Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

61-ТАРАУ

Олар мүсінге табынбады

Олар мүсінге табынбады

Навуходоносор патша мүсін туралы түс көргеннен кейін көп ұзамай алтыннан бір үлкен мүсін жасатты. Патша мүсінді Дур деген жазық жерге қойып, елдегі барлық беделді адамдарды сол мүсіннің алдына жинады. Олардың арасында Шадырақ, Мисақ, Әбдінего да болды. Патша былай деп бұйырды: “Керней, арфа, желбуаз сияқты аспаптардың үнін естігенде, мүсінге табыныңдар! Ал кімде-кім жерге жығылып, табынбаса, жанып тұрған пешке тасталады”. Үш еврей жігіті не істейді екен: мүсінге табына ма, әлде Ехобаға ғана ғибадат ете ме?

Содан Навуходоносор патша аспаптарда ойнауды бұйырды. Сол кезде бәрі жерге жығылып, мүсінге табынды. Тек Шадырақ, Мисақ, Әбдінего ғана табынбады. Бұны байқап қалған кейбір адамдар патшаға барып: “Анау үш еврей жігіті мүсінге табынбай жатыр”,— деді. Патша оларды шақыртып, былай деді: “Сендерге тағы бір мүмкіндік беремін, мүсінге табыныңдар. Әйтпесе жанып тұрған пешке тастаймын. Ешқандай құдай сендерді менің қолымнан құтқара алмайды”. Сонда әлгі жігіттер былай деп жауап берді: “Бізге мүмкіндік бермей-ақ қойыңыз. Құдайымыз бізді құтқара алады. Тіпті құтқармаса да, уа, патша, біз мүсінге табынбаймыз”.

Сонда Навуходоносор ашуға булығып, қызметшілеріне: “Пешті әдеттегіден жеті есе қатты жағыңдар!”— деді. Ал жауынгерлеріне: “Мыналарды байлап, пешке лақтырыңдар!”— деп бұйырды. Пештің қатты ысығаны сонша — оған жақындаған жауынгерлер бірден өліп кетті. Үш еврей жігіті болса пештің ішіне құлап түсті. Патша пештің ішіне қарағанда, онда үш адам емес, төрт адам жүргенін байқады. Қатты қорқып кеткен ол бас қызметкерлеріне былай деді: “Біз пешке үш адам тастаған жоқ па едік? Мен төрт адамды көріп тұрмын. Біреуі періштеге ұқсайды екен!”

Навуходоносор пештің аузына келіп: “Ей, Ұлы Құдайдың қызметшілері, бері шығыңдар!”— деді. Шадырақ, Мисақ, Әбдінегоның оттан аман-есен шыққанын көргенде, бәрі аң-таң болды. Олардың терілері, шаштары мен киімдері еш күймеген, тіпті үстерінен түтіннің иісі де шықпады.

Навуходоносор патша былай деді: “Шадырақ, Мисақ, Әбдінегоның Құдайы — ұлы Құдай. Ол өзінің періштесін жіберіп, оларды құтқарып қалды. Олардың Құдайына тең келетін құдай жоқ”.

Осы үш еврей жігіті сияқты, сен де қандай жағдай болмасын, Ехобаға адал болып қалғың келе ме?

“Ехоба Құдайыңа ғибадат етіп, тек соған ғана қызмет ет” (Матай 4:10).