Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

62-ТАРАУ

Зәулім ағашқа ұқсаған патшалық

Зәулім ағашқа ұқсаған патшалық

Бір күні түнде Навуходоносор патша қорқынышты түс көрді. Ол өзінің данышпан адамдарын шақыртып, түсінің мағынасын сұрады. Бірақ олардың ешқайсысы айта алмады. Сонда патша Даниялды шақыртты.

Навуходоносор Даниялға былай деді: “Түсімде бір ағаш көрдім. Оның ұзын болғаны сонша — аспанға дейін жетті. Ол жердің түкпір-түкпіріне көрініп тұрды. Оның жапырақтары әдемі, жемістері көп еді. Жануарлар оның көлеңкесін паналап, құстар бұтақтарына ұя салды. Бір кезде көктен бір періште түсті. Ол былай деді: “Ағашты шауып, бұтақтарын кесіп тастаңдар. Бірақ түбірі мен тамырына тимеңдер, оған темір мен мыс бұғау салыңдар. Ағаштың адами жүрегінің орнына аңның жүрегі берілсін, сөйтіп, жеті кезең өтсін. Сонда барлық адам Құдайдың жалғыз Билеуші екенін және ол патшалықты кімге бергісі келсе, соған беретінін білетін болады”.

Ехоба бұл түстің нені білдіретінін Даниялға ашты. Даниял түстің мәнін ұққан кезде, шошып кетті. Ол патшаға былай деді: “Уа, патша, бұл түстің жауларыңызға қатысты болғанын қалар едім. Бірақ ол сіз туралы. Шабылып тасталған зәулім ағаш — өзіңізсіз. Сіз патшалығыңыздан айырыласыз, сосын даладағы жабайы аңдар сияқты шөп жейтін боласыз. Бірақ періште түбірі мен тамырын қалдырыңдар дегендіктен, сіз кейін қайтадан патша боласыз”.

Бір жыл өткен соң, Навуходоносор патша сарайының төбесінде серуендеп жүрді. Ол Бабылға мақтанышпен қарап: “Өзім соққан мына қала неткен ұлы еді! Маған тең келер кім бар?”— деді. Патша осы сөздерді айтып тұрғанда, көктен былай деген бір дауыс естілді: “Навуходоносор! Енді сен патшалығыңнан айырыласың”.

Сол сәтте-ақ Навуходоносор есінен адасып, жабайы аң сияқты болып кетті. Ол өзінің сарайын тастап, дала аңдарымен бірге өмір сүрді. Оның шашы бүркіттің қауырсынындай, ал тырнақтары құстың тырнағындай болып өсіп кетті.

Жеті жыл өткеннен кейін Навуходоносордың ақыл-есі орнына келді. Ехоба оны қайтадан Бабыл патшасы етіп қойды. Сонда Навуходоносор былай деді: “Мен көктің Патшасы Ехобаны мадақтаймын. Енді мен Ехобаның Билеуші екенін білемін. Ол өркөкірек адамдарды кішіпейіл етеді және патшалықты кімге бергісі келсе, соған береді”.

“Көкіректік — күйреудің басы, Тәкаппарлық — сүрінудің алды” (Нақыл сөздер 16:18).