, мен тым жаспын ғой. Халыққа қалай сөйлеу керектігін де білмеймін”,— деді. Сонда Ехоба былай деп жауап берді: “Қорықпа. Не айту керектігін саған өзім айтып отырамын. Мен саған көмектесемін”.

Ехоба Еремияға халық ақсақалдарын жина деді. Сосын олардың алдарында қыш құмыраны сындырып, былай деуді бұйырды: “Иерусалим тура осы құмыра сияқты күл-талқан болады”. Еремия Ехобаның айтқандарын істеді. Бірақ бұнысы ақсақалдарды қатты ашуландырды. Пашхур деген діни қызметкер Еремияны ұрып-соғып, аяқ-қолын ағаш бұғаумен тұсаулап қойды. Түні бойы Еремия мүлдем қозғала алмады. Пашхур оны таңертең бір-ақ босатты. Сонда Еремия: “Мен бұдан әрі шыдай алмаймын. Енді уағыздамаспын”,— деді. Бірақ Еремия осылай беріле салды ма? Жоқ. Ол тағы да біраз ойланып, былай деді: “Ехобаның сөзі жүрегімде жанған оттай. Мен уағыздамай тұра алмаймын”. Сөйтіп, Еремия адамдарды әрі қарай да ескерте берді.

Арада жылдар өтіп, таққа жаңа патша отырды. Діни қызметкерлер мен жалған пайғамбарлар Еремияның айтып жүрген хабарын жақтырмады. Олар әміршілерге келіп: “Бұл кісіні өлтіру керек”,— деді. Бұған Еремия былай деді: “Мені өлтірсеңіздер, кінәсіз адамды өлтіресіздер. Менің айтып жүргенім — өзімнің сөзім емес, Ехобаның сөзі”. Мұны естіген әміршілер: “Бұл адамды өлтіруге болмайды”,— деді.

Еремия уағыздауын доғарған жоқ. Бұл әміршілердің ашуын келтірді. Олар патшадан Еремияны өлтіруге рұқсат сұрады. Патша оларға: “Еремиямен не істесеңдер де, өз еріктерің”,— деп айтты. Сонда әміршілер Еремияны ұстап алды да, өліп қалсын деп балшық болып жатқан терең құдыққа лақтырып жіберді. Құдықта Еремия балшыққа бата бастады.

Кейін Әбдімәлік есімді сарай қызметкері патшаға келіп былай деді: “Әміршілер Еремияны құдыққа лақтырып жіберіпті! Оны шығармасақ, ол өліп қалады”. Сонда патша Әбдімәлікке 30 ер кісіні ертіп, Еремияны құдықтан шығарып алуды бұйырды. Біз де Еремиядан үлгі алайық. Бір нәрсе кедергі жасап жатса да, уағыздауды еш доғармайық!

“Менің атыма бола жұрттың бәрі сендерді жек көретін болады. Бірақ соңына дейін табандылық танытқан адам құтқарылады” (Матай 10:22).