Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

59-ТАРАУ

Ехобаға мойынсұнған төрт бозбала

Ехобаға мойынсұнған төрт бозбала

Навуходоносор патша Яһудадағы патша әулеті мен ақсүйек тұқымынан шыққандарды Бабылға әкетті. Патша оларды сарай қызметкері Ашпеназға тапсырды. Сосын оған солардың арасынан денсаулығы жақсы, ақылды бозбалаларды таңдап ал деп бұйырды. Таңдалған бозбалаларға үш жыл бойы тәлім берілмек еді. Бұл тәлім оларды Бабылда беделді қызмет атқаруға дайындайтын. Олар бабылдықтар сөйлейтін аккад тілінде оқып-жазуды, сөйлеуді үйрену керек еді. Сондай-ақ оларға патша мен сарай қызметкерлері жейтін тағам берілді. Таңдалған бозбалалардың ішінде Даниял, Хананиях, Мишаел мен Азариях деген төрт бозбала болды. Ашпеназ оларға бабылдықтардың атын беріп, Балташазар, Шадырақ, Мисақ, Әбдінего деп атады. Олар тәлім алып жүргенде, Ехобаға қызмет етуін тоқтатты ма?

Бұл төрт бозбала еш нәрсеге қарамастан Ехобаға мойынсұна берді. Олар патшаның тамағын жеуге болмайтынын жақсы білді. Өйткені оның ішінде Ехобаның Заңы жеуге тыйым салған арам тағамдар бар еді. Олар Ашпеназға былай деді: “Бізге патша тамағын жемей-ақ қоюға рұқсат етіңізші”. Бірақ Ашпеназ оларға: “Тамақ ішпей, жүдеп кеткендеріңді көрсе, патша мені өлтіреді!”— деді.

Сонда Даниялға бір ой келді. Ол қараушыға былай деді: “Бізге он күн бойы тек көкөніс пен су беріңіз. Он күннен кейін бізді патша тағамын жеп жүрген басқа бозбалалармен салыстырып көресіз”. Қараушы Даниялдың ұсынысымен келісті.

Он күн өткеннен кейін Даниял мен оның үш досы басқаларға қарағанда толықтау екені байқалды. Олардың тілалғыш болғандары үшін Ехоба қатты қуанды. Ол тіпті Даниялға аяндар мен түстердің мағынасын түсінетін қабілет берді.

Үш жылдан кейін Ашпеназ жас жігіттердің барлығын Навуходоносор патшаның алдына әкелді. Патша олармен сөйлескенде, іштерінде Даниял, Хананиях, Мишаел мен Азарияхтың бәрінен де ақылды әрі алғыр екенін көрді. Ол осы төртеуін таңдап, өзінің сарайында қызметкер етіп қойды. Патша маңызды мәселелерде жиі олардан ақыл сұрап тұрды. Ехоба оларды патшаның кеңесшілері мен сиқыршыларынан да ақылды етті.

Даниял, Хананиях, Мишаел мен Азариях басқа елде жүрсе де, өздерінің Ехобаның халқына жататынын ұмытқан жоқ. Ал сен ше? Ата-анаң қасыңда болмаған кезде де, Ехобаны есіңде ұстайсың ба?

“Ешкімнің өзіңді жассынып, менсінбей жүруіне жол берме. Қайта, адал болып жүргендерге сөзіңмен, жүріс-тұрысыңмен, сүйіспеншілігіңмен, сеніміңмен және пәк тазалығыңмен үлгі көрсет” (Тімөтеге 1-хат 4:12).